Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік қарлығашы

Тәуелсіздік қарлығашы

Еліміз егемендікке қол жеткізген 1991 жылы дүниеге келген, мектеп табалдырығын аттаған, еңбек жолын бастаған жас­тар бүгінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді. Азат елдің озат ойлы өрендерінің бірі тереңөзектік Индира Сәрсенова осыдан тура отыз жыл бұрын аудан орталығындағы №210 орта мектебінің 1-сыныбына оқуға қабылданған. Қазіргі таңда жерлесіміз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының PhD докторы, аға оқытушысы қыз­метін абыроймен атқарып келеді.

Жақында редакциямен әріптестік байланыс орнатып, өзінің жетістіктерімен, ес­теліктерімен бөліскен Индира Бақыт­жанқызы балалық шағы туралы бізге тебі­рене әңгімелеп берді. Ол еңбек жолында бағындырған белестерінің барлығын ұс­таздары берген сапалы бі­лім­мен, саналы тәрбиемен байланыс­тыратынын атап өтті.

«1991 жылы 16 желтоқсанда Қа­зақстан өз Тәуелсіздігін алып, жас мемлекет егемен ел ретінде дүниежүзінің саяси картасында танылды. Сол жылы азат елдің жас ұрпағы ретінде мен мектеп табалдырығын аттадым. Бізді жайдары мінезімен алғашқы ұстазымыз Бақытжан Бақбергенова қарсы алған еді. Ұстазымыз бізге Тәуелсіздік ұғы­мының мәні мен маңызы тереңде екенін айтудан жалықпайтын. Егемен елдің патриот азаматы болуымызға бар уақытын арнайтын. Мерейлі мұғалімнің сол еңбегінің негізінде біз озат, алғыр оқушы болып, қияға қанат қақтық. Бүгінде Тәуелсіз елде еңбек етіп жатырмыз» дейді Индира Сәрсенова.

Кейіпкеріміз 2001 жылы №210 О.Әбіл­паттаев атындағы қазақ орта мектебін бітіріп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне география мамандығы бо­йынша оқуға түскен. Білімге деген құш­тар жастың өмірден өз орнын табуына мектептегі ұстаздарымен қатар атасы Сақта­ғанның рөлі ерекше болған. Ол өзінің атасының мерзімді газет-журналдарды үз­бей оқитынын және ұрпақтарына да оқы­татынын еске алды.

«Атам бізді ерекше жақсы көріп, газет пен журналдарды оқытатын. Бос уақы­тымызда елімізде болып жатқан жаңа­лықтармен бөлісіп отыратын. 2005 жылы оқу орнын үздік аяқтап, білімімді әрі қарай жалғастыру үшін таңдаған мамандығым бойынша магистратураға оқуға түстім. 2007 жылы магистратураны үздік бітіріп, Алматы қаласындағы Қазақтың спорт және туризм академиясында алғашқы еңбек жолымды бастадым. 2009 жылы білімнің қарашаңырағы Әл-Фараби атындағы география факультетінің экономикалық жә­не әлеуметтік география кафедрасында қызмет ете жүріп, сол жылы география мамандығы бойынша докторантураға оқуға түстім. Үлкен ғылым жолында еңбегі орасан зор ғылыми жетекшісі география ғылымдарының докторы, профессор Гүлнәр Нүсіпованың есімін ерекше атап өткім келеді. Жалпы, елімізде отандық білім беру саласын дамытуға көп қолдау көрсетілуде. Бір ғана «Болашақ» бағдарламасы арқылы мыңдаған жас әлемнің ең озық оқу орындарында білім алды. Тәуелсіз Қазақстанда оқимын, ізденемін, үйренемін және еңбек етемін деген әрбір азаматқа мүмкіндік те, қол­дау да көп» дейді Тереңөзектің тумасы.

Тәуелсіздік қарлығашы Индира Ба­қыт­­жанқызы докторантурада оқып жү­­ріп, шет елдерде ғылыми тағы­лым­­дамадан өтіпті. Атап айтқанда, Австриядағы Зальцбург университеті мен Ресей Халықтар Достығы университетінде білікті профессорлардан білім алып, көптеген халықаралық конференциялар мен семинарларға қатысқан. Ол білім шыңын бағындыру жолында үлкен демеу көрсеткен ата-анасына алғыс айтады.

«2010 жылы халықаралық жобаға ТЕМПУС бағдарламасы аясында «Geos­patial Environmental Management» атты тақырыпта кафедра ұжымымен қатысып, Батыс Венгрия университетінде та­ғы­лым­дамадан өттім. 2012 жылы желтоқсан айында «Қа­зақстан Рес­публикасының урбандалған ау­мақта­рындағы әлеуметтік-экономикалық мә­се­лелері» атты тақырыпта докторлық диссертацияны сәтті қорғадым. Қазіргі таңда сол білім нәрімен сусындатқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің «География, жерге орналас­тыру және кадастр кафедрасында» PhD доктор, аға оқытушы қызметін ат­қарып, қаншама студенттер мен магистранттардың ғы­лыми жұмыстарына жетекшілік ету­демін. Мұнан бөлек, гео­графия, жерге орналастыру және кадастр кафед­расының ғылыми-ин­но­вациялық және халықаралық байланыс­тар жөнін­де­гі кафедра меңгерушісінің орынба­са­ры қызметін атқарып, шетелдік ғалым­дармен байланыс орнатуда жемісті жұ­мыстар атқардым. Бүгінде өмірлік жол­дасым Серік екеуіміз Жансая және Али атты балаларымызды тәрбиелеп отыр­­мыз» дейді туған жеріміздің шалғайда жүр­ген түлегі.


«Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан» – деп Абай атамыз айтқандай, бүгінде еліміздің дамуы­­на өз үлесін қосу – Тәуелсіз Қазақстанның жалынды жастарының басты міндеті. Осы ретте, ұстаздарын ұмытпаған, білім алуды ұлықтаған білікті маман Индира Сәрсенованы аудан жас­тарына үлгі етеміз.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
14 желтоқсан 2021 ж. 211 0