Кәсібилікті ту еткен маман
Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің құпия іс жүргізу және құпия емес іс жүргізу бөлімшесінің басшысы Лаура Сарқыншақова қызметіне кәсібилік пен адалдықты ту еткен маман. Ол күнделікті қызметіндеқұжаттың дұрыс, әріқұпия жүргізілуін қадағалап, саралап, қауіпсізқоғамқалыптастыруда аянбай еңбек етуде. Әрбірқұжаттың артында адам тағдыры, ел тыныштығы тұрғанын сезіну бөлімше басшысының басты ұстанымы.Табандылық пен ішкі тәртіпті үйлестіре білген Лаура Ғаниқызы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге 2020 жылы келген. Бұған дейін ауданда әділет басқармасында он екі жыл бойы қызмет етіп, тәжірибе жинап, қорғаныс істері жөніндегі бөлімге білікті маман ретінде қызмет ауыстырады.
Ауданның қорғаныс саласының құрылғанына 90 жыл уақыт болғанын ескерсек, бірнеше мәрте құрылымдаудан өткен бөлімде қатаң тәртіп пен сапалы қызмет берік орнаған. Үлкен жауапкершілік, адал еңбек пен қайсарлық – мемлекет қауіпсіздігінің басты кепілі десек, білікті маман өз қызметін мінсіз атқаруға атсалысуда.
Шын мәнінде, «әскери сала әйел адамға тән емес» деген ұғым өзінің өміршеңдігін жойып бара жатқанын бөлімде осы уақытқа дейін қызмет атқарып жүрген Лаура секілді ару қыздар дәлелдеді. Арулардың тегеурінді қызметі ер азаматтармен бірдей ауданның қорғаныс саласының жұмысын алға сүйреп келеді.
– Еліміздің Қарулы күштерінің түрі де, атқаратын қызметі де уақыт сұранысының барлық талабына сай деп айтуға толық негіз бар. Ер азаматтармен қатар ел намысын ту етіп көтеріп, төл әскери салада жүрген әйелдердің бары қуантады. Ішкі тәртіпке бағынып, қорғаныс қызметінің жұмысын үйлестіруде уақытпен санаспай қызмет етіп жүрген қыз-келіншектердің жұмысы да қауырт. Әсіресе көктемгі-күзгі шақырылым кезінде бөлімнің қызметі қаншалықты жауапты екенін аңғару қиын емес. Бұл саладағы қызметім құжатпен байланысты. Ал әрбір құжаттың соңында адам тағдыры тұр. Құпия іс жүргізуде қатаң тәртіп пен білімді болу қажет. Бұйрыққа бағынып, басшылықтың тапсырмасын мұқият орындау басты міндетіміз, – дейді өз ісінің маманы Лаура Сарқыншақова.
Білікті маман қызметін абыройлы атқарумен қатар отбасында төрт перзентіне сүйікті ана бола білген жан. Лаура Ғаниқызы – есімі ауданға ғана емес, республикаға белгілі теміржолшы әулетінің перзенті. Арғы атасы Әби Сарқыншақовтың ұрпағы ретінде елге деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімі қанында бар. Әкесі Ғани Сарқыншақов – теміржолда өмір бойы жұмыс істеп, еңбегінің зейнетін көріп отырған ардақты ардагер. Әке асқар тау десек, қыз балаға анасының берген тәрбиесін ешкім алмастыра алмайды. Лаураның анасы марқұм, баспахана ардагері Шынар Әбдіхалықова. Анасынан тазалықты, ұқыптылықты, мейірімділікті бойына сіңіріп өскен бойжеткен қазір өзі де мейірімді ана. Талабы таудай, білімге құштар болған болашақ маман мектеп бітірген соң Қазақстан-Ресей Халықаралық университетіне түсіп, Қазақстан Инженерлі Экономикалық университетін «Кеден ісіндегі құқықтық сараптау» мамандығымен бітіріп шығады. Жоғары оқу орнын қызыл дипломмен аяқтап, туған жердің түлеуіне қызметке кіріскен ару бүгінде өз ісінің кәсіби маманы. Оның қызметіне деген жауапкершілігі мен өмірлік ұстанымына айналған антқа адалдығы көпке үлгі.
Бибісара ЖАНӘЛІ










