Бюджет қаражатын тиімді пайдалану – маңызды
Аудандық мәдениет үйінде «Бюджет қаражатын басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыру» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді. Семинар-кеңеске Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Н.Қордабай, облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары М.Өмірбаева, жоспарлау, есептілік және сапа бақылауы бөлімінің бас инспектор-мемлекеттік аудитордың ассистенті Ә.Иманкұлов бөлім басшылары Ж.Қалиев, С.Ержанұлы, Сырдария аудандық қазынашылық басқармасының басшысы З.Рахымшаева, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының бөлім басшысы Н.Аймаханов, дербес бөлім басшылары, ауыл әкімдері мен тиісті сала мамандары қатысты.
Келелі жиынды аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев ашып, семинар-кеңестің маңыздылығына тоқталып, бюджет қаражатын басқару бойынша атқарылған жұмыс ауқымды екенін айтты.
– Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының ұйытқы болуымен ауқымы кең кеңесте бас қосып отырмыз. Ауданда бюджет қаражатын тиімді басқаруға байланысты маңызды шаралар қабылдануда. Жүйелі жұмыстың жасалуына себепкер атанған сала мамандары тексеру нәтижесін шығарып, мәселенің шешімін табуға қатысты өз ұсыныстарын ортаға салуға ауданымызға арнайы келіп отыр. Шын мәнінде, сала мамандары сан сала бойынша жүзеге асыралған мәселелерді егжей-тегжей баяндайттын болады. Жалпы, семинар-кеңесті ұйымдастырудың негізгі мақсаты – мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қаржылық бұзушылықтардың алдын-алу, қаржылық тәртіпті нығайту және бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Өз кезегінде мемлекеттік аудит, қазынашылық органдарының, мемлекеттік сатып алу саласының өкілдері баяндама жасады. Жалпы, сала мамандары келтірген мәліметке сүйенсек, былтыр тексеру комиссиясы 21 аудиторлық іс-шара бойынша 157 аудит объектісін тексерген. Оның ішінде, 60 үстеме тексеру бар. Аудитпен қамтылған қаражат 191,2 млрд теңгені құраған. Атап айтқанда, республикалық бюджет қаражаты – 35,8 млрд теңге, жергілікті бюджет қаражаты – 155,4 млрд теңге екені жан-жақты сараланған. Мемлекеттік аудит нәтижесімен, 37,7 млрд теңгенің бұзушылықтары анықталған. Қаржылық бұзушылықтар – 4,8 млрд теңге, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаржысы, мемлекет активтері – 8,1 млрд теңге, тиімсіз жоспарлау – 24,8 млрд теңгені құрады. Тексеру барысында білім, денсаулық, аудандарға қарасты бөлімдер және басқа да бірнеше сала қамтылған. Орын алған заң бұзушылықтар бойынша сот, уәкілетті органдар қарауына 1114 әкімшілік материал жолданып, 313 тұлғаға 32,1 млн теңге әкімшілік айыппұл салынса, 753-іне «Ескерту» түріндегі әкімшілік жаза қолданылған. Орын алған бұзушылықтар мен кемшілікті жою бойынша 90 нұсқама қабылданып, тиісті мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарға 207 тапсырма мен ұсынымдар берілген. Биыл 24 аудиторлық іс-шара бойынша 140 аудит объектісін қамтуды жоспарланыпты. Атап айтқанда, білім, денсаулық, спорт салаларын және квазимемлекеттік сектор субъектілерін тексеру жоспарға енгізілген.
Семинар-кеңес қорытындысымен есепші мамандарды арнайы курстарға оқытып, біліктілігін арттырып отыру бойынша ұсыныс мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор басшыларына ұсынылды. Сонымен қатар жиналған көпшілік жиында көтерілген мәселелерге қатысты сауалдарын жолдап, сала мамандарынан тұщымды жауап алды.
Б.Ордабеков