Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұтынушылар саны артып келеді

Тұтынушылар саны артып келеді

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жаңа жұмыс орындарының ашылуына тікелей әсер етеді және жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне басты негіз болып табылады. Ал жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық деңгейі азайса, қоғамдық-саяси ахуал да тұрақты болмақ. Сондықтан біздің бүгінгі бағытымыз – кәсіпкерлікті дамыту.

Бүгінде сырдариялықтар «Ауыл аманаты» жобасына ерекше ынта білдіріп, белсенділікпен қатысуда. Себебі жоба ел тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға байланыс­ты мәселелерді шешу мақсатында жүзеге асырылуда. Осы ретте аудан тұрғындары өз кәсібін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қажетті қаржысын алып, бағдарлама аясында кәсіп бастап, шағын және орта кәсіпкерлікті өрістетуде.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алып, қазіргі таңда халыққа қызмет көрсетіп отырған азаматтардың бірі – Қалжан ахун ауылының тұрғыны Өмірхан Бержанов. Ол бүгінде фибробетонмен полифасадты өндіру (пескоблок) арқылы жаңа бастаманы пайдалы кәсіпке айналдырып үлгерген. Кәсіпкер бағдарлама аясында алынған қаражатқа қажетті нығыздау және құю өндірісіне арналған қалыптар, кәсіби плиталар, станоктар және шикізаттар сатып алып, 4 адамды жұмыспен қамтыған. Өндіріс орнында күніне орта есеппен 40 шаршы метр блок өндірілуде.

– Кірпіш блоктар қазір ең көп таралған құрылыс материалдарының бірі. Құрылыстың жаңа стандарттары бойынша бұл материалдар кірпішке қарағанда экономикалық тұрғыдан да тиімді. Тұрғындар аз қабатты үйлердің ішкі бөлмелерінің қабырғаларын қалауға және жер телімін айналдыра қоршауға пайдалануда. Тұтынушылар тарапынан сұраныстың артуына байланысты жұмысы өнімді, жылдам қаланатын түрлі қалыптағы кірпіштер шығаруды қолға алдық. Қазіргі таңда толық көлемде жұмыс жасап тұрған цехтың тұтынушыларының саны артып келеді, – дейді Өмірхан Бержанов.

«Тт» ақпарат
27 шілде 2024 ж. 213 0