Заң керуені – Сырдарияда
«Руханият орталығында» Қызылорда облысы прокуратурасының бастамасымен «Заң мен тәртіп» заң керуені акциясы аясында жергілікті халықпен кездесу өткізілді. Аталған іс-шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, облыстық және аудандық прокуратураның мамандары, дербес бөлім және мекеме басшылары, жергілікті тұрғындар қатысты.Жиынды ашқан аудан басшысы Берік Сәрменбаев заң мен тәртіп аясында атқарылатын негізгі жұмыстардың басым бағыттарына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Заң мен тәртіп идеологиясын қоғамда терең орнықтыруымыз қажет. Бұл – Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты» деп атап көрсеткен болатын. Президентіміздің бұл тұжырымдамасы қоғамда заң үстемдігін қалыптастыруға, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және халық пен билік арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған маңызды бастама екені анық. Осыған орай, бүгін ұйымдастырылып отырған іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарға нақты жауап беру, құқықтық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу және жергілікті деңгейдегі түйткілді мәселелерді шешуге ықпал ету болып табылады. Бүгінде халықты толғандыратын жер, тұрғын үй, әлеуметтік көмек, еңбек қатынастары, кәсіпкерлік, алимент өндіру, заң талаптарын түсіндіру секілді көптеген мәселелер бар. Осындай маңызды сұрақтарға дер кезінде құқықтық кеңес беру – мемлекеттік органдардың басты міндеттерінің бірі. Азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, олардың заң аясында өз құқықтары мен міндеттерін білуіне жағдай жасау – қоғам тұрақтылығының кепілі. Сондықтан мұндай кездесулер халық пен мемлекеттік мекемелер арасындағы ашық диалог алаңына айналып, тұрғындардың талап-тілегін тыңдауға үлкен мүмкіндік береді. Біз әрбір тұрғынның мәселесі назардан тыс қалмайтынын және заң аясында тиісті көмектер көрсетілетінін атап өткіміз келеді. Әділетті қоғам құру жолында заңға құрметпен қарау, құқықтық тәртіпті сақтау – баршамызға ортақ міндет, – деді аудан басшысы.
Әрине, халықтың билікке деген сенімін арттыруға, мәселелерді жедел шешуге, тұрғындардың негізсіз сергелдеңге түсуін және өтініштердің созбалаңға салынуын болдырмауға, қағазбастылықты азайтуға бағытталған мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Кездесу барысында жергілікті тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдап, тұщымды жауап ала алды.
Ашық диалог алаына айналған жиында Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров қоғам өміріндегі өзекті мәселелердің бірнешеуіне тоқталды. Сондай-ақ жергілікті халықты толғандырған мәселелерге қатысты көптеген сауалдың жауабын тарқатты.
– Бүгін Сырдария ауданында бастау алған «Заң мен тәртіп» заң керуені акциясының негізгі мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтардың заң аясындағы құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, заң мен тәртіп қағидаты – Әділетті Қазақстанды құрудың басты негіздерінің бірі.
Сондықтан құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамда заң үстемдігін нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл акция Сырдария ауданынан бастау алып, алдағы уақытта облыстың барлық аудандарында жалғасатын болады. Заң керуені барысында тұрғындармен ашық кездесулер өткізіліп, құқықтық көмек көрсетіліп, өзекті мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда қоғамда алаяқтық фактілері, интернет арқылы жасалатын қылмыстар, мал ұрлығы, тұрмыстық құқық бұзушылықтар мен өзге де заңсыз әрекеттер жиі кездесуде. Әсіресе, алаяқтардың түрлі айла-тәсілдер арқылы азаматтардың сеніміне кіріп, қаржылық шығынға ұшыратуы алаңдатарлық жағдай болып отыр. Сондықтан тұрғындарды сақ болуға, бейтаныс адамдарға сенбеуге, жеке деректерін қорғауға шақырамыз. Мал ұрлығы мәселесі де құқық қорғау органдарының тұрақты бақылауында. Бұл бағытта профилактикалық жұмыстар күшейтіліп, құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Заң талаптарын қатаң сақтау және құқық қорғау органдарымен бірлесе әрекет ету арқылы ғана мұндай келеңсіздіктердің алдын ала аламыз. Біздің басты мақсатымыз – тек құқық бұзушылық орын алғаннан кейін әрекет ету емес, оның алдын алу. Сондықтан әрбір азамат қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікке бейжай қарамай, заң талаптарын сақтауға атсалысуы қажет. Баршаңызды заңға құрметпен қарап, қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырамын. Бірлесе әрекет еткенде ғана қауіпсіз әрі әділетті қоғам қалыптастыра аламыз, – деді Ризабек Кәрімұлы.
Жиында «Заң мен тәртіп» заң керуені акциясы шеңберіндегі халықпен кездесуде мемлекеттік қызмет саласының ардагері Марат Омаров күн тәртібінде көтерілген бірқатар мәселеге байланысты пікір білдірді. Бұдан бөлек, Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров тұрғындарды жеке қабылдап, өтініш-тілектерін тыңдады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










