Топ-баннер
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әсел АБДУЛЛАЕВА, PhD, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультеті деканының ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық қатынастар жөніндегі орынбасары: Жасанды интеллект ғалымның мүмкіндігін кеңейтеді

Әсел АБДУЛЛАЕВА, PhD, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультеті деканының ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық қатынастар жөніндегі орынбасары: Жасанды интеллект ғалымның мүмкіндігін кеңейтеді

Газетіміздің «Шалғайда жүрген бір түлек» айдарының қонағы тереңөзектік Әсел Абдуллаева. Жерлесіміздің ғылым жолында жүргеніне біршама жыл болды. Негізгі қызметімен қатар жас ғалым әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің метеорология және гидрология кафедрасының доцент міндетін атқарушысы, PhD. Аудандағы қарашаңырақ №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің түлегі жоғары білімін Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде алып, үздік тәмамдаған. Магистратура мен докторантураны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқып, өзі қызмет ететін университетте білім беру мен ғылымды ұштастыра отырып, жас мамандар мен болашақ ғалымдарды даярлауға үлес қосуда.Туған жерден түлеп ұшып, еліміздің ғылымы мен білімінің дамуына үлес қосып жүрген Сыр перзенті жерлестерінің мақтанышы. Оқырман назарына арнайы сұхбатты ұсынамыз.

– Әсел Сәбитқызы, туған жерден түлеп ұшқан түлек бала кезінде қандай оқушы болды. Мектеп қабырғасындағы қызы­ғушылық болашақ маман­дық таңдауыңызға әсер етті ме?

– Ең алдымен, туған жердің төл газеті оқырмандарына ыстық сәлемімді жолдаймын. Мектеп қабырғасында ізденімпаз, зерттеуге құмар оқушылардың қа­тарында болдым. Табиғи құбы­лыс­тардың себеп-салдарын түсінуге деген қызығушылығым ерте қалыптасты. Республикалық ғылыми жобаларға қатысып, Арал теңізінің тартылуы салдарынан аймақтағы топырақтың тұздану үдерісін зерттедім. Сондай-ақ Тереңөзек кентіндегі жердің сорлану себептерін талдап, олармен күресу жолдары бойынша ғылыми ізденіс жұмыстарын жүргіздім. Бұл зерттеулер, әрине, мектеп мұғалімдерінің кәсіби бағыт-бағдары мен қолдауының нәтижесінде жүзеге асты. Олар мені ғылыми дерекпен жұмыс істеуге, мәселені жүйелі талдауға және қорытынды жасауға үйретті.

Сонымен қатар мектеп жылдары түрлі пәндік олимпиадалар мен зияткерлік конкурстарға белсенді қатысып отырдым. Мұндай орта бәсекелестікке төзімділік пен табандылықты қалыптастырып қана қоймай, ғылыми ойлау мәдениетін шыңдауға ықпал етті.
Бүгінде сол кезеңге көз жүгірте отырып, ғылым жолына деген алғашқы ынта-жігерім мен қабілетім дәл сол мектеп қабырғасында қалыптасқанын түсінемін. Бұл – ұстаздардың бағыт-бағдары мен туған жердің экологиялық мәселесін терең сезінудің нәтижесі деп есептеймін.

– Еліміздегі таңдаулы универ­ситеттің бірінде жоғары білім алыпсыз, техникалық маман­дықты ғылыммен ұштастырған ғалым атандыңыз. Ғалым ретінде қандай мәселені зерттедіңіз, жалпы ғылымға қосқан үлесіңіз туралы айтсаңыз?

– Иә, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде магистратура және докторантура бағдарламаларын тәмамдап, су ресурстарын басқару және қауіпті гидрологиялық құбы­лыстарды бағалау бағытын ғылыми зерттеу саласы ретінде қалып­тастырдым. Зерттеу жұмысым кли­маттың өзгеруі жағдайында Іле Алатауы өзендер алаптарындағы мұз­дықтық-мореналық көлдердің қазіргі жағдайы мен даму динамикасын, олардың ақтарылу механизмдерін және осы процестердің сел қаупіне әсерін кешенді бағалауға бағытталды. Диссертациялық зерттеу аясында мұздықтық-мореналық көлдердің мор­фометриялық сипаттамалары жүйе­леніп, олардың кеңістіктік-уақыт­тық өзгеру үрдістері анықталды, сондай-ақ сел қаупінің қалыптасу факторлары ғылыми негізде талданды.

Ғылыми еңбектерімде криосфера деградациясының өзен ағындысының режиміне әсері, климаттың тұрақ­сыздығы жағдайындағы гидро­ло­гиялық өзгерістер, сондай-ақ сел және су тасқыны қаупін көпкритерийлі бағалау мәселелері қарастырылды. Зерттеулер барысында геоақпараттық талдау, қашықтан зондтау мәлі­меттері, статистикалық әдістер және гидродинамикалық модельдеу құрал­дары кешенді түрде қолданылды.

Зерттеу нәтижелері тау аймақ­тарындағы табиғи қауіптерді басқару, инфрақұрылымды жоспарлау және төтенше жағдайлардың алдын алу жүйесін жетілдіру бағытында прак­тикалық маңызға ие. Жалпы алғанда, менің ғылыми қызметім кли­маттың өзгеруі жағдайында таулы өңір­лердің гидрологиялық қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге және өңірлік тұрақты дамуға ғылыми негіз қалыптастыруға бағытталған.

– Су маманы ретінде айты­ңызшы, елімізде болып жатқан су тапшылығы немесе көктемгі су тасқынының алдын алуда қандай орнықты жұмыс атқарылуы тиіс?


– Су тапшылығы мен көктемгі су тасқыны бір қарағанда қарама-қарсы құбылыстар болғанымен, екеуінің де түпкі себебі су ресурстарын басқару тетіктерінің жеткіліксіз үйлестірілуі мен климаттың өзгеру факторына байланысты. Сондықтан бұл мәселелерді жеке емес, кешенді түрде қарастыру қажет. Елімізде су ресурстарын басқару бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Су шаруашылық алаптары бойынша бірлесіп басқару, трансшекаралық өзендер бойынша ғылыми негізделген зерттеулер жүргізу, гидрометеорологиялық бақылауды дамыту – осының барлығы су қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Бүгінде қар қоры, жауын-шашын, топырақ ылғалдылығы сияқты гидрометеорологиялық көрсеткіштер бойынша мәліметтер түрлі ақпараттық жүйелерде қалыптастырылуда. Ендігі маңызды міндет – осы мәліметтерді бірыңғай цифрлық платформаға біріктіріп, оларды тиімді болжамдық модельдерге айналдыру және басқарушылық шешімдердің ғылыми негізіне айналдыру. Сонымен қатар бақылау жүйелерін толыққанды автоматтандыру, нақты уақыт режимінде жұмыс істейтін цифрлық бақылау тетіктерін дамыту су тасқыны мен су тапшылығы тәуекелдерін жедел бағалауға мүмкіндік береді. Су тапшылығы жағдайында су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығында және өндірісте су тиімділігін арттыру да стратегиялық маңызға ие.

– Сыр елінен шыққан ғалым әрі докторант ретінде халықаралық деңгейде қандай мәселені көтерер едіңіз? Бола­шақта ғалымдар неге басым­дық беруі керек деп ойлайсыз?

– Шынында да, су қауіпсіздігі мен криосфера мәселелері халықаралық деңгейде талқыланып келеді. Алайда көтеруді қажет ететін негізгі мәселе қоғамда су ресурстарын бағалау мен үнемдеудің саналы мәдениетін қалыптастыру. Бүгінгі таңда су тапшылығы тек табиғи фактор емес, басқару мен тұтыну мәдениетінің мәселесіне айналып отыр. Сондықтан халықаралық деңгейде климаттың өзгеруіне бейімделу стратегияларын күшейтумен қатар, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және экономикалық модельдерге су тиімділігін интеграциялау мәселесін көтеру қажет.

Осы тұрғыда әлемдік тәжірибеде қолданылатын маңызды ұғымдардың бірі – «виртуалды су» (virtual water). Бұл – белгілі бір өнімді өндіруге жұмсалатын жасырын су көлемі. Яғни біз тек тікелей ішетін немесе пайдаланатын суды ғана емес, тұтынатын өнімдер арқылы «жанама» суды да пайдаланып отырмыз. Мысалы, Қызылорда облысы күріш өсірумен танымал. Алайда күріш – су ең көп қажет ететін дақылдардың бірі. Бір келі күріш өндіру үшін орта есеппен 2500 – 4000 литрге дейін су жұмсалады. Демек, күрішті экспорттау арқылы біз шын мәнінде «виртуалды суды» экспорттап отырмыз. Бұл – су ресурстары тапшы өңір үшін стратегиялық тұрғыдан қайта қарауды талап ететін мәселе.

Егер аймақтың гидрологиялық мүмкіндігі шектеулі болса, онда су сыйымдылығы жоғары өнімдерді жаппай өндіру ұзақ мерзімде экологиялық және экономикалық тәуекелдерге алып келуі мүмкін. Сондықтан болашақта ғалымдар мен саясаткерлер су тиім­ділігі жоғары агротехнологияларға көшу, дақыл құрылымын оңтай­лан­дыру және су өнімділігін арттыру мәселесіне басымдық беруі тиіс. Климаттың өзгеруіне бейімделу тек инфрақұрылымдық шаралар емес, ол экономикалық модельдерді қайта қарау, өндіріс пен тұтынуда су ізін есепке алу, суға деген көзқарасты стратегиялық ресурс ретінде өзгерту.Ғылымның болашақтағы міндеті – табиғи процестерді түсіндірумен қатар, қоғамға су ресурстарын ұтымды пайдалану жөнінде ғылыми негізделген шешімдер ұсыну.

– Жаһандық жылыну мен климаттың өзгеруі туралы қан­дай дерек бар? Шын мәнінде бұл құбылыстың алдын алуға мүм­кіндік бар ма?
– Климаттың өзгеруі бүгінгі таңда ғылыми дәлелденген, айқын байқалып отырған жаһандық процесс. Соңғы жүз жылда Жер шарының орташа температурасы шамамен 1°C-тан астамға көтерілді. Орталық Азия өңірінде жылыну қарқыны әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары болып отыр. Бұл құбылыс мұздықтардың шегінуіне, құрғақшылықтың жиілеуіне, экстремалды жауын-шашынның артуына және су ресурстары режимінің өзгеруіне әсер етуде.

Климаттың өзгеруін толықтай тоқтату мүмкін бе деген сұраққа келсек, қазіргі кезеңде бұл процесті кері қайтару мүмкін емес. Өйткені атмосферада жиналған парниктік газдардың әсері ұзақ мерзімді сипатқа ие. Алайда оның қарқынын бәсеңдетуге және салдарын азайтуға нақты мүмкіндік бар.

Бұл үшін екі бағыт маңызды:
Біріншісі – эмиссияларды қысқарту, яғни көміртек шығарындыларын азайту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, өндірістік және тұрмыстық деңгейде энергия тиімділігін арттыру.

Екіншісі – бейімделу шаралары, яғни климаттық өзгерістерге дайын болу. Су ресурстарын үнемдеу, инфрақұрылымды климаттық тәуе­келдерді ескере отырып жобалау, ерте ескерту жүйелерін дамыту – осының бәрі бейімделудің нақты тетіктері.

Менің ойымша, бүгінгі таңда бас­ты мәселе «алдын алу мүмкін бе?» деген сұрақтан гөрі, «біз қаншалықты жауапкершілікпен әрекет етеміз?» деген сауалға тіреледі. Климаттың өзгеруі – болашақтың емес, қазіргі уақыттың мәселесі. Сондықтан ғылыми негізделген шешімдер мен қоғамның экологиялық санасын арттыру – ең маңызды бағыттардың бірі.

– Қазір жастардың су, метеорология саласына қызығушылығы қандай? Болашақта барлығын жа­санды интеллект орындайды дейді. Осы күні саланың цифрлануын қалай бағалайсыз?

– Қазіргі таңда жастардың су ресурс­тары, гидрология және метеорология саласына қызығушылығы артып келеді деп сеніммен айтуға болады. Әсіресе цифрлық технологиялар, спутниктік мониторинг, геоақпараттық жүйелер және мәліметтерді талдау құралдары бұл саланы бұрынғыдан әлдеқайда тартымды әрі заманауи етті. Табиғи процестерді тек бақылау емес, оларды модельдеу, болжау және сандық тұрғыда бағалау мүмкіндігі жас буынды ғылымға жақындатып отыр.

Жасанды интеллекттің рөліне келсек, оны ғылымның дамуына үлкен серпін беретін құрал ретінде бағалауға болады. ЖИ үлкен көлемдегі мәліметтерді жылдам өңдеуге, заңдылықтарды анықтауға, болжамдық модельдерді жетілдіруге мүмкіндік береді. Алайда жасанды интеллект – шешім қабылдайтын субъект емес, ол – құрал. Ғылыми мәселені дұрыс қою, модель параметрлерін таңдау, алынған нәтижені интерпретациялау және оның шынайылығын бағалау – зерттеушінің кәсіби білімі мен сараптамалық ойлауына тәуелді. Егер ғылыми сараптама болмаса, ең күрделі алгоритмнің өзі қате қорытынды беруі мүмкін. Сондықтан саланың цифрлануын өте оң бағалаймын. Болашақта гидрология мен метеорология ци­фрлық мәліметтерге, жасанды интеллектке және үлкен мәліметтер аналитикасына сүйенетін болады. Бірақ бұл ғалымның орнын алмастыру емес, керісінше оның мүмкіндігін кеңейту.

– Дәстүрлі сұрақ, отбасыңыз туралы айтсаңыз?

– Отбасы менің өмірімдегі ең үлкен тірек әрі шабыт көзі. Ғылым жолы табандылықты, уақыт пен жауапкершілікті талап етеді. Осындай сәттерде отбасының түсіністігі мен қолдауы ерекше маңызға ие.

Мен үшін отбасы мен кәсіби қызмет бір-біріне қарама-қарсы емес, керісінше өзара толықтыратын ұғымдар. Ғылыми жетістіктер тек жеке еңбектің нәтижесі емес, ол жақын жандардың сенімі мен қолдауының жемісі.
– Әңгімеңізге рақмет!


Сұхбаттасқан
Бибісара ЖАНӘЛІ

24 ақпан 2026 ж. 107 0