Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сауатты маман саланың жүгін арқалайды

Сауатты маман саланың жүгін арқалайды

Ертеректен архив саласы – белгілі бір аумақтың дамуына, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған маңызды мемлекеттік құрылым саналады. Осы маңызды салада лайықты түрде еңбек етіп келе жатқан кәсіби біліктілігі жоғары маманның бірі – Сырдария аудандық архиві филиалының ведомствалық архивке жауапты маманы Жәнібек Ермаханов.

Кейіпкеріміз Жәнібек Ермаханов – біліктілігі жоғары маман. Соңғы 4 жылда аталған ұжымның белді мүшесіне айналған сала маманы тарихи деректер, ресми қағаздар, жеке істер, фотосуреттер, хаттар және басқа да құнды мәліметтерді жинақтауға жауапты. Жәнібек Ермаханов осыдан 39 жыл бұрын Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде дүние есігін ашқан. Аудандағы №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің түлегі мамандығын «Құқықтану» саласымен байланыстырады. Осылайша, ол – Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінде білімін шыңдайды. Осы ретте Жәнібек Азаматұлының аудандық архиві филиалындағы негізгі міндетіне тоқталатын болсақ, құжаттарды ретке келтіру, оларды арнайы тәртіппен тіркеу және қажет болған жағдайда тез тауып бере алу. Білікті маман құжаттардың дұрыс сақталу жағдайын қадағалайды және құжат айналымын жүргізу, азаматтардың өтініштерін қабылдау және қарау, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырады. Халықпен тығыз байланыста жұмыс істеп, олардың сұранысы мен ұсынысын ескеріп отырады.

Осы ретте архив саласының қызметінің сапалы жүзеге асуы Жәнібек секілді мамандардың табанды еңбегі деп білеміз.

– Архив саласы – бұл жай ғана құжат сақталатын орын емес, құнды деректер жиналатын үлкен қор десек болады. Осы салада қызмет ете жүріп, көптеген ауыртпалықты еңсере білдік. Бір қарағанда сала көпшілікке жеңіл көрінгенімен құжаттың жылдар бойы бүлінбей, таза нұсқасында сақталуына жауапты саналамыз. Ағайын-туысының, ата-бабасының құжатын іздеп келген жұртшылыққа құжатын тауып беруге мүдделіміз. Бұдан бөлек, аудан аумағында орналасқан мекемелердің мамандарына құқықтық оқыту жүргізіп, кәсіби біліктілігін арттыруға атсалысамыз. Тәжірибе алмасу барысында архив саласының негізгі міндетін түсіндіре отырып, құжат айналымын жақсартуға, сапалы орындауға бағыт-бағдар береміз, – деді Жәнібек Азаматұлы.

Саланың алға қарай жылжыуына айтар­лықтай үлес қосып келе жатқан Жәкең екі қыз, бір ұлды тәрбиелеп отырған ардақты әке. Отбасында ұл-қызына тағылымды тәрбие бере білген өз ісінің білгірі алдағы уақытта архив саласын өр­кендетуге үлес қоса бермек.


Ақтоты ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

18 сәуір 2026 ж. 83 0