Аудан әкімі жас аналарды мерекемен құттықтады
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудандық ауруханаға барып, жас аналармен кездесіп, оларды Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады.Кездесу барысында аудан әкімі аналардың қоғамдағы ерекше рөліне тоқталып, ізгі тілегін білдірді.
-Қазақ халқы ананы әрдайым отбасының берекесі, ұрпақтың тәрбиешісі деп қадірлеген. Өйткені ұлттың болашағы мен елдің ертеңі – ананың берген тәрбиесіне тікелей байланысты. Ананың мейірімі мен қамқорлығы – қоғамдағы ізгілік пен адамгершіліктің негізі. Ананың ақ батасы мен ақ тілегі перзент үшін әрдайым үлкен күш пен сенім сыйлайды. Сондықтан ананы құрметтеу мен қадірлеу – әрбір азаматтың борышы. Қоғамда аналардың орны әрқашан айрықша. Отбасында сүйікті жар, баласына қамқор ана болып, ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосып жүрген барша аналарға алғысымыз шексіз. Сіздер мейірім мен жанашырлықтың, сабыр мен төзімділіктің үлгісісіздер. Дүниеге сәби әкелу – үлкен жауапкершілік әрі зор қуаныш. Балалардың шат күлкісі мен бақытты балалығы ең алдымен ананың ақ жүрегі мен адал еңбегінің нәтижесі. Осы мерекелі күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ал сәбилеріңізге жарқын болашақ тілеймін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Кездесу барысында мереке қарсаңында сәби сүйген аналар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі








