Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы таныстырылды
Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен актив отырысы өтті. Актив отырысында бұған дейін бөлім басшысы қызметін атқарған Еркебаев Темір Асқарұлына құрмет көрсетіліп, жаңадан тағайындалған Ермекбаев Шапағат Нұржанұлы таныстырылды.– Бүгінгі күнге дейін аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы қызметін атқарып келген Еркебаев Темір Асқарұлы азаматтық қорғау саласынан мерзімді зейнеткерлікке шығуда. Темір Асқарұлы ауданымызда қызмет атқарған уақытында абыройлы қызмет етіп, төтенше жағдайлардың алдын алу, өрттен қорғау жұмыстарын тиісті дәрежеде атқара білді. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің материалдық-техникалық базасы нығайып, азаматтық қорғау саласында оң серпін қалыптасты. Темір Асқарұлы, азаматтық қорғау саласынан құрметті зейнеткерлікке шығуыңызбен шын жүректен құтықтаймын, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Аудан басшысы Темір Асқарұлын ауданның “Құрмет грамотасымен” марапаттады.

Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің №75 бұйрығына сәйкес аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы лауазымына Ермекбаев Шапағат Нұржанұлы тағайындалды. Шапағат Нұржанұлы 1992 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. 2013 жылы «Көкшетау техникалық институтын» «Әскери іс және қауіпсіздік. Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2013 жылы Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты Мақат аудандық №8 өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы болып бастаған. Әр жылдары Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Байқоңыр қаласындағы №13 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, Қазалы аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, аға инженері қызметтерін атқарған. 2021 жылдан бүгінгі күнге дейін Қазалы аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы қызметін атқарып келді.
Аудан басшысы Шапағат Нұржанұлына сәттілік тілеп, аудандағы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша тапсырмалар жүктеді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі











