Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бюджет қаражатын басқарудың тетігі көп

Бюджет қаражатын басқарудың тетігі көп

«Руханият орталығында» Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының ұйымдастыруымен «Бюджет қаражатын басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыру» тақырыбында семинар өтті. Жиынға Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Нұрғали Қордабай, бөлім басшысы Әлсейіт Иманкұлов, аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, ішкі мемлекеттік аудит департаментінің маманы Әмірхан Ұзақбаев, мемлекеттік сатып алу басқармасының бас маманы Еркебұлан Баков, аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Зағира Рахымшаева, ауыл әкімдері, сала мамандары қатысты.

Семинарды ашқан аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігіне тоқталып, семинардың сала мамандарына берері көп екендігін тілге тиек етті.

– Жыл сайын Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы тарапынан сала мамандарына жан-жақты бағыт-бағдар беру мақсатында ауқымды іс-шара жүзеге асады. Күнделікті жұмыс барысында мемлекеттік аудит және сатып алу жұмысында көптеген олқылық жіберіліп жатады. Егерде орны толмас қателік орын алған жағдайда бірінші басшының жауапкершілігі қаралады. Сондықтан мұндай іс-шара мамандарымызға өте қажет, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Жалпы, облыс көлемінде 2024 жылы Қызылорда облысының тексеру комиссиясымен 22 аудиторлық іс-шара өткізілген. Онда 144 мемлекеттік аудит объектілері және жалпы көлемі 106,6 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылған. Аймақтың жалпы 146 кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуы туралы есебіне талдау және кейбір профельды бағыт бойынша 4 сараптамалық-талдау іс-шарасы жүргізілген. Аудит жұмысының нәтижесі хақында Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Нұрғали Қордабай айтты.

– Жүргізілген аудит нәти­жесінде мемлекеттік және бюджет қаражатын алған жеке мекемелерде қаржылық, қара­жатты тиімсіз жоспарлау, пай­далану, активтері дұрыс бас­қармау бұзушылықтары, сон­дай-ақ пайда жіберіп алу кем­шіліктері анықталған. Аудит барысында анықталған әкімшілік құқық-бұзушылық заңымен жауаптылық қаралған фактілер бойынша 975 аудит материалдар сот және уәкілетті органдарға жолданды. Істерді қарау нәтижелерi бойынша 603 тұлға жауаптылыққа тартылды. Оның 144-не 36 млн теңге айыппұл салынса, 459-на ескерту берілген. Өздерінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін 142 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ мемлекеттік органдарға негізсіз алған бюджет қаражатын өндіру, қаржылық есептілікті қалпына келтіру, заңнаманы жетілдіру, бұзушылықтарды жою, алдағы уақытта болдырмау іс-шарасын жүргізу бойынша 27 ұсыныс пен 177 тапсырма берілген. Оның бүгінгі күнге мерзімі келген 153-тармақ орындалып, қалғаны облыстық тексеру комиссиясының бақылауында, – деді Нұрғали Рақымшаұлы.

Семинар барысында «Мемлекеттік аудитпен анықталған бұзушылықтар мен олардың алдын алу мәселесі» бойынша Әлсейіт Иманкұлов, «Мемлекеттік сатып алу Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар» хақында Еркебұлан Баков, «Ішкі мемлекеттік аудит нәтижелері» жөнінде Әмірхан Ұзақбаев, «Мемлекеттік мекемелердің төлемдер жүргізу кезіндегі өзекті мәселелері туралы» тақырыбында Зағира Рахымшаева баяндама жасады.

Негізінен, биыл 24 аудиторлық іс-шара жүргізу жоспарланған. Қамтылатын қаражат 216,8 млрд теңгені құрайды. Аудит объектілерінің саны – 154. Олардың қатарында сан түрлі бағыттағы бірнеше мекеме бар.

Іс-шара соңында сала мамандарына қатысушылар көкейтесті сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
17 мамыр 2025 ж. 146 0