Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№97 газет

20 желтоқсан 2025 ж.

№96 газет

16 желтоқсан 2025 ж.

№95 газет

13 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » «Еңбек ардагері» медалінің иесі

«Еңбек ардагері» медалінің иесі

Кез келген сала білікті маманымен абыройлы. Иә, дұрыс оқыдыңыз! Соның бірі – мұғалім болу. Білімі мен біліктілігі, тәжірибесі мен адамгершілігі ұштасқан бұл мамандықты «жүрегінде түгі» бар жандар таңдайды. Осы салада бірнеше онжылдықты артқа тас­тап, қызмет еткен «Білім саласының үздігі» атанған қаншама ардагер-ұстаздарымыз бар. Балаларға ілім үйретіп, өмір жолын ұстаздыққа арнаған ардагер-ұстаздың бірі – Жетікөл ауылының тұрғыны Әзімхан Жүнісов.

Шиелі ауданы, Тартоғай ауылының тумасы Әзімхан Жүнісов алдына қойған мақсатына жетіп, Қызылорда қаласында орналасқан Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың жаратылыстану факультеті, химия-биология пәні мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түсіп, білім алады. Мектеп қабырғасынан қатарының алды болған. Оқуын ойдағыдай аяқтағаннан кейін, Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында орналасқан орыс-қазақ мектебінде мұғалімдік еңбек жолын бастайды. Көп ұзамай Отан алдындағы борышын өтеуге әскер қатарына шақырылады. Сөйтіп, 1967 жылы Ресей Федерациясының Вологда қаласында азаматтық борышын өтейді.

– Елге оралғаннан кейін туған жерімдегі сегізжылдық мектепте мұғалімдік қызмет атқардым. Одан білім ордасында директорлық жұмысты да абыроймен істедім. Жетікөлге қоныс аударуымыздың себебі менің жұмыс орнымның ауысуы еді. 1979 жылы қызметім жоғарылап, осы Жетікөл ауылдық кеңесінің төрағасы болып тағайындалдым. Сол жылдан бері осы ауылдың тұрғынымыз. Әкімдік қызметте 3 жыл істеп, ауылда біршама өзгерістер орын алды. Ол кезеңде ауылды көгалдандыру мәселесі өзекті болды. Егілген көшеттердің көктеп кетуі үшін ауылда аяқсу жоқ. Тіпті су жолдары да болмады. Содан жан-жақты жұмыстар жүргізіліп, қазіргі аяқсу жолдарының ізі қазылды. Елді мекенге аяқсу келіп, мәселе шешімін тапты. Одан әрі кез келген мәселені ауыл халқымен бірлесіп шешіп, жұмыла еңбек еттік. Кейін қайта білім саласына оралып, 1982 жылдан бастап ауылдағы №174 орта мектепте директордың мектептен тыс және сыныптан тыс жұмысын ұйымдастыру жөніндегі орынбасары қызметіне ауыстым. Жасым жыл өткен сайын ұлғайып, кәрілік те жеткен соң 14 жылдан кейін химия-биология пәндерінің мұғалімі қызметін атқардым. Зейнет жасы таяғанша білім ордасында еңбек етіп, шәкірт тәрбиеледім. Қазір сол кездегі шәкірттерімнің бірі – мұғалімдік жолды жалғаса, бірі – ғылыми бағытта еңбек етуде, – дейді ардагер-ұстаз.

Бала оқытуды ұстаным еткен ұстаздың еңбегі әрқашан жоғары тұрмақ. Шәкірт тәрбиелеуде ілім үйретіп, мұғалімдік қызметтің қиыншылығы мен қызығын қатар көрген жан 2005 жылы зейнетке шыққан. Сексеннің сеңгіріне шықса да ақылы мен даналығын айтып, батасымен ел көркейткен ардақты ақсақал. 55 жыл отасқан жары Күләйхан Асқаровамен бірге 2 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, өсірген. Бүгінде әкенің жолын жалғап, ұстаздық қызметте екі қызы еңбек етеді. Сондай-ақ келіні мен немерелері де мұғалімдік қызметте еңбек етіп, білім алуда.

Саялы бәйтеректей әулеті жайқалған шаңырақтың іргетасына айналған Әзімхан Жүнісов пен Күләйхан Асқарова 23 немере, 7 шөберенің ата-әжесі. Қара шаңырақта қолында үлкен ұлы Мұрат пен келіні Ақмаралмен бірге тұрады. Немерелерінің алды шаңырақ көтеріп, түрлі салада еңбек етуде. Ұстаздық жолда аянбай еңбек етіп, құрмет төрінен көріне білген ардагер-ұстаз ҚР Білім министрлігі халыққа білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподағының, облыстық, аудандық білім бөлімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Сонымен қатар, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» медалімен және «Еңбек ардагері» медалімен де наградталған. Оқу-ағарту ісінде өзіндік қолтаңбасы қалған сала ардагерлері әрдайым құрметке лайық.

Өзінің білім саласына қосқан үлесі мен отбасындағы өнегеге толы даналығы ардагер-ұстаз Әзімхан Жүнісов үшін бақытты зейнеттік шақ. Ілім үйреткен шәкірттерінің ұстазын құрметтеп, сыйлауы нағыз көрегендік. Саялы бәйтерек болған әулеттің іргетасын қалаған ардақты ақсақал еңбегімен еленген – мейірімді ұстаз.


Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ


20 желтоқсан 2025 ж. 31 0