Заң талаптарын қатаң сақтау – жауапкершілік
Қызылорда облысы бойынша Тексеру комиссиясының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік аудитпен анықталған бұзушылықтардың алдын алу, бюджет қаражатын басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыру» тақырыбында ауқымды конференция өтті. Аталған жиынға аудан көлеміндегі мемлекеттік мекемелердің басшылары мен қаржы саласына жауапты мамандар қатысты.Конференцияны аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Е.Ахетов ашып, жүргізіп отырды. Жиын барысында мемлекеттік аудит жүйесінің маңыздылығы, бюджет қаражатын тиімді әрі заңды пайдалану тетіктері, сондай-ақ қаржылық тәртіпті нығайту бағытындағы жұмыстар кеңінен талқыланды.
Конференция барысында Қызылорда облысы бойынша Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудит бөлімінің жетекшісі Б.Ниеталиев баяндама жасап, мемлекеттік аудит жүргізу кезінде жиі анықталатын кемшіліктер мен заңбұзушылықтарға тоқталды. Ол өз сөзінде бюджет қаражатын жоспарлау мен игеру барысында құжаттардың дұрыс рәсімделмеуі, қаржылық есептіліктегі сәйкессіздіктер, мемлекеттік сатып алу рәсімдеріндегі қателіктер секілді мәселелер жиі кездесетінін атап өтті.
– Бүгінде мемлекеттік аудит жүйесі – бюджет қаражатының тиімді игерілуін қамтамасыз ететін маңызды бақылау құралдарының бірі саналады. Бұл жүйе тек қаржылық заңбұзушылықтарды анықтап қана қоймай, олардың алдын алу іс-шараларын күшейтуге, мемлекеттік мекемелердегі жауапкершілікті арттыруға және қаржылық тәртіпті нығайтуға бағытталған. Осы орайда ұйымдастырылған конференция мемлекеттік мекемелер арасындағы өзара тәжірибе алмасуға және саладағы түйткілді мәселелерді ортақ талқылауға мүмкіндік берді. Сала мамандары күнделікті жұмыс барысында конференцияда көрсетілген олқылықтарды ескергені абзал, – деген Б.Ниеталиев мұндай кемшіліктердің алдын алу үшін мекеме басшылары мен қаржы қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейту қажеттігін айтып, қаржылық сауаттылықты арттырудың маңыздылығына тоқталды.Мемлекеттік аудиттің басты мақсаты – тексеру жүргізіп, кемшіліктерді анықтау ғана емес, ең алдымен заңбұзушылықтардың алдын алу және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына ықпал ету екені мәлім. Жиында облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының бас маманы М.Құрақбаев та баяндама жасап, мемлекеттік сатып алу саласында орын алатын негізгі қателіктерге тоқталды. Ол мемлекеттік сатып алу рәсімдерін ұйымдастыру кезінде заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін айтып, конкурс құжаттарын әзірлеу, келісімшарттарды рәсімдеу және жеткізушілермен жұмыс істеу барысында туындайтын мәселелер жөнінде жан-жақты түсіндірме берді.
Өз кезегінде мамандар қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап беріп, тәжірибеде кездесетін мәселелер бойынша құқықтық және әдістемелік кеңестер ұсынды. Бұл өз кезегінде мекеме қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға және алдағы уақытта заңбұзушылықтардың алдын алуға септігін тигізетін маңызды алаңға айналды.
Кездесу қорытындысында қатысушылар қаржылық бақылау саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, бюджет қаражатын тиімді пайдалану бағытында өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру, ашықтық пен есептілікті арттыру мәселесі кеңінен қозғалды. Аталған конференция мемлекеттік мекемелердегі қаржылық тәртіпті нығайтуға, бюджет қаражатын тиімді басқаруға және мемлекеттік аудит саласындағы өзара іс-қимылды жетілдіруге бағытталған маңызды басқосу болды. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасып, мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға оң ықпал етпек.
А.ӨТЕПБЕРГЕНОВА











