Ұлттық спорт – ұлт рухының айнасы
Бүгін Наурызнама онкүндігі аясында «Ұлттық спорт күні» кең көлемде атап өтіліп, аталған іс-шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар және ардагерлер мен спортшылар қатысты.– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Спорт дегеніміз – денсаулық, рухтың күштілігі, отансүйгіштік. Қазақ ұлттық ойындары - қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі. Олар еңбек пен рухани қызметтің жаңғырығын біріктіреді» деп атап өтті. Бүгінгі «Ұлттық спорт күні» – бабадан қалған асыл мұраларымызды жаңғыртуға, бұқаралық спортты дамытуға, сонымен қатар жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын ерекше күн. Біздің атақты спортшыларымыз, ұлттық ойындарда топ жарған жерлестеріміз – ел мерейін асырып, халқымыздың намысын қорғап жүр. Қазақ күресі, көкпар, бәйге, аударыспақ, тоғызқұмалақ, асық ату сынды ұлттық спорт түрлері біздің ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі. Ел Президентінің тапсырмасымен, Үкіметтің және облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен аймағымызда спорттың бұқаралық сипатын дамытуға ерекше мән берілуде. Облыс орталығында "Тенниc орталығы" пайдалануға берілді. Заманауи талаптарға сай келетін 11 мың орындық жаңа стадион салтанатты түрде ашылды. Соңғы үш жылда өңірде 20 спорт кешені салынып, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен тағы 6 спорт кешені пайдалануға берілді. «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерді. Ұлттық спортты дамыту, оны өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау – біздің басты міндетіміз. Себебі, ұлттық ойындар – тек спорт қана емес, ол – халқымыздың рухани құндылығы, жастарымызды тәрбие мен тәртіпке баулитын маңызды құрал. Бүгінгі жарыстарда сынға түсетін барлық спортшыларға сәттілік тілеймін! Ұлттық спортымыздың мәртебесі арта берсін! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мерекелік шарада қазақша күрес, асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тартыс, бес тас секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Шараға жасөспірімдерден бастап, кәсіби спортшылар мен ұлттық ойын жанашырлары да қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ, іс-шара барысында ұлттық дәстүр дәріптелді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі










