Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Атышулы «Қалаулым» жобасының екінші маусымы басталады

Атышулы «Қалаулым» жобасының екінші маусымы басталады

Өткен жылы қазақстандық телекеңістікте үлкен жаңалық жасап, резонанс туғызған «Қалаулым» жобасының екінші маусымы санаулы күндерден кейін телекөрерменге жол тартады. «Қалаулым» жобасы – өмірлік серігін жолықтыруды армандап, отау құрғысы келетін жандар үшін тамаша мүмкіндік.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына сілтеп, Stan.kzақпараттық агенттігі хабарлайды.
Мұнда өз махаббатын іздейтін, өмірлік серігін жолықтырғысы келетін адамдар кездеседі. Екінші маусымның басты ерекшелігі – егер бірінші маусымда бағдарламаға қатысушы ретінде 18 жастан жоғары адамдар келсе, екінші маусымда 25 жастан жоғары, отбасын құруға моральдық тұрғыдан дайын азаматтар іріктеліп алынды.
Жаңа маусым жөнінде жоба редакторы Шах-Керім Кәрменов студияның, бағдарламаны жүргізу тәртібінің жаңартылатыны туралы айтып өтті.
«Жаңа маусымда кастинг өткізу барысында 25 жастан асқан азаматтарды іріктеп алуға тырыстық. Студия, бағдарламаны жүргізу тәртібі жаңарады. Қатысушылар мен үміткерлердің танысу процесі өзгереді. Біз кездесулер жайлы кадр сыртынан тыс түсірілімдер жасап, қатысушыларды студиядан тыс та түсіретін боламыз. Кастинг жүргізу барысында бірінші кезекте адамға мұның қаншалықты маңызды екенін, отбасын құруға қаншалықты ниетті екенін анықтауға тырыстық. Себебі шоудың рейтингісі жоғары болуына байланысты қатысушылардың көпшілігі көптің назарына түсіп, таныла бастады. Осы тұста келушілер шатасып, танымалдылық үшін келуі мүмкін. Кастинг өте күрделі түрде өтті. Келушілермен сағаттап әңгімелесеміз, оның жан-дүниесін танып, қандай мақсатты көздеп келгенін, басынан қандай жайттар өткенін анықтап білуге тырысамыз», – деді.
Естеріңізге салсақ, өмірлік серігін тауып, отбасын құрғысы келетін жандарға арналған бағдарламаның бірінші маусымы барысында бірнеше жұп отбасын құрып үлгерді.
Атап айтсақ, 2017 жылдың қараша айында 67 жастағы Сейсенбек ақсақал мен 50 жастағы Ләззат ханым қалған өмірлерін бірге өткізуге шешім қабылдап, тойлары тікелей эфирде өтті. Ал Бекболат мырза мен Эльмира ханым тойларын 2018 жылдың ақпан айында атап өтіп, отбасылық өмірлерін бастап кетті. Сонымен қатар бірінші маусым аясында жоба қатысушысы Әлібек Камила есімді үміткер қызға сөз салып, қолына жүзік тағып, құда түсіп, құлағына сырға салды. Ал көрермендердің ыстық ықыласына бөленген жұп – Еркебұлан мен Жанерке өз өмірлерін мәңгіге байланыстыруға шешім қабылдады.
Stan.kz
16 тамыз 2018 ж. 2 272 0