Коалиция өкілдері барлық ұжымда кездесу өткізді
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы аясында Сырдария ауданы бойынша аумақтық коалиция құрылып, 2025 жылғы 16 ақпаннан бастап өз жұмысын бастағаны белгілі. Бүгін, 13 наурыз – үгіт-насихат жұмыстарының соңғы күні, яғни заңнамаға сәйкес ертең – тыныштық күні. Осыған орай коалицияның атқарған жұмысы мен қорытындылары туралы аумақтық коалиция төрағасының орынбасары, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлынан сұрап, пікірлескен болатынбыз.А.Ибрагимұлының айтуынша, Жаңа Конституция жобасын қоғамға түсіндіру және қолдауды ұйымдастыру, реформаларды ілгерілету мақсатында құрылған коалицияға Сырдария ауданынан сайланған облыстық мәслихаттың депутаттары, Сырдария аудандық мәслихатының депутаттары, «AMANAT», «Ауыл» партиясының өкілдері, білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау саласының майталмандары, үкіметтік емес ұйымдар, зиялы қауым, заңгерлер, жастар, сондай-ақ қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері мүше ретінде енгізілген. Олар белсенді түрде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, нақты нәтижелерге қол жеткізген.
– Бүгінгі күнге дейін 100-ден аса іс-шара, кездесу және «Есіктен есікке» акциялары ұйымдастырылды. Сырдария ауданы бойынша дауыс беру құқығына ие 21967 азаматтың барлығы дерлік конституциялық реформа мен референдум туралы хабардар етілді. Мәселен, 16 ақпан күні республикалық коалиция мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев ауданымызға жұмыс сапарымен келіп, халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерімен және белсенді жастармен кездесті. Мұрат Нәлхожаұлы Конституциялық реформаның маңыздылығына кеңінен тоқталып, жаңа реформалар адам құқығын қорғауды күшейтіп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нақтылайтынын айтып өтті. Аумақтық коалиция өкілдері де әр ұжымда кездесу өткізуде. Келелі кездесулердің негізгі мақсаты – жаңа Конституция жобасының мазмұнын таныстырып, ұсынылған өзгерістердің бағыт-бағдарын және маңызын түсіндіру, – дейді А.Ибрагимұлы.
Аумақтық коалиция төрағасының орынбасары 17 ақпанда коалиция мүшелері №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінде білім саласы өкілдерімен кездесіп, Конституциялық реформалардың басым бағыттарын түсіндіргенін жеткізді. Ал, 18 ақпан күні аудандық ауруханада денсаулық сақтау саласы өкілдерімен, «Руханият» орталығында аудан ардагерлерімен кездесу өткізіліп, Ата заң жобасындағы өзгерістер таныстырылған. Сонымен қатар 19 ақпанда аумақтық коалициясы мүшелері Тереңөзек кентіндегі №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінде білім саласы өкілдерімен кездескен. Кездесу барысында коалиция мүшелері референдумның ел болашағы үшін маңыздылығына, білім мен ғылым саласындағы жаңашылдықтарға, құқықтық сауаттылық мәселелеріне тоқталған. Осы күні ауданның мәдениет саласы өкілдерімен де кездесу өткен. Жиынға қатысушылар мәдениет саласының елдің рухани дамуы мен бірегейлігін нығайтудағы рөліне ерекше тоқталып, жаңа Ата Заң жобасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен мәдени мұраны қорғауға бағытталған нормалардың маңызын атап өтті.
– Өздеріңізге белгілі, 20 ақпан күні республикалық коалиция мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов ауданымызға жұмыс сапарымен келіп, әуелі аудан тұрғындарымен, кейін колледж оқытушыларымен, ұстаздар қауымымен жүздесті. Келелі кездесулер барысында Мұрат Абдуламитұлы аудан тұрғындарына жаңа Конституция жобасындағы өзгерістерді кеңінен түсіндірді. Жиын барысында педагогтер сарапшыларға өз сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. 21-22 ақпан күндері, яғни сенбі-жексенбіде коалиция мүшелері адам көп шоғырланатын аумақтарда, ірі сауда орындарында үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып, әлеуметтік желілерде ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жүргізді. Осылайша, алғашқы апта табысты әрі нәтижелі қорытындыланды. Үгіт-насихат жұмыстарының екінші аптасының алғашқы күні, яғни 23 ақпанда аумақтық коалиция мүшелері орталық стадионда ауданның спорт саласы өкілдерімен, аудандық емханада дәрігерлермен, ақ халатты абзал жандармен кездесті. Мұнан бөлек коалиция мүшелері ерікті жастармен бірге «Есіктен есікке» акциясы аясында үйлерді аралап, тұрғындарға Жаңа Конституцияның мазмұны туралы ақпарат берді. Бір күнде 100-ден астам үй араланып, ақпараттық материалдар таратылып, атқарылып жатқан жұмыстар ақпараттандырылды. 24 ақпан күні коалиция мүшелері, музей, архив, кітапхана саласы өкілдерімен, өлкетанушылармен дөңгелек үстел форматында кездесу өткізді. Коалиция жетекшісі ретінде жаңа Ата заң жобасында адами капиталға ерекше мән берілгенін, ал мәдениет пен тарихи мұра конституциялық қағидаттар деңгейінде бекітілетінін атап өттім. Осы күні аудан әкімдігінде мемлекеттік қызметшілермен, мемлекеттік қызмет саласының ардагерлерімен, бөлім, мекеме басшыларымен де кездесу өткізілді. Сондай-ақ коалиция мүшелері ерікті жастармен бірге «Есіктен есікке» акциясы аясында үйлерді аралап, тұрғындарға Жаңа Конституцияның мазмұны туралы ақпарат берді, – дейді А.Ибрагимұлы.
25 ақпанда «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері аудан орталығындағы «Руханият» орталығында барлық елді мекендерден жиналған жастармен кездесті. Кездесуде ұсыныстар мен ой-пікірлер ортаға салынып, еркін пікір алмасу болды. Сонымен қатар осы күні С.Сейфуллин ауылы тұрғындарымен кездесу өткізілді. Жастар мен ауыл тұрғындары жаңа Ата Заң жобасына қолдау білдірді. 26 ақпан мен 1 наурыз күндері аралығында табиғаттың қолайсыз ауа райына байланысты ауданда жарық, жылу болмай, коммуналдық салада күшейтілген жұмыстар атқарылды. Бұл күндері ұжымдық кездесулер өткізілмегенімен жалпы «Есіктен – есікке» акциялары ұйымдастырылды.
– Біз, аумақтық коалиция өкілдерімен бірге 2 наурыз күні аудандық кітапханада кітапхана саласының ардагерлерімен, аудандық кітапхана қызметкерлерімен, елді мекендегі кітапханашылармен және «Руханият» орталығында білім саласы өкілдерімен кездесу өткіздік. Кездесулерге жалпы тұрғындар да қатысты. «Есіктен есіктен» акциясы да жоспарға сәйкес ұйымдастырылды. 3 наурыз күні коалиция өкілдері спортшылармен және Ақжарма ауылында еңбек адамдарымен, тұрғындармен кездесіп, «Есіктен есіктен» акциясын өткізді. 4 наурыз күні коалиция мүшелері А.Тоқмағанбетов ауылдық мәдениет үйінде ауыл ардагерлерімен, тұрғындармен кездесу өткізілсе, ауылдағы №135 орта мектепте ұстаздармен, мектеп ұжымымен жүздесті. Сонымен қатар кең көлемді «Есіктен есіктен» акциясы ұйымдастырылды. 5 наурызда үкіметтік емес ұйым өкілдерімен, ардагерлер кеңесінің, қоғамдық кеңестің, әйелдер кеңесінің, қоғамдық келісім кеңесі мүшелерімен кездесу өткізілді. Сонымен қатар Айдарлы ауылында да тұрғындардың қатысуымен кездесу ұйымдастырылды. Аумақтық коалиция өкілдері Н.Ілиясов және Жетікөл ауылдарында болып, ауылдық мәдениет үйлерінде кездесулер өткізді. Ауыл тұрғындары жаңа Конституция елдің ұзақ мерзімді дамуына берік құқықтық негіз қалыптастырып, тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтуға қызмет ететініне сенім білдірді. Тұрғындар алдағы референдум ел болашағына қатысты маңызды тарихи шешім екенін атап өтіп, азаматтық белсенділік танытуға дайын екендіктерін жеткізді, – дейді аумақтық коалиция төрағасының орынбасары.
Коалиция мүшелерінің, ерікті жастардың қатысуымен 8, 9 наурыз күндері «Ескіктен есікке» акциясы өткізілді. Мұнан бөлек 10 наурызда әлеуметтік сала өкілдерімен, №36, №131 білім ордаларында білім саласы қызметкерлерімен, Қалжан ахун ауылы тұрғындарымен өткізсе, 11 наурызда Аманкелді ауылы тұрғындарымен және ауылдағы мектеп ұжымымен кездесу ұйымдастырылды. Кеше орман шаруашылығы саласы қызметкерлерімен, Қоғалыкөл ауылы тұрғындарымен кездесу өткізілген. Мұнан бөлек бүгін «Невада-Семей» ядролық қозғалысы ардагерлерімен, Тәжік, Ауған соғысы ардагерлерімен және Іңкәрдария ауылының тұрғындарымен кездесу өткізіліп, үгіт-насихат жұмыстарының соңғы күніне дейін коалиция мүшелері барлық ауылда болып, тұрғындармен жүздесіп, дауыс беру құқығына ие әр азаматқа жаңа Ата заң жобасы туралы ақпараттар ұсынылды.
– Коалиция жұмысы басталғаннан күннен бастап 30-дан астам билборд орналастырылды. Бүгінгі күнге дейін аудан бойынша әлеуметтік желілерде 2 мыңға жуық пост жарияланды. Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің әр нөмірінде коалиция өкілдерінің пікірі, жиналыстар мен кездесулер, ақпараттық мақалалар жариялануда. Жаңа Конституция жобасы меншік түріне қарамастан барлық мекемелердің парақшалары арқылы да кеңінен насихатталуда. Танымал тұлғалардың видеолары жарияланды. Жалпы Сырдария ауданы бойынша 18 сайлау учаскесі бар, референдум күні «AMANAT» партиясы атынан әр сайлау учаскесінде 3 байқаушыдан, жалпы 54 байқаушы жұмыс істейді. «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы аясында Сырдария ауданы бойынша аумақтық коалицияның мүшелері жауапкершілікті терең сезініп, белсенділік танытып, алдағы уақытта да қарқынды түрде жұмыс жүргізетін болады, – деп түйіндеді А.Ибрагимұлы.
Аумақтық коалиция төрағасының орынбасары күні кеше Мемлекет басшысының қатысуымен өткен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ форумы туралы да айтып өтті. Президент бұл басқосудың еліміз үшін мән-маңызы айрықша екенін атап, жиында кешенді саяси, экономикалық реформаларды іске асырудағы, сондай-ақ мемлекетті басқару жүйесіндегі мәслихаттардың рөлі талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда кең ауқымды, тарихи өзгерістер жүзеге асырылып жатқанын айтып, бастамалардың бәрі де халықтың әл-ауқатын арттыру үшін қолға алынғанын жеткізді. Сондай-ақ әкімдіктегі бюджеттік комиссияның құрамына білімді, беделді мәслихат депутаттарын қосқан жөн екенін айтты. Бұл жұмыстың сапасын арттырып, қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалауға оң ықпал етеді. Жиын барысында конституциялық реформа мен тұңғыш Президенттің тарихи еңбегі жөнінде де айтылды.
– Мемлекет басшысы «...алдағы жексенбіде халқымыз дауыс береді. Бұл референдумның Қазақстан тарихындағы орны ерекше болатыны сөзсіз. Азаматтарымыз Конституция жобасын қолдаған жағдайда Қазақстанда жаңа, анағұрлым тиімді, яғни, еліміздің ұзақмерзімді тұрақты дамуына жол ашатын саяси жүйе қалыптасады. 1995 жылғы Конституцияда мемлекеттік билікті нығайтуға басымдық берілді. Сол заманның биігінен қарағанда, бұл орынды еді. Өйткені Тәуелсіздіктің елең-алаңында заң шығару қызметін қамтамасыз ету қажет болды. Қолданыстағы Конституцияны сынға алудың қажеті жоқ. Өйткені бұл құжат мемлекетіміздің іргесін бекемдеуге оң ықпал етті. Мұны мойындауымыз керек. Біз Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерекше тарихи еңбегін ұмытпағанымыз ләзім» деді. Президент Қазақстан жастарына тағы да арнайы үндеу де жасады. Түптеп келгенде, мұның бәрі елдің ертеңі үшін жасалып жатыр. Ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бізге кең-байтақ жерді аманат етті. Біз де келер ұрпақтың әділетті әрі өркендеген Қазақстанда өмір сүргенін қалаймыз. Сол үшін бәрін жасаймыз. Енді бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, белсенді жұмыс істейік, – деп түйіндеді А.Ибрагимұлы.










