Алғыс айту – ізгіліктің мерекесі
Қазақстандықтар соңғы он жылдан бері Алғыс айту күнін көктемнің алғашқы күні атап өтіп келеді. Алғыс айту күні – адамның бір-біріне деген құрметтің, өзара сыйластық пен бірліктің мерекесі ретінде әрбір жанға қуаныш сыйлауда. Биыл да елімізде атаулы мереке ынтымақ пен тыныштықтың символы ретінде мерекеленуде.Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев татулық, ынтымақ, достық сынды қастерлі құндылықтарды дәріптеу береке-бірлігімізді бекемдей түсетінін, мұның бәрі ұлтты ұйыстырудың ұтымды жолы екенін атап өтті. Жанашырлық, қамқорлық, мейірімділік – осы атаулы күн аясында ерекше көрініс береді. Қазақ ұлтына тән қасиетті, ізгі дәстүрді сақтауға, өскелең ұрпақ бойына сіңіруге аға ұрпақ сан ғасырдан бері аянбай үлгі көрсетіп, еңбек етіп келеді.
Биыл айтулы күн қасиетті Рамазан айымен тұспа тұс келді. Мұсылман жұртына ортақ мерекені бірлік пен береке, кешірім мен мейірім айы десек, дәл осы күні қайырымды іс жасау, жақыныңа көмектесіп, мұқтаждарға қол ұшын беріп алғыс алудың орны бөлек. Сондықтан алғыс айту күнін бір-бірімізге деген құрметімізді, ризашылығымызды білдіріп, ортақ тарихымызға тағзым ететін ерекше мейрам ретінде атап өтеміз.
Шын мәнінде Тәуелсіз еліміздің тарихында атаулы күннің 1 наурыз болып таңдалуы да ерекше мәнге ие. Себебі, бұл күн Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келеді. Жалпыхалықтық мерекеге айналған күні ізгі дәстүрмен Қазақстандағы өзге этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде құшақ жая қарсы алған кеңпейіл де қонақжай қазақ халқына алғыс айтады. Ел-жерімізді мекендеген сан түрлі ұлт пен ұлыс қазақ жұртының дархан көңіліне әрқашан алғыс білдірген.
Міне, бүкіл қазақстандықтың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі болған күні шын жүректен алғыс айтуға асығайық. Алғыс айту арқылы адамның адамға жасаған жақсылығы, көмегі, көңілі үшін ризашылық білдіресіз. Ал ризашылық – адамның басқа адамнан көрген жақсылығы, көмегі, көңілі үшін жылы лебіз және алғыс білдірушілік сезім. Шын мәнінде жылы сөз, қайырымды іс, жақсы ой, кіршіксіз сезімдеріңізді ешкімнен ешқашан аямаңыздар. «Рақмет» деген қасиетті сөзді жиі айту – ол кісіліктің, мәдениеттіліктің белгісі. Адам алғыс пен ризашылықты естіген сайын, жақсылық жасағысы келіп тұратыны анық. Өмірдің әрбір сәтін бағалай білуге үйрену де әрбір жанның жүрегін жұмсартады.
Осы сәтте Сіз бен Біз ең алдымен Жаратушы Аллаға, Табиғат – Анаға мейірімді күні үшін, нұр себелеген жаңбыры мен ақ қары үшін, жұмсақ ұлпа бұлты үшін, жақын адамдарға – қайырымдылығы мен риясыз махаббаты үшін алғыс айтуды ұмытпайық! Ал біз, ойлы оқырманымызға тілектес болғаны үшін, бізбен бірге апта сайын басылым арқылы қауышып отырғаны үшін алғыс айтамыз.
Бибісара ЖАНӘЛІ











