Біз ұйықтап жатқанда...
Осы аптаның сәрсенбісінде ауа райының күрт өзгеріп, қар аралас жаңбыр жауып, желдің күшеюінен Сырдария ауданына келетін 35/10 кВ жоғары кернеулі әуе желілерінде ақау орын алды. Табиғаттың тосын мінезінің салдарынан ауданға қарасты кент және 8 елді мекенде жарық өшкен еді. Бір сәтте дамылсыз жұмыс жасап жатқан «Тереңөзек электр торабы» мекемесінен 7 бригада арнайы техникалармен жедел қалпына келтіруге күш салуда.Аудандағы мекеме қызметкерлерінің күшімен сынған, құлаған талдарды тазалау жұмыстары жүргізілуде. «Тереңөзек тазалығы» мекемесінің мамандары көшені қар мен мұздан тазартып, техникаларды барынша жұмылдыруда. Әрине, сіз бен біз ұйықтап жатқанда дамылсыз қызмет атқара білген әрбір маманның, коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегі зор. Бұл күнде электр желісі мұздан тазартылып, үзілген жерлері қалпына келтірілуде.
Аудан аумағында қалыптасқан қолайсыз ауа-райына байланысты елді мекеннің ішкі жолдары мен жаяу жүргіншілер жолдарын қардан тазарту, сондай-ақ жолдарға тұз аралас құм себу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Коммуналдық қызметтер тарапынан көше жолдарындағы көлік қозғалысы мен тұрғындардың қауіпсіздігіне ерекше мән берілуде. Осыған сәйкес, қажетті техника мен жұмысшылар тартылып, тазалау жұмысы жасалуда. Барлық атқарылып жатқан жұмыс аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың тұрақты бақылауында.
Жергілікті халық тарапынан «жарық жоқ», «үйіміз салқын», «ауызсу қашан беріледі» деген пікір көптеп айтыла бастады. Дегенмен сабырлық танытып, әрбір маманның амандығын тілеген көпшілік қалыпты өмірге орала бастады.
Аудандық полиция бөлімінің мамандары да жол қозғалысын реттеп, қауіпсіздік іс-шарасын қолға алды. Жол ережелерін тұрғындарға түсіндіріп, аса қажет болмаған жағдайда ұзақ жолға шықпауын үндеді. Күшейтілген режимде жұмыс жасаған сала мамандары әрбір іске қырағылық танытуда.
Бұл жерде «Тереңөзек электр торабы» «Тереңөзек тазалығы» және бірқатар мекеменің, төтеншеліктер мен аудандық полиция, дербес бөлім мамандарының қажыр-қайратының арқасы. Аяз бен дауылда дамылсыз жұмыс жасаған барлық сала маманына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










