Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сапалы демалыс – балаларға қуаныш

Сапалы демалыс – балаларға қуаныш

Жақында аудандық білім бөлімінің мәжіліс залында балаларды сауықтыру ұйымдарында жазғы демалыс кезеңін ұйымдастыру мәселелеріне арналған семинар өтті. Іс-шараға аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Мырзахмет Тәттібаев, бас маман Ұлжан Нұрбаева, аудандық емхананың «Жалпы тәжірибелік» бөлімшесінің меңгерушісі Үмбігүлсім Жаңақұлова, аудандық білім бөлімінің әдіскері Сұлтан Үсенов, «Жалын» сауықтыру лагерінің директоры Әділбек Бәйменов, мектеп жанындағы күндізгі лагерь басшылары, медбикелер, аспазшылар, білім ошақтарының шаруашылық жөніндегі орынбасарлары және сала мамандары қатысты.

Жиын барысында балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету, дұрыс әрі сапалы тамақтануын ұйымдастыру, медициналық көмек көрсету тәртібі, санитариялық талаптарды сақтау және сауықтыру шараларын тиімді жүзеге асыру бағытындағы маңызды мәселелер жан-жақты талқыланды.

– Жазғы демалыс кезеңінде бала­лардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – баршамызға ортақ міндет. Балаларды сауықтыру ұйымдарының жұмысы са­нитариялық-эпидемиологиялық та­лап­тарға толық сәйкес ұйымдастырылуы тиіс. Әсіресе, тағам дайындау тех­но­ло­гиясының сақталуы, ас блогы қыз­меткерлерінің медициналық тек­серістен уақытылы өтуі және жеке бас гигиенасын қатаң ұстануы аса маңызды. Сонымен қатар жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында дезинфекциялық және дератизациялық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуі қажет. Ішек инфекциялары мен тағамнан улану жағдайларының алдын алу – басты назардағы мәселе. Балалардың денсаулығына күнделікті мониторинг жүргізіліп, қандай да бір күмәнді белгілер анықталған жағдайда жедел медициналық көмек көрсетілуі тиіс. Жазғы лагерьлерде балалардың тек тынығып қана қоймай, денсаулығын нығайтып, сергек әрі белсенді демалуына барлық жағдай жасалуы қажет, – деді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Мырзахмет Тәттібаев.

Сондай-ақ семинар барысында балаларды сауықтыру лагерьлерін жазғы маусымға дайындау, ауызсу сапасы мен тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұқпалы аурулардың алдын алу, төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету алгоритмдері жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қызметкерлердің медициналық тексерістен уақытылы өтуі, жеке бас гигиенасын сақтау, дезинфекциялық іс-шараларды тұрақты ұйымдастыру, балалардың күн тәртібін тиімді жоспарлау және дене белсенділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Аудандық емхананың «Жалпы тәжіри­белік» бөлімшесінің мең­герушісі Үмбігүлсім Жаңақұлова да балалар денсаулығын бақылаудың маңыздылығына тоқталды.

– Жаз мезгілінде балалардың имму­нитетін күшейтіп, денсаулығын нығайтуда дұрыс тамақтану мен таза орта ерекше рөл атқарады. Әрбір лагерьде алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті дәрі-дәрмек қоры жеткілікті болуы тиіс. Медициналық қызметкерлер балалардың денсаулық жағдайын тұрақты бақылауда ұстап, күн сайын тексеру жұмыстарын жүргізуі қажет. Сонымен бірге ата-аналар да балаларын лагерьге жіберер алдында денсаулық жағдайына мұқият қарағаны жөн, – деді дәрігер.

Өз кезегінде балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыру бойынша нақты міндет айқындалып, тиісті ұсынымдар берілді. Жауапты мекемелерге ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізу және жазғы маусым бойы тұрақты мониторинг ұйымдастыру тапсырылды.

Аталған іс-шара балалардың ден­саулығын сақтау мен нығайтуға, жазғы демалыстың қауіпсіз әрі мазмұнды өтуіне бағытталған маңызды қадам болды.

А.ӨТЕПБЕРГЕНОВА
19 мамыр 2026 ж. 31 0