Шаң басқан архивтерден табылармыз
Кейде уақыттың өзі үнсіз сөйлейді. Оның тілі – сарғайған қағаз, мұқабасы мүжілген құжат, әлдеқашан ұмыт болған хаттар. Сол үнсіз тарихтың үні шаң басқан архивтерден естіледі. Бүгінгі ұрпақтың кешегісін тануына, өткеннің ізімен жүруіне жол ашатын да – осы архив қорлары екені даусыз. Сырдария аудандық архиві филиалының қорында 38 мыңнан аса құжат бар. Ескі тарихтың түбірін тереңнен қозғаған жағдайда құнды дерек қолымызға түсетінін жақсы білеміз. Архив саласы мамандарының жұмысымен таныса отырып, өткен ғасырдың ортасынан бастап жиналған құжаттарға қанықтық.Ақиық Мұқағали Мақатаевтың Фариза Оңғарсыноваға арнаған өлеңінде кездесетін «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деген жолды көпшілік жақсы біледі. Міне, архив қорынан көптеген мағлұмат кездестіріп, сонау 1935-1949 жылдары жасалған құжаттарды таптық. Мәселен, КСРО Ішкі істер халық комиссариатының азаматтық хал актілері бөлімінің құжаты қолымызға түсті. Онда 1935 жылы туған азаматтардың Туу туралы актілері сақталған. Одан бөлек, ерлі-зайыптылардың ажырасуы кезінде жасалатын құжаттардың басым бөлігі қорда сақтаулы. Ауыл шаруашылығы бағытындағы құжаттардың көпшілігі латын қарпінде жазылғанын аңғарамыз. Әр жылдың өзіндік шежіресі бар десек, өз уақытында барлық мүмкіндікті қарастыра отырып, осы күнге құжаттардың сақталуына архив саласы мамандарының еңбегі зор.
– Шаң басқан сөрелерде жатқан істердің арасында елдің дамуына үлес қосқан азаматтардың есімдері, тағдырлы шешімдер, қарапайым адамдардың өмірінен сыр шертетін деректер сақталған. Бір қарағанда елеусіз көрінетін қағаздардың өзі тұтас бір кезеңнің айнасы іспетті. Сол себепті архив – тек өткенді сақтау емес, оны қайта тірілту. «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деген ойдың астарында терең мағына жатыр. Бұл – әр адамның, әр әулеттің, тұтас бір халықтың ізі сол архивтерде сақтаулы деген сөз. Бәлкім, бүгінгі біз де ертеңгі тарихтың бір бөлшегіне айналармыз. Сол кезде біздің де ізімізді келер ұрпақ осы архивтерден іздеп табатыны анық. Өткенді ұмытпай, оны құрметтеп, зерделей білген қоғам ғана болашаққа нық қадам басады. Ал сол өткеннің алтын арқауы – архив екені сөзсіз. Күнделікті Сырдария аудандық архиві филиалына келетін көпшілік өзіне керекті құжатты сұрап, қажетті мәліметін алып жатады. Біздің мамандардың күнделікті кәсіби тұрғыдан атқаратын ісі өзге біреудің қажетіне жарауы мүмкін, – дейді филиалдың бірінші санатты архивисті Гүлзат Мейрамбекова.
Б.АЯБЕКҰЛЫ









