Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасын құру – жауапты қадам

Отбасын құру – жауапты қадам

«Отан – отбасынан басталады» демекші, отбасын құрып, шаңырақ көтеру – әр адам үшін жауапты әрі маңызды қадамның бірі. Әр отбасы өз алдына жеке шағын мемлекет. Отбасын құру үшін ең алдымен әйелге де, ер азаматқа да үлкен жауапкершілік қажет. Себебі ер адам білдей бір отбасының асыраушысы, тірегі болса, әйел сол отбасының түтінін түтететін шаңырағының берекесі. Елімізде биылғы жылдың басынан бері 40 мың жаңа отбасы құрылған. Неке саны бойынша Алматы, Астана және Шымкент қаласы көш бастап тұр. Өкінішке орай, ажырасу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Жыл басынан бері 8,8 мың отбасы ажырасып үлгерген. Ең алаңдататыны Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде екінші орын алады.

Қоғам арасында ажырасудың басты себебінің бірі – жастардың дайындықсыз отбасын құрып, үлкен өмірге қадам басуы. Бұдан бөлек ажырасудың негізгі бірнеше себептері бар: ер немесе әйелдің ішімдікке салынуы, күйеуі не әйелі жұмыссыз, жұбайлардың өмірге деген көзқарастары сәйкес келмеуі, материалдық қиындықтар, балалы бола алмау, тағысын тағы. Соңғы уақытта қазақ отбасында ажырасу үйреншікті жағдайға айналып келе жатқандай. Заман қарыштап дамып, өзгерген сайын адамдардың, жалпы қоғамның көзқарасы мен құндылықтарға деген қарым-қатынасы өзгереді. Бұл – бұлтартпас шындық, факт. Себебі заманға сай адам психологиясы өзгереді, бір қалыпта тұрмайтыны анық. Адамның қарым-қатынасқа деген көзқарасы өзгереді. Ал біздің менталитетімізге отбасы құндылықтарын бірінші орынға қою, отбасы ұйытқысын сақтау сынды нәрселер сіңіп, ата-баба дәстүрі мен салты бойынша «ажырасу» ұғымы – «табуға» айналған. Осыдан біраз жыл бұрын ажырасуға бару – үлкен күнә, қылмыс я болмаса ерсі қылық ретінде қабылданды. Гендерлік құқық заңнамасы қабылданған соң, әйелдер құқығы қоғам­да айқын көрініс таба бастағаннан кейін ажырасу фактісі де көптеп тіркеле бастаған. Оның бас­ты себебі – әйелдердің өз-өздерін қамтамасыз ете алатындай дәрежеге жетуі.

Қазіргі таңда отбасын құруға ұлттық немесе қандай да бір басқа әлеуметтік тосқауыл жоқ. Болашақ отбасын құруда ерлі-зайыптылардың жас ерекшелік дайындығы ғана емес, олардың психологиялық даярлығы да маңызды рөл атқара­ды.

Жаңа отбасын құрып, енді ғана отбасылық өмірге қадам басқан жас отбасылардың арасында түсініспеушіліктер болатыны анық. Менің ойымша, ол қалыпты жағдай. Ондай жағдайда екі жақтан да ашуға берілмей, «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» дегендей барынша сабыр сақтап, ақылмен шешу керек деп ойлаймын. Отбасын сақтау үшін ер мен әйелдің жанұядағы өзінің рөлін, жауапкершілігін білуі қажет. Бұл туралы Алла Елшісінің (с.а.с.) тағы бір хадисінде: «Жұбайларыңның сендердің алдарыңда белгілі міндеттері болғаны секілді, сендердің де олардың алдында атқарар міндеттеріңнің бар екенін ұмытпаңдар. Олардың міндеті – жарына адал болу және сендер қаламаған адамды босағадан аттатпауы. Ал сендердің міндеттерің – оларды киім-кешек және ас-ауқатпен қамтамасыз ету». Дінімізде осылай ер мен әйел арасындағы өз міндеттерін, бір-біріне деген қандай жауапкершілік бар екенін түсіндіріп өткен.

Жалпы отбасын сақтап қалам деген ер мен әйелдің арасында жақсы бір тартылыс күші болуы керек деп ойлаймын. Себебі, екеуінің арасында күшті бір сезім де, тартылыс та болмаса ол отбасы ұзаққа бармайды. Сол үшін де неке қиып, отбасылы болар алдын «Жеті рет өлшеп, бір рет кесетіндей» ақылмен шешу керек. «Бұл кісі шынымен менің адамым ба?», «Не себепті дәл осы кісі?», «Мен бақытты етіп, бақытты бола аламын ба?» деген сияқты сауалдарды өз-өзімізге қоя білу керек деп санаймын. Сол кезде ғана ер адам болсын, әйел адам болсын ойланып барып шешім қабылдайды. Негізі отбасын сақтап қалу үшін дінімізді жіті зерттеп, салт-дәстүрді оқып қарасақ өте көп құнды мәліметке қанық болатынымыз сөзсіз. Бірақ бақытты отбасылық өмірді шеттен келіп, біреу жасап бермейді. Өмірде сан соғып қалмау үшін отбасын құру үлкен жауапкершілік екенін түсіну керек.

А.Қайратқызы
25 маусым 2024 ж. 201 0