Мал шаруашылығын қолға алған ақбаян
Кәсіпкерді қолдауда мемлекеттік бағдарламалардың орны ерекше. Бизнес бағыты мен шағын кәсіпкерлікке енді аяқ басқан, тәжірибесі аз жас кәсіпкерді қолдау үшін бірнеше жыл қатарынан жүзеге асып келе жатқан мемлекеттік субсидия – нағыз мүмкіндік. Сала жолындағы алғашқы қадамды демеу мақсатында ұйымдастырылған жобалар мыңдаған жас кәсіпкердің қолдаушысы. Осы тұста Жетікөл ауылының тұрғыны жас кәсіпкер Ақбаян Отаралы мал шаруашылығын дөңгелентуде мемлекеттің қолдауына ие болған.22 жасар Ақбаян – Тараз қаласының тумасы. Отбасының қоныс аударуына байланысты Сыр еліне аяқ басып, Жетікөл ауылына тұрақтаған. Қызылорда қаласында орналасқан медициналық колледжде білім алып, фельдшер маманы болып шығады. Өмірлік жолдасы Айбекпен танысып, 2021 жылы шаңырақ көтерген. Екі қызды тәрбиелеп отырған жас отбасы бүгінде сол Жетікөл ауылында тұрады.
– Негізі өзімнің әпкем қайтарымсыз грантқа қатысып, ұсақ мал шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекеттің қолдауына ие болған еді. Ол кезде сүт бағытында ешкі баққан болатынбыз. Уақыт өте келе, тұрмысқа шыққаннан кейін жолдасым Айбекпен ақылдасып, бордақы мақсатында баспақ алып, бағып көрейік деп шештік. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан бағдарламалардың біріне биыл қатысып, бизнес жоспар өткізіп, қорғап, 1 572 800 теңге көлемінде қайтарымсыз грант алдық. Оған 6 баспақ алып, қазіргі уақытта үшінші айға кетіп бара жатыр, бордақылап жатқанымызға. Тек ет бағытындағы кәсіпті алғаш рет жүргізіп жатқаннан кейін қорқыныш бар. Бірақ осы бастамадан жақсы нәтиже шығару керек. Әрі қарай да тоқтап қалмай, үздіксіз жалғастырамыз деп жоспарлап отырмыз. Жолдасымның жұмысы шекарада болғандықтан көбіне үйде бола бермейді. Баспақтарға өзім және қайын атам көмектесіп, жайғаймыз. Оның қосымша жем-шөбі бар. Уақытында мөлшерімен берілмесе, осыған дейінгі төккен еңбегіміз зая кетеді. Сондықтан күндегісін күнде үзбей, мөлшерін сақтап беру керек. Алдағы жылдан бастап кеңейтіп, қолға алу жағын қарастырып жатырмыз, – дейді жас кәсіпкер Ақбаян Мұратқызы.
Түрлі бағытта, түрлі салада қолдау өте маңызды. Шағын кәсіпкерлікті дамыту және оны әрі қарай жандандыру мақсатында жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану керек. Халыққа қажетті кез келген нәрсені кәсіпке айналдыруға болады. Тек ұтымды әрі ерекше бизнес жоспар әзірлеу де – шеберлік. Сондықтан мұндай мемлекеттен берілетін субсидияны жауапкершілікпен жүзеге асырып, әрі қарай дамыта білу керек.
Қазіргі уақытта мал шаруашылығымен айналысатын жастар қатары бірте-бірте артып келеді. Бұл – шағын кәсіпкерліктің еліміз бойынша дамып келе жатқандығының көрінісі. Соның бірі нәзік жан иесі – Ақбаян Отаралы. Бар-жоғы 22 жаста болса да кәсіпкерлікке ден қойып, мал шаруашылығын бордақы бағытында дөңгелентуде. Оған қолдау білдіріп, бастаманың дамуына үлес қосып жүрген жолдасы мен қайын атасы да түсінігі мол жандар. Алдағы уақытта баспақ санын арттырып, бордақы бағытын бірыңғай жолға қоюды жоспарлап отырған жас кәсіпкерге тек сәттілік демекпіз.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ










