Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Ұлттық спорт күні» кең көлемде атап өтілді

«Ұлттық спорт күні» кең көлемде атап өтілді

Аудандық Орталық стадион төрінде Наурызнама онкүндігі қарсаңында «Ұлттық спорт күні» кең көлемде атап өтілді. Аталған шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, облыстық мәслихат депутаттары Қайрат Нұрсейітов пен Жұмабек Ембергенов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы және қоғам белсенділері мен аудан тұрғындары қатысты.

Аудан басшысы ата-бабамыздан мұра болып қалған ұлттық ойындарды жаңғыртып, халық арасында кеңінен насихаттауға шақырды.

– Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіқарсаңындағы «Ұлттық спорт күнімен» шын жүректен құттықтаймын! Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы ұлттық спортпен тығыз байланысты. Ежелден келе жатқан ұлттық ойындарымыз – халқымыздың ерлік пен ептілігінің, қайсарлық пен намысының мықтылығын көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Спорт дегеніміз – денсаулық, рухтың күштілігі, отансүйгіштік. Қазақ ұлттық ойындары - қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі. Олар еңбек пен рухани қызметтің жаңғырығын біріктіреді» деп атап өтті. Бүгінгі «Ұлттық спорт күні» – бабадан қалғанасыл мұраларымызды жаңғыртуға, бұқаралық спортты дамытуға, сонымен қатар жастардысалауатты өмір салтын ұстануға шақыратын ерекше күн. Біздің атақты спортшыларымыз, ұлттық ойындарда топ жарған жерлестеріміз – ел мерейін асырып, халқымыздың намысын қорғапжүр. Қазақ күресі, көкпар, бәйге, аударыспақ, тоғызқұмалақ, асық ату сынды ұлттық спорт түрлері біздің ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі. Ұлттық спортты дамыту, оны өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау – біздің басты міндетіміз. Себебі, ұлттық ойындар – тек спорт қана емес, ол – халқымыздың рухани құндылығы, жастарымызды тәрбие мен тәртіпке баулитын маңызды құрал. Сондықтан ауданымызда ұлттық спорт түрлерін кеңінен дамытуға, жасөспірімдер мен жастардың осы спортқа деген қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бүгінгі жарыстарда сынға түсетін барлық спортшыларға сәттілік тілеймін! Ұлттық спортымыздың мәртебесі арта берсін! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мерекелік шарада қазақша күрес, аударыспақ, асық ату, тоғызқұмалақ, бес тас секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Әсіресе, қазақтың қасиетті жылқы мәдениетімен тікелей байланысты аударыспақ ойыны көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді. Сонымен қатар, білекті жігіттердың арқан тартысы, мергендердің асық ату бәсекесі, жас палуандардың тартысты белдесулері, шеберлігі мен ебі жарасқан қыздардың бес тас ойыны және жас өрендердің тоғызқұмалақ ойыны көрермендерге тамаша көңіл-күй сыйлады.

Шараға жасөспірімдерден бастап, кәсіби спортшылар мен ұлттық ойын жанашырлары да қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Жарыстардың жеңімпаздары арнайы марапатталып, ұлттық спорттың керемет үлгісін көрсеткені үшін жиналған жұртшылықтың алғысы мен қошеметіне ие болды.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

21 наурыз 2025 ж. 60 0