Жырдан жауһар тағынып...
Еңселі білім ордасы И.Тоқтыбаев атындағы №35 мектеп-лицей оқушысы Нұрмат Нұржанұлы облыстық мүшәйрадан І орынды иеленіп, ұстаздар үмітін ақтады. Жақында облыс орталығындағы «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясында «Менің атам – майдангер» тақырыбында танымдық кеш өтіп, жиырма қатысушы бақ сынады.Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен байқау майдангер аға ұрпақтың ерлігін насихаттау арқылы жалпыадамзаттық және рухани құндылықтарды дәріптеуді көздеді. Байқауға жоғары сынып оқушылары қатысып, үш кезең бойынша бақ сынады. Талапкерлер алғашқы кезеңде өздерін таныстырса, екінші бөлімде «Менің атам – майдангер» тақырыбын қаламға арқау етіп, эссе жазды. Бұл кезең онлайн түрде жүзеге асты. Ал екінші кезеңде қатысушылар ақындық қабілетті шыңдап, майдангерге өлең шумақтарын арнады.
Нұрмат – 9 сынып оқушысы. Ол жетекшісі Әйгерім Ержанқызымен бірге осы байқауға үлкен ынтамен, тиянақты дайындықпен қатысқан. Талапты оқушы облыс орталығына мектебінің ғана емес, ауданның намысын қорғап барғанын айта кету орынды. Өз кезегінде тапқырлығымен, әдемі жыр өрнегімен көрермен ықыласына, қазылар алқасының қолдауына ие болып, қарсыластарынан оза шапты.
– Жеңіс күні – бұл біздің тарихымыздағы ең маңызды әрі қасиетті мерекелердің бірі. Бұл күн бізге бейбіт өмір сыйлаған батыр ата-бабаларымыздың ерлігін еске түсіреді. Олардың Отан үшін жанын аямай күрескенін білу – біз үшін үлкен мақтаныш. Жеңіс күні тек өткенді еске алу ғана емес, сонымен қатар болашақ ұрпаққа бейбітшіліктің қадірін түсіндіретін күн. Соғыссыз өмір сүру – ең үлкен бақыт. Сондықтан біз ардагерлерге әрқашан құрмет көрсетіп, олардың ерлігін ұмытпауымыз керек. Қазіргі таңда ардагерлердің қатары сиреп бара жатыр. Сол себепті біз олардың әңгімелерін тыңдап, тарихты тереңірек түсінуге тырысуымыз қажет. Бұл – біздің парызымыз. Облыстық байқауға қаламыммен үн қосып, Яхия атаға арнау арнадым, – дейді белсенді оқушы Нұрмат.
Бүгінде облыстағы жалғыз көзі тірі ҰОС ардагері – Яхия Тасыров. Әркез келешек ұрпаққа өсиет-өнегесін арнайтын ардақты ардагер қандай да құрметке лайық. Небәрі он тоғыз жасында майдан даласына аттанған азамат майданда көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», І, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының Батыры Маршал Г.Жуков», Ұлы Жеңістің мерекелік медальдарымен марапатталған.
– Қызылорда облысының құрметті ардагері, Сырдария ауданының құрметті азаматы Яхия атамызға оқушылармен бірге барып, майдангердің батасын аламыз. Облыстық байқау өтетіні туралы хабар келген бойда оқушыммен бірге дайындыққа кірістік. Байқау қатысушыларының әділ бағасын ақын Нұрмат Мансұр, Қорқыт ата атындағы ҚУ аға-оқытушысы Сара Бақтиярова, Тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының бөлім басшысы Жұлдыз Асқарова бергенін айта кету орынды. Оқушым Нұрмат – жан-жақты, шығармашылық қабілеті жоғары, ойы ұшқыр білімпаз. Ол ақындық өнерге бейім, өз ойын көркем тілмен жеткізе біледі. Сөз саптауы анық, тілі бай, әдебиетке деген қызығушылығы ерекше. Сонымен қатар ол – белсенді дебатер. Пікірталас барысында логикалық ойлау қабілеті, шешендігі және қарсы пікірді құрметтей отырып жауап беру мәдениеті жоғары деңгейде көрінеді. Көшбасшылық қасиеті де айқын байқалады, – дейді оқушысының қабілет-қарымын шыңдап жүрген ұстазы Әйгерім.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ









