Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлігі бекем, тірлігі көркем

Бірлігі бекем, тірлігі көркем

15 наурыз еліміз үшін маңызды әрі тарихи күн болды. Республика бойынша халық жалпыұлттық референдумға қатысып, жаңа Конституция жобасына да­уыс беріп, өз таңдауын жасады. Халқының аты да, даңқы да адал еңбекпен, бекем бірлікпен шыққан Сыр жұртшылығы осынау маңызы зор, мәні терең саяси кезеңде жоғары жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетіп, азаматтық ұстанымдарының нық әрі берік екенін дәлелдеп, дауыс беруге белсене қатысты. Еліміз бойынша референдумға қатысу көрсеткіші жөнінде Қызылорда облысы көш бас­тады. Оның ішінде, Сырдария ауданы дәстүрге сай саяси науқанды мерекелік көңіл-күйге ұластырды.

Кент орталығы мен ауылдық округ­тердегі референдум учаскелерінің ал­­дына қазақы салтпен киіз үй тігіліп, бауырсақ пісіріліп, концерттік бағ­дарлама ұйымдастырылды. Іс-шара барысында өнерпаздар ән айтып, күй тартып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Дауыс беруге келген тұрғындар мәдени бағдарламаны, қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалап, ерекше әсер алды. Аудан аумағындағы бірқатар референдум учаскесінде ұлттық ойындар ойнатылып, мәдени іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, алтыбақан құрылып, жастар мен ауыл тұрғындары ұлттық дәстүрге сай ойын-сауыққа қатысты. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлері де ұйымдастырылып, қатысушылар өзара күш сынасты. Алдын ала дайын­дық нәтижесінде, учаскелер жүйе­лі жұмысын таңертеңмен бастап кетті.


Маңызды саяси науқанда терең­өзектік 105 жастағы майдангер де өз таңдауын жасады. Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров референдум күні алғашқылардың бірі ретінде өз учаскесінде бюллетень алып, дауыс берді. Қария бұл күннің маңыздылығын атап өтіп, комиссия мүшелеріне ақ батасын берді. Майдангер ел тарихындағы әрбір сайлау және референдум науқандарынан тыс қалған емес. Әрбір адам мемлекет үшін маңызды істе үнсіз қалмауы керек деп санайтын дауыс беруші комиссия мүшелерінің жұмысына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ әр референдум учас­кесінде ең бірінші дауыс беруге келген тұрғынға, туған күн иесіне, жас отбасыларға, сондай-ақ ең жас дауыс берушіге арнайы сыйлықтар ұсынылды. Сырдария ауданы ауызбіршілік пен татулықтың үлгісін көрсетіп, саяси науқанды жоғары деңгейде өткізуге атсалысты. «Мағжан және К» ЖШС қызметкерлері, «Ару ана» әжелер ансамблі, «Ұлағат» әкелер ансамблі, «Мерейлі отбасы» байқауының жеңім­паздары отбасымен, бөлім мен мекемелер ұжым болып, спортшылар, көкпаршылар топтасып барып, саяси науқанда өз таңдауларын жасады. Аудандағы өзге ұлт өкілдері де қалыс қалмады. Саяси науқан аясында ауыл тұрғындарына қолдау көрсету, жергілікті өнімдерді насихаттау мақсатында жәрмеңке және қолөнер көрмесі ұйымдастырылғанын да айтып өту орынды. Іс-шара барысында ауыл шаруашылығы өнімдері мен күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік тауарлары тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсынылды. Сонымен қатар қарттар мен шалғай елді мекендерде тұратын тұрғындарға қолдау көрсету мақсатында автоволонтерлік қызмет өз жұмысын жүргізді. Аталған бастама азаматтардың дауыс беру учаскелеріне баруына қолайлы жағ­дай жасады. Автоволонтерлер тұр­ғындардың өтініштері негізінде көмек көрсетіп, олардың азаматтық бел­сенділігін арттыруға үлес қосты. Сондай-ақ үйден дауыс берушілерге де тиімді жағдай жасалды. Осылайша Сырдария ауданы үздіктер қатарында, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті.

«Ел бірлігі – ең асыл қасиет» дейді халық даналығы. Бірлік бар жерде жүйелі жұмыс та, жасампаз жетістік те болады. «Бірлігі мықты ел озады» деген тағылымды сөз осындайда айтылса керек. Бекем бірліктің, көркем тірліктің туын биікке көтеріп, өзге өңірлерге үлгі көрсеткен Сыр елі алдағы уақытта да жоғары белестерден көріне беретініне сенім кәміл.


А.МҰХАНБЕТҚАЛИ

17 наурыз 2026 ж. 93 0