Мерейтой иесін қабылдап, құрмет көрсетті
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Қызылорда облысының құрметті ардагері Серік Нұртазаевты қабылдап, 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.Қабылдауда аудан әкімі ардагердің өңір дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.
– Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізіне ерген ұрпағына бас-көз бола білген алдыңғы буын ағаларымыздың орны ерекше. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарды ардақтап, бүгінгідей құрмет көрсету игі дәстүрге айналды. Бүгін адал еңбегімен халықтың ыстық ықыласына бөленген, экономика, қаржы саласында өзіндік қолтаңбасы бар Серік Нұзтазаевтың 70 жасқа толған мерейтойына орай жиналып отырмыз. Сізді барша аудан жұртшылығы атынан мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Өзіңіздің іскерлік қабілетіңіз бен кәсіби шеберлігіңіздің арқасында ауданымыздың өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосып, еңбекпен еселенген өнегелі өмір жолыңызда өңіріміздің дамуы үшін аянбай қызмет жасадыңыз. Алдағы уақытта да тәуелсіз қазақ елінің жарқын болашағына куә болып, мағыналы ғұмыр кешіңіз. Әрқашан мерейіңіз үстем, мәртебеңіз биік, абыройыңыз асқақтай берсін! Мерейтойыңыз құтты болсын, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Айта кетейік, Серік Нұзтазаев Ақжарма ауылының тумасы. Еңбек жолын Ақжарма ауылында жұмысшы болып бастап, Далакөл ауылдық кеңесінің хатшысы, «Ильич» совхозында өндіріс бригадирі, кейін совхоздың кәсіподақ комитетінің төрағасы болып қызмет жасады. Ардақты азамат Тәуелсіздік жылдарында білімі мен тәжірибесін қаржы саласына арнап, 1994-2000 жылдары әр түрлі салада бас экономист қызметтерін атқарды. 2001 жылы Ақжарма ауылдық округінің әкімі болып тағайындалды. 2002 жылдың қыркүйек айында Тереңөзек кентінің әкімі болып тағайындалып, аудан орталығының дамуына абыройлы қызмет атқарды. 2007-2011 жылдары Сырдария аудандық ішкі саясат бөлімін, 2011-2012 жылдары Сырдария аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін басқарды. 2022 жылдан бері Қызылорда облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-нұсқау бөлімінде облыстық Қоғамдық кеңес жұмысын үйлестіру жұмыстарын жүргізуде. Қай салада болса да барлығын үлкен жауапкершілікпен атқарып, облыс, аудан жұртшылығының алғысына бөленіп келеді.
Салтанатты қабылдауда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Ұлмекен Жанәлиева, еңбек ардагерлері Бүркітбай Мұстафаұлы, Марат Омаров сөз сөйлеп, мерейтой иесіне жылы лебіздерін білдірді.
Кездесу барысында аудан әкімі мерейтой иесіне ауданының Құрмет грамотасын табыстады. Халқымыздың игі дәстүрі бойынша шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.
Өз кезегінде Серік Нұртазаев көрсетілген құрметке алғысын білдірді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі










