Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік қызметтегі заңдылық пен Әдеп нормаларын сақтау мәселелері қаралды

Мемлекеттік қызметтегі заңдылық пен Әдеп нормаларын сақтау мәселелері қаралды

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында мемлекеттік қызмет саласындағы заң талаптарын сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және әдеп нормаларын нығайту мәселелеріне арналған семинар-кеңес өтті. Семинарға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Мейрамкүл Бибітова, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Берікбол Байхожаев және облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Бағдат Әбдіқадыр, сондай-ақ мекеме басшылары қатысты.

Мәжіліс барысында аудан әкімінің орынбасары Р.Еспенбетов мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруда заңдылықты сақтау мен әдеп қағидаттарының маңыздылығын атап өтті.

– Мемлекеттік қызметші – халық пен билік арасындағы негізгі байланыстырушы буын. Сондықтан әрбір қызметкер өзіне жүктелген міндетті жоғары жауапкершілікпен атқарып, заң талаптарын бұлжытпай орындауы тиіс. Азаматтардың билікке деген сенімі біздің әрбір әрекетімізге, қабылдаған шешімімізге, қызметтік әдебімізге тікелей байланысты. Сондықтан кез келген немқұрайдылық үлкен сенімсіздікке әкелуі мүмкін екенін ұмытпауымыз қажет, – деді аудан әкімінің орындасары Роллан Манарбекұлы.

Баяндамашылар мемлекеттік қызметшілер арасында қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, қызметтік тәртіпті күшейту, сондай-ақ қоғам тарапынан мемлекеттік аппаратқа деген сенімді арттыру мәселелері бойынша кеңінен мағлұмат берді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы Әдеп кодексіндегі мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқына, қызметтік қарым-қатынасына және қоғаммен байланысына қойылатын негізгі талаптар түсіндірілді.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет өткеру кезінде заң талаптарын қатаң сақтау, қызметтік өкілеттіктерді жеке мақсатта пайдалануға жол бермеу, азаматтармен және әріптестермен қарым-қатынаста әдептілік пен ашықтық қағидаттарын ұстану мәселелері жан-жақты қамтылды.

Семинардан соң мемлекеттік қызметшілерден сауалнама алынып, жеке қабылдау өткізілді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
17 сәуір 2026 ж. 46 0