Тағылымға толы кездесу
Елмен күнделікті жұмыс жасап, ақпарат саласында еңбек етіп жүргеннен кейін ақылман ағалардың кеңесіне жүгініп отырамыз. Осыдан 14 жыл бұрын редакция табалдырығын аттаған сәттен бастап қолдау көрсетіп келе жатқан жандардың бірі – ҚР Журналистер одағының мүшесі, қарымды қаламгер Шаһарбек Нұрсейіт. Бүгінде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандағы филиалының төрағасы қызметін атқарып отырған ардақты азамат – бірнеше кітаптың авторы.Жақында Әбділда Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейде «Балалар әдебиеті – рухани тәрбие бастауы» атты онкүндік аясында Шаһарбек Нұрсейітпен кездесу өтті.
Әрине, мемлекеттік білім беру саласындағы саясатты жүзеге асыру барысында балаға ұлттық құндылықтарды, қазақ әдебиетін сіңіре білу маңызды рөл атқарады. Мектеп-лицей директоры Айнұр Әлиева кездесу кешін ашып, қаламгердің шығармашылығына тоқталды.
– Мектеп-лицей кітапханасында ұйымдастырылып отырған «Балалар әдебиеті – рухани тәрбие бастауы» атты онкүндік – өскелең ұрпақтың рухани дүниесін байытуға, олардың кітапқа, көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі. Бүгін осы онкүндік аясында қаламгер Шаһарбек Нұрсейітпен кездесу – баршамыз үшін ерекше мағыналы, тағылымы мол басқосу деп есептеймін. Шаһарбек Нұрсейіт – аудандық газетте мазмұнды мақалаларымен танылып жүрген, қазақ тілі мен әдебиетінің жанашыры, қазақ тілі қоғамында белсенді еңбек етіп келе жатқан азамат. Оның шығармашылық жолы – ізденіс пен еңбектің, табандылық пен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Бірнеше кітаптың авторы ретінде ол ұлттық руханиятымыздың дамуына өзіндік үлесін қосып, оқырман жүрегінен орын тапқан қаламгер. Қазіргі жаһандану дәуірінде жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру, олардың рухани-адамгершілік болмысын қалыптастыру – білім беру ұйымдарының басты міндеттерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, балалар әдебиетінің алар орны ерекше. Себебі бала жүрегіне жол табатын, оның ой-санасын қалыптастыратын ең тиімді құрал – сапалы көркем шығарма. Оқушылар қаламгерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасу арқылы әдебиетке деген қызығушылықтарын арттыра түседі деп сенемін, – деді Айнұр Тоқшылыққызы.
Жалпы алғанда, іс-шараның мақсаты – оқушыларды қаламгердің өмір жолы және шығармашылығымен таныстыру, оның еңбектерін насихаттау және кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру екені анық. Арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, Шаһарбек Балтабайұлының еңбектері көпшілік назарына ұсынылды. Бұл ретте ақпарат саласының майталман маманы тағылымды кездесуге шақырған мектеп-лицей ұжымына алғыс айтты.
– Ең алдымен, мені мән-мағынасы зор іс-шараға шақырғандарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Осындай тағылымы мол, тәрбиелік мәні жоғары іс-шараның өскелең ұрпақ үшін маңызы ерекше деп білемін. Бүгінгі кездесуде сіздермен өз шығармашылық жолым, жазушылық ізденістерім, редакция қабырғасында жүргендегі еңбектерім туралы ой бөлісуді мақсат еттім. Менің бірнеше кітабым жарық көрді. Кітап – сендердің ең сенімді достарың. Көп оқыған сайын ойларың тереңдеп, дүниетанымдарың кеңейе түседі. Әдебиет арқылы адам өмірді түсінеді, өзін таниды, жақсы мен жаманды ажырата біледі. Сондықтан кітап оқуды әдетке айналдырыңдар. Осындай кездесулер арқылы біз бір-бірімізбен рухани байланыс орнатып, ой бөлісіп, жаңа серпін аламыз деп сенемін. Сіздердің қызығушылықтарыңыз бен сұрақтарыңыз мені әрдайым жаңа мақалалар жазуға жігерлендіреді, – деді Шаһарбек Балтабайұлы.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










