Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Айыппұл арқалау абырой емес

Айыппұл арқалау абырой емес

Қазіргі уақытта қоршаған ортаның тазалығы – қоғам үшін өзекті мәселелердің біріне айналды. Табиғат – адам өмірінің ажырамас бөлігі десек, жалпы қоғамдық ортада да тазалыққа бей-жай қарайтын жандардың қатары аз емес. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен жыл сайын жүзеге асып келе жатқан «Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты – ел аумағын қоқыстан тазарту, табиғатты қорғау және тұрғындарды тазалыққа баулу екені анық. Бүгінде аудан көлемінде акция аясында сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер, саябақтар, өзен-көл жағалаулары тазартылуда. Бұл іс-шараға мемлекеттік қызметкерлер, жастар, еріктілер және қарапайым тұрғындар белсенді қатысып келеді. Осындай бірлескен жұмыстар қоғамдағы жауапкершілікті арттырып, елге деген сүйіспеншілікті нығайтады.

Жылдың қай мезгілін алсаңыз да, басылым бетіне қоршаған ортаның таза­лығын сақтауға байланысты та­ным­дық мақала жазып келеміз. Әри­не, оқырман қауымның назарына өз уақытында «Ұшты, ұшты, целлофан ұш­ты» деген мақала да жарық көрді. Ал осы аптаның сейсенбісінде жарияланған «Тазалық – тәрбие мен мәдениеттің бөлшегі» тақырыбындағы танымдық мақа­ланы оқыған көпшілік осы мәселе тұрғысынан ой қосуда. Бұл ретте еңбек ардагері, кент тұрғыны Құдайберген Үсенбаев арнайы келіп, қоршаған ортаны таза ұстауға байланысты тұщымды пікірін білдірді.

– Тазалық – мәдениеттің айнасы. Айна­ламыздың таза болуы әр адам­ның жеке жауапкершілігіне байланысты. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар қоқысты кез келген жерге тастап, табиғатты лас­тап жатады. Мұндай әрекеттер «Таза Қазақстан» акция­сының мәні мен маңызына қайшы келеді. Сондықтан әрбір азамат бұл бас­­­таманы қолдап, тазалықты сақтауға үлес қосуы тиіс. Табиғатты қорғау – бұл бір күндік іс емес, бұл – тұрақты да саналы әрекет. Әрбір адам табиғатқа жанашырлықпен қарап, оны қорғауға өз үлесін қосуы тиіс. Таза табиғат – жарқын болашақтың кепілі. Тереңөзек кентінде жаңадан пайдалануға берілген тұрғын үйлердің ауласы күл-қоқысқа толы. Қа­зіргі уақытта адамнан ұят кеткені қай заман?! Жаңадан полигон салынды. Бірақ жұртшылық көзіне көрінген жерді ластап, қоқысын тастап кетуде. Жанашырлық танытпайтындарға арнайы бақылау камерасын орнатып, айыппұл салу керек, – деді Құдайберген Үсенбаев.

Бұл ретте, аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың тапсырмасы негізінде қоғамдық жерді ластаған тұрғындарға ескерту беріліп, әкімшілік жаза қол­данылуда. Мәселен, аудандық полиция бөлімінің мамандары жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерімен бір­лесіп, аудан тұрғындарына елді мекенді абат­тандыру қағидалары мен ортақ пайдаланылатын орындарды ластамау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ескертпе хаттар берген.


Жыл басынан бері елді мекендерді абаттандыру қағидасын бұзған азаматтарды анықтау бағытында тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде елді мекендерді абаттандыру қағидасын бұзған 169 азамат анықталып, ҚР Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабымен жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 166 азаматқа ескерту берілсе, 3 азаматқа 86 500 теңге айыппұл салынды. Қоғамдық орындарды ластаған 3 азамат анықталып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабымен шара көріліп, 43 250 теңге айыппұл салынды.

Қоршаған ортаны қорғау әр адамнан басталады. Күнделікті өмірде қарапайым ережелерді сақтау арқылы табиғатты қорғауға болады. Мысалы, қоқысты ар­найы жәшікке тастау, пластикті аз қолдану, қағазды үнемдеу, электр энер­гиясын босқа жұмсамау – мұның барлығы экологияға оң әсер етеді. Осын­дай ұсақ көрінетін әрекеттердің өзі үлкен өзгерістерге алып келеді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

11 сәуір 2026 ж. 71 0