Бауырсақтың 4 түрлі рецепті
суреттер: ашық дереккөзден
Бауырсақ – қазақтың ұлттық тағамы. Біз бауырсақсыз жайылған дастарханды көз алдымызға елестете алмаймыз. Той-томалақтарда бауырсақ пісіріп, дастарханымыздың сәнін келтіреміз.
Наурыз мейрамы әлі де тойланып жатыр. Жылдың жаңаруын бір ай тойлайтынымызды есепке алып, әлі де бауырсақтың түр-түрін пісіріп көруіңізге болады.
Сүт қосылған бауырсақ
Қажетті өнімдер:
Ашытқыға:
400 мл жылы сүт
15 гр. қант
40 гр. ұн
6 гр. құрғақ ашытқы
Қамырға:
500 гр. ұн
1 шай қасық тұз
50 гр. өсімдік майы
Дайындалу тәсілі:
Алдымен ашытқыны дайындап алайық. Ол үшін табаққа жылы сүтті құйып, құрғақ ашытқы мен қантты саламыз. Жақсылап араластырамыз. Кейін ұнды қосып, тағы бір араластырып жібереміз де, бетінжайып жылы жерге қойып қою керек. Біраз уақыттан соң сүттің беті көпірши бастайды. Осы кезде қалған ұн мен тұзды салып, қамыр илей беруге болады. Қамыр жұмсақ болуы керек. Дайын қамырды жылы жерге қойып қойыңыз. Бір сағаттан соң қамырға пісте май құйып, тағы бір илеп жібереміз де, жылы жерге қойып қоямыз.
Ашыған қамырды сыпыраның бетіне аударып, шетінен кесіп аламыз да, қамырды жаямыз. Кесілген қамырлар 10-15 минут тұрса көтеріледі. Содан соң қазанға май құйып, қыздырып, бауырсақты пісіріп ала береміз. Міне, сүт қосылған бауырсақтар да дайын болды.
Кефирге иленген бауырсақ
Қажетті өнімдер:
2 стақан кефир
600 гр. ұн
1 шай қасық ас содасы
1 шай қасық құрғақ ашытқы
1 дана жұмыртқа
0,5 шай қасық тұз
1 ас қасық қант
2 ас қасық өсімдік майы.
Дайындалу тәсілі:
Кефирді сәл ғана жылыту керек. Сөйтіп кефирге қант, ашытқы, ас содасын салып, араластырасыз. Сосын жылы жерге қоя тұрыңыз. Сонда кефирдің бетіне көпіршіктер шығады. Енді кефирге тұз бен жұмыртқаны, өсімдік майы мен ұнды салып, жақсылап қамыр илейсіз.
Қамыр өте жұмсақ әрі қолға жабысатын болғаны дұрыс. Қамырдың бетін жауып, 1 сағаттай жылы орап қоясыз.
Ашыған қамырға ұн себелеп, тағы бір рет илеп жіберу керек. Кейіннен қамырды ұзынша бөліктерге бөліп шығамыз. Сосын осы ұзынша бөліктерді майда бөліктерге бөліп кескен дұрыс. Кесілген бауырсақтар 10 минут тұрғаннан кейін, қызып тұрған майға салып пісіре бересіз. Пісіп шыққан бауырсақтарды ыстық шаймен, тосаппен ұсынсаңыз дәмі тіл үйірері сөзсіз.
Ашытқы қосылмаған бауырсақ
Қажетті өнімдер:
200 мл кефир
300 гр. ұн
1 шай қасық өсімдік майы
0,5 шай қасық ас содасы
1 шай қасық қант
1 дана жұмыртқа
Дайындалу тәсілі:
Табаққа жұмыртқа мен кефирді құйыңыз. Оған қант, тұз бен ас содасын салу керек. Барлығын жақсылап араластырып, бірер минутқа қалдырамыз. Содан соң бір шай қасық өсімдік майын құямыз. Осындай араласпаған ұн салып, жұмсақ қамыр илеу керек. Бірақ та ұнды бірден салуға болмайды. Лажы болса, аз-аздан салған дұрыс. Дайын қамырды 1 сағаттай жылы жерге қойып қою керек. Жарты сағаттан соң пісіре беруге де болады.
Қамырды екі бөлікке бөліп, жаямыз. Сосын қамырды өзіңіздің қалауыңызша кесіп, пісіріп ала бересіз.
Сүзбеден дайындалған бауырсақ
Қажетті өнімдер:
200 гр. сүзбе
80 гр. қаймақ
3 дана жұмыртқа
Тұз
0,5 шай қасық ас содасы
200 гр. ұн
Қант ұнтағы
Дайындалу тәсілі:
Сүзбе қосылған қамырды илеу үшін: сүзбе, жұмыртқа, тұз, қаймақ және ас содасын араластыру керек. Сосын аз-аздан ұнды қосып, қамыр илейміз. Қамырды соңында ұнға бір аунатып алып, 2-3 бөлікке бөлеміз де, ұстел үстіне қойып дөңгелетеміз. Содан соң осы бөліктерді кішкене бөлшектерге бөлу қажет.
Табаға май құйып қыздырып, бауырсақтарды пісіріп ала береміз. Астарыңыз дәмді болсын!
Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы.
ERNUR.KZ
Пікір 2