Тазалық – тәрбие мен мәдениеттің бөлшегі
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы қарқынды түрде жүргізілуде. Әсіресе, қазіргі көктем айында тазалық жұмыстары қарқын алуда. Акцияға сырдариялықтар да белсенді қатысуда. Аудан орталығынан бастап барлық елді мекенде сенбілік жұмысы ұйымдастырылуда. Тазалық жұмысын жүргізу ең алдымен қоршаған ортаға, экологиялық жағдайдың жақсаруына қосқан үлесі екені анық.«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын іске асыруда тұрғындардың белсенділігін арттыру маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының басым бағыты мен маңызын өз сөзінде атап өтіп, ортақ іске жауапкершілік таныту қажеттігін айтты.
«Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан» – бұл бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы» деді Президент.
Ұлт даналығында «Тазалық – табалдырықтан басталады» деген сөз бар. Әрбір тұрғын өз ауласынан бастап, көше тазалығына атсалысса, ауыл-аймақтың экологиялық жағдайы жақсаратыны сөзсіз. Ауданда тазалыққа жауапты арнайы мекеме – «Тереңөзек тазалығы» ұжымы жылдың төрт мезгілінде, жаздың аптап ыстығы мен қыстың аязына қарамастан тегеурінді жұмыс атқаруда. Мекеменің арнайы техникасы жергілікті халықтың қауіпсіздігін сақтау мақсатында дамылсыз жұмыс атқаруда.
– Тазалықты сақтау туралы, елді мекенді абаттандыру әркез айтылып және қозғалып жүр. Бұл науқандық іс-шара емес. Әрбір адамның өмір салтына айналуы керек деп Президентіміз айтты. Сондықтан туған өлкеміздің тазалығына әрбіріміз атсалысып, қоршаған ортамыздың гүлденуіне жауапкершілікпен қарауымыз керек. Қоқысты кез келген жерге тастайтындарға шара қолданылады. Негізінен тазалық мәдениеті көпшілік жиналатын жерде айтылса, насихатталса нұр үстіне нұр болар еді. Қазір көктемгершілік кез. Арықтарға су келеді. Сондықтан қыс бойы арықта жиналған қоқысты тазартып, аяқсудың келуіне дайындалуымыз керек. Бұған тазалық мекемесінің жұмысы деп қарамай, көркейтуге әрбір тұрғын атсалысса, – дейді «Тереңөзек тазалығы» мекемесінің басшысы Ғ.Маханғалиев.
Туған жер – тұғырымыз. Ауданымыздың көркеюі, гүлденуі – тұрғындардың жақсы, таза ауада өмір сүруі үшін маңызды. Шаң тозаңсыз, таза жерде жүріп-тұру әрине денсаулыққа да жақсы. Кент орталығы бүгінде күн санап жаңарып, жасарып келеді. Қыс аяғында болған табиғи жағдай салдары да қалпына келтіріліп, сынған ағаш бұтақтары мен талдардан көше толық тазартылды. Әсіресе орталық көшелер жанданып, ерекше сипат алуда. Атап айтар болсақ, жолдың жөнделуі, жаяу жүргіншілер жолының салынуы жыл сайын жүргізіліп, көше жөнделуі кезең-кезеңімен атқарылуда. Мекеме ғимараттары да жөндеуден өтіп, көпқабатты тұрғын үйлер келбеті де айшықтала түсуде. Жыл сайын кент орталығындағы бірнеше көше жоспарға сай жөнделіп, қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде ауданымыздың көркейіп, гүлденуіне, тұрғындардың сапалы тұрмысын қамтамасыз етуге жасалып жатқан жағдай деуге негіз бар.
– Қазіргі аудан келбетін бұрынғымен салыстыра алмайсыз. Себебі жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіліп, орталық алаң, негізгі көшелер, көпқабатты тұрғын үйлер жөнделіп, ауданымыздың көркі көз тартады. Қоршаған ортаның таза әрі әдемі болуы сырттан келген қонақтарға да жағымды әсер сыйлайды. Сонымен қатар кент сыртында тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигон жұмыс жасайтыны жақсы болды. Полигонда тұрмыстық қалдықтар сұрыпталып, тұрмыстық қатты қалдықты жинайды. Тұрғындар жақсы дүниені күтіп ұстап, қоршаған орта мен болашақ үшін тазалық сақтауы керек, – дейді кент тұрғыны Б.Сайымов.
Иә, тазалық – терең талғамды қажет ететін ауқымды мәселе. Бұл туралы әрбір үлкен кісі өз отбасында бала-шағасына айтып отырса құптарлық іс болар еді. Өз ауласын ғана емес, көшені де гүлдендіріп, жыл сайын ағаш егіп, күтімге алса, туған жеріміз аз уақытта жайқалар еді. Мәдениеттіліктің бастауы тазалық екенін ұғынып, әрбір адам өзінің көшесін, ауласын таза ұстау арқылы қоғамға пайдасын тигізуге атсалысқаны дұрыс. Ал қоршаған орта күл-қоқысқа толып жатса, оның адам денсаулығына тигізер зияны көп. Сол себепті де тұрғындар айналаны ластамай, біреудің айтуымен емес, өздерінің денсаулығы үшін санитарлық тазалыққа мән беріп қарағаны жөн.
Яғни әрбір адам көше тазалығына жауап берсе, елді мекен келбеті айшықтала түсетіні анық. Сондықтан аудан тұрғындарын көше тазалығын сақтауға, тазалық акцияларына, оның ішінде республика бойынша ұйымдастырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысып, кент және ауыл тазалығын сақтауға біркісідей қатысуға шақырамыз.
Тазалық бей-жай қарайтын мәселе емес. Мұнда үлкен тәрбие негізі, мәдениеттілік бар. Себебі, тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткішінің бірі. Ол жан-жақты адам өмірін, болашағын, имандылығы мен адамгершілік сияқты көптеген тармақтарды қамтиды. Дана бабаларымыз адам өмірінің зор байлығы – денсаулық десе, ал денсаулықтың кепілі – тазалық екенін ұғындырған. Сондықтан тазалық – адамның мәдениеттілігінің, адамгершілігінің таразысы, иманның жартысы саналады. Ендеше туған жерімізді, өзіміздің өмір сүріп отырған ортамызды қорғап және бірге көркейтейік!
Бибісара ЖАНӘЛІ










