Шипалы қол, сенімді жол: ауылға ауадай қажет маман
Ветеринария – аса маңызды, күнделікті қажетті мамандық. Әсіресе, «мал-жан аман ба?» деп амандықты үйдегі төрт-түліктен бастап сұрайтын халқымыз үшін сала мамандарының орны тіпті ерекше. Расында, қолдағы мал ауру болса, оның дерті адамға жұқпай қоймайды. Одан қалса, азық-түлік қауіпсіздігін сақтауда малдың түрлі аурудан сау болуы маңызды.Кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтіп, аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп жүрген Досбол Уәлиханұлы – жас та болса, өзі таңдаған мамандықтың білікті маманы. Бүгінде аудан орталығындағы ветеринарлық дәріхана қызметін жүйелі жүргізіп отырған ол тек қана фармацевт емес. Дәрі егу, ашық жарақатты тігу, кіші ота түрлерін жасау сияқты қызметтерді қоса атқарады. Не нәрсенің де қадірін жоқ кезде білетініміз рас. Бірде ветеринар маман іздеп, біраз адамға жолықтым. Бәрінің айтқаны «Досболға апар, сол біледі» болды. Содан көпшілік ұсынған Досболды іздеп, дәріханаға жеттім. Маман расында да біліктілігін дәлелдеп, көмек қолын созды. Жас та болса, кәсібін дөңгелетіп, төрт-түліктің бабын тауып жүрген азаматты үлгі етуге болады.
Бізде негізінен ветеринар маман көп емес. Тіпті ветеринарлық дәріхананың өзі аудан орталығында жоқтың қасы. «Медицина адамды, ветеринария адамзатты емдейді» деген ғалымдар тәмсіліне құлақ салсақ, тың кәсіп, үлкен жауапкершілікке негізделген дәріхана жұмысын жүргізу ауылшаруашылығы саласына қосылып отырған зор үлес деуге негіз бар.
Кейіпкеріміз – Асқар Тоқмағанбетов ауылының тумасы. Жоғары оқу орнын 2024 жылы тәмамдаған. Ауыл тұрмысын, мал шаруашылығын бала күнінен көріп өскен жігіттің болашақта ветеринар маманы болуға деген арманы мектеп қабырғасында-ақ оянған. Бүгінде мамандығымен мақтанатын ол – Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеушілер университетінің түлегі.
– Ауылда туып-өскендіктен мал шаруашылығы бізге таңсық емес. Жоғары сыныптан бастап осы мамандыққа деген қызығушылық арта түсті. Арман қуып, Алматыға оқуға түстім. Ең бір қызықты, есте қаларлық кез жастар шаһарында өтті. Өзім таңдаған сала бойынша білікті мамандардан білім, тәжірибе алдым. «Адам өзіне ұнаған іспен айналысқан кезде – бақытты» дейді ғой. Сол сияқты өзім қалаған мамандықты игергеніме қуаныштымын. Әлі де үйренеріміз көп, – дейді жас маман.
Кейіпкеріміз алғашқы еңбек жолын ветеринарлық клиникадан студент кезінде бастап кеткен. Бір жағынан тәжірибе, бір жағынан табыс. Әлбетте, үлкен қалада көбіне үй жануарларына қатысты сұраныс көптеп келетіні белгілі.
– Ауылда көбіне төрт-түлік мал болса, үлкен қалада ит, мысық сияқты үй жануарларын бағатындар көп. Оның мезгілдік екпесі, емі бар. Екі жыл бойы білікті мамандардың тәжірибесін алып, жұмыс істедім. «Amiran» зауытын естуіңіз бар шығар, сол жерде тәжірибеден өттім. Жоғары курста оқып жүргенде «ВетФарм» дәріханалар желісіне жұмысқа орналастым. Бұл – Қазақстан бойынша ең үлкен ветеринарлық дәріхана. Сол жерден тәжірибе жинадым. Жан-жануарларға арналған дәріхананы неге біздің ауданда да ашпасқа деген ой келді. Солай кәсіпті бастап кеттім, – дейді Досбол Уәлиханұлы.
Аудан орталығында орналасқан дәріхана егесі бұл жұмысты 2025 жылдан бастап жолға қойғанын айтады. Халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқанына екі жылға жуық уақыт болған жас маман аудан халқы тарапынан сұраныс жақсы екенін айтып өтті.
– Жан-жануардың ағзасын зерттеу қызық. Адам ағзасына ұқсас тұстары да, өзгешеліктері де бар. Мысалы, кей дәріні адамға да, малға да егуге болады. Ал кейбір адамға арналған антибиотикалық дәріні малға ексе, бірден өліп кетуі мүмкін. Сондықтан бұл жерде үлкен жауапкершілік бар. Тәжірибе мен біліктілік аса маңызды рөл ойнайды. Дәріхана жұмысынан бөлек дәрі егу, пішу, азотпен салқындату арқылы таңба басу секілді қызметтер көрсетемін. Алдағы уақытта рентген, УЗИ аппараттарын алып, дәріхананы кеңейтсем деген жоспарым бар, – дейді ветеринар.
Айтпақшы, кейіпкеріміз – егіздің сыңары. Сыңары Бекбол – фармацевт. Бүгінде Қарағанды қаласында жеке дәріхана ашып, жұмысын жандандыруда. Бос уақытында өлең оқығанды жаны сүйетін кейіпкерімізді өз ісіне шын берілген, заманауи білім мен тәжірибені ұштастырған маман деуге негіз бар. Ол көпшілікке сапалы қызмет көрсетіп, қажетті кеңес ұсынып келеді. Ізденіс пен еңбек адамды үлкен жетістікке жетелейтіні ақиқат. Жан-жануарды түсіну үшін үлкен жүрек керек. Осындай жауапты жұмысты терең біліммен ұштастырып жүрген жастар көңілге сенім ұялатады.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ










