Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті

«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті

Қызылорда қаласында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы ережелерін сақтау деңгейін арттыру мақсатында “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.

Шара барысында тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті бақылап, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Әсіресе жылдамдықты шамадан тыс асыру, мас күйінде көлік жүргізу, қауіпсіздік белдігін тақпау сынды заңбұзушылықтарға ерекше назар аударылды. Бұл туралы Қызылорда облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Мұратбек Манатов баяндады.

- Аталған шараға Қызылорда облыстық Полиция департаментінің 341 қызметкері тартылды. Іс-шараның алғашқы 4 күнінде департаменттің жеке құрамы жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша 1454 өрескел құқық бұзушылықты анықтады.Бұл жұмыстар өңірдегі жол-көлік тәртібін нығайтуға, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, 137 автокөлік айып тұрағына қойылып, 48 автокөліктің қозғалысын шектеу мақсатында мемлекеттік тіркеу белгілері алынды. Айта кету керек, «Қарабұтақ–Қызылорда–Шымкент» республикалық маңызға ие автожолының, яғни Қызылорда–Ақтөбе бағытының екі жолақты болуына және жүргізілген талдауларға сәйкес, жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі басып озу ережелерін бұзу және қарсы қозғалыс жолағына шығу салдарынан орын алып отыр. Осыған байланысты дрондар арқылы өрескел құқық бұзушылықтарды анықтау тәжірибеге енгізілді. Аталған құрылғымен қазіргі таңда 50-ге жуық өрескел құқық бұзушылық тіркелді. Осы сәтті пайдалана отырып, қала тұрғындары мен қонақтарын жолда жүрген кезде жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз,- деді Мұратбек Мирамбекұлы.


Өңірлік коммуникациялар қызметі
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі
24 сәуір 2025 ж. 99 0