Топ-баннер
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақтың коммуналдық инфрақұрылымында серпін бар

Аймақтың коммуналдық инфрақұрылымында серпін бар

Қызылорда облысында инженерлік желілерді жаңғырту және тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметпен қамту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Соның нәтижесінде аймақтың газдандыру деңгейі 83 пайызға жетті.

Бүгінде өңірдегі төрт қала толық көгілдір отынға қосылған. 2025 жылы 18 жоба іске асырылып, тағы 11 ауыл табиғи газға қол жеткізді. Бұл шамамен 17 мың тұрғынның тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Ал 2026 жылы тағы 10 елді мекенді газ желісіне қосу жоспарланып отыр. Осылайша газдандыру деңгейін 85 пайызға жеткізу көзделген.

Ауыз сумен қамту мәселесінде де ілгерілеу бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылы облыс халқы толықтай орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Бұған дейін су жетпеген 11 ауылға жаңа желілер тартылып, тұрғындар таза суға қол жеткізді. Биыл су және кәріз жүйелерін жаңғыртуға қаржы бөлініп, тозу деңгейін төмендету жұмыстары жалғасады.

Жылумен қамту саласында да нақты нәтижелер байқалады. Өткен жылы 7,9 шақырым жылу желісі жөнделіп, тозу деңгейі 42 пайыздан 40 пайызға дейін төмендеді. Сонымен қатар Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 МВт жаңа жылу электр орталығының құрылысы жүргізілуде. Қазір станция тестілік режимде жұмыс істеп, 176 МВт электр энергиясын өндіріп отыр. Нысанды биыл толық іске қосу жоспарланған.


Бұдан бөлек, «Самұрық-Қазына» қоры өңірде қуаттылығы 1 100 МВт бу-газ қондырғысын салуды жоспарлап отыр.

Өңірде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға да көңіл бөлінген. Қазіргі таңда облыста жалпы қуаты 88 МВт болатын үш күн электр станциясы жұмыс істейді. Сонымен бірге құны 33 млрд теңгеге бағаланған, қуаттылығы 120 МВт жаңа жобалар жүзеге асырылуда.
27 ақпан 2026 ж. 110 0