Еңбек пен өнегені ұлық тұтқан
Қоғалыкөлдік қарт Исламбек Әшіров 83 жыл ғұмырының 70 жылын осы қасиетті мекенде өткізіп, өнегелі өмір иесі атанған ардақты азамат. Еңбегімен елге еленген, ағайынның құрметіне бөленген, ауылдың дамуына өзіндік үлес қосқан дархан көңілді Исламбек Әбсұлтанұлы кемел шаққа тың жеткені адал еңбектің арқасы дейді.Туған жері Қазалы ауданы, балалық шағы өткен жер Аралдың табаны болған Исламбек аға небәрі 14 жасында әкесінен айырылып, ата-анасының жалғыз ұлы болып ер жетеді. Оқуға, білімге құмар болып ер жеткен Исламбек Әшіров сол кездегі қатарластары секілді жұмысшы мамандық алу үшін облыс орталығы Қызылордаға келіп, училищеге оқуға түседі. Тракторшы куәлігін 4-5 айлық оқу курсынан алып, ары қарай еңбекке араласамын деп жүргенде, сол училищеде одан әрі электромеханик мамандығы бойынша оқуын жалғастырады.
– Әкем ішкі істер органында жұмыс жасаған азамат. Ол бірнеше ауданда қызмет етті. Әкемнің туған жері Қоғалыкөл еді. Әскерге барып келген соң ішкі істер қызметіне қабылданған екен. Әкеміздің қызметіне байланысты бірнеше ауданға қоныс аудардық. Туу туралы құжатымды кеш алдым. Соған байланысты жоғары білім алуыма мүмкіндік болмады. Алдымен Қызылордадағы Зубенко көшесінде орналасқан училищеде оқыдым. Тракторист курсын оқып жүргенімде, училище басшылығы менің орташа келген бойымды көріп, «Мына бала трактордың ключін де көтере алмайды ғой» деп бір орын босаған электромеханик бөліміне ауыстырды. Осы мамандық менің өмір бойы монтер болып еңбек етуіме, бала-шағамды асырауға мүмкіндік берді. Сол жылдары училищеде ауылымыздың ардақтысы болып отырған қадірлі қария Қамар Рүстемов те автослесарлықта оқыды. Бір ауылдың дамуына үлесімізді қосып, адал еңбектің нанын жегенімізге шүкіршілік етеміз, – дейді ардақты ардагер.
Өз ісінің бесаспап маманы болған Исламбек аға әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтегенде де мамандығының арқасында бірнеше мәрте абыройға кенелген. Литваның Каунас қаласындағы әскери бөлімде байланысшы болып әскери міндетін атқарғанда байланыс антеннасын орнату үшін биік бағанаға шығуға көп жігіт жүрексінеді. Қазақтың қарадомалақ баласы Исламбек аға әп-сәтте бағанаға өрмелеп, ептілігін танытады. Бұл әрекетіне әскери бөлімнің басшылығы ризашылық білдіріп, елге демалысқа барып келуіне рұқсат береді. Бұл бұйрықтың орындалу уақыты келемін дегенше әскердегі сарбаздармен оқу-жаттығу кезінде де үздік нәтиже көрсетеді. Бала кезінен мылтық атуда мергендік танытатын қабілеті бұл жолы да іске асады. Мадақтама алған сарбаз елге барып келуге 10 күнге демалыс алады. Ауылдан оралған жас сарбаз әскердегі борышын өтеуді одан әрі жалғастырады. Бірақ денсаулығы сыр беріп, әскери мерзімі аяқталған соң екінші топ мүгедектікпен елге оралады.
Сол жылдары ауылдың тыныс-тіршілігіне қан жүгіріп, бұрыннан бар радиоторабы мен жаңадан ашылған АТС-ке Исламбек Әшіров секілді білікті маман қажет болады. Жұмысын бес саусағындай білетін монтер қарамағында бірнеше жұмысшылары бар станцияның басшылығы қызметін атқарады.
Тамырын тереңге жайған үлкен әулеттің абыз ақсақалы Исламбек аға 1968 жылы Күлшира Көмірбаевамен отасып, алты перзент сүйеді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, перзенттері бүгінде түрлі салада еңбек етіп жүр.
Бүгінде жасы 83-ке келген қазыналы қарт бейбіт күнге шүкіршілік етіп, ауылдағы ағайынға, туыс-бауырға, ел азаматтарына тілекші болып отырады. Сәлем беріп келген әрбір жанға, ақсақал әңгімесін жаңылмай сабақтап, көпшілікке төгіліп бата береді.
– «Күйді мың адам тыңдайды, бір адам ұғады» дейді. Сол секілді, мен айтқан әңгімеге құлақ асып, тыңдаушым болса ризамын. Ауылдың атқа мінген азаматтары ауыл тіршілігі жайлы айтып, кеңесіп отырады. Қазір тұрмыс едәуір жақсарды. Жұмыссыз жүру елге сын. Аяқ-қолы сау адамға жұмыс табылады. Мал бағып, егін салса да бала-шағасын асырауға болады. Өнеге іздеп, үлкеннен бата алуға келген әрбір жанға есігім ашық, – дейді ақсақал.
Ақсақалдың мағыналы ғұмыры биік белеске жеткізді. Алматы шаһарындағы ауылшаруашылығы институтында да оқып, бала кезіндегі арманы – жоғары білімді маман болуға да қолы жетті. Еңбегінің арқасында ауылдың дамуына үлесін де қосты. Кемелдікке тың жігер, жарқын көңілмен келіп отыр.
Адам баласының өміріндегі бел-белестердің бәрі де елеулі саналса керек. Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар. Бірақ елге сіңірген еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, жеткен белес, шыққан асу әркімнің өмірінде әрқилы. Оны әркім өзінше бағалайды. Сондағы көптін іздейтіні бір ғана дүние. Ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға. Ондай адами асқақ қасиетке, қанша ғұмыр кешкенімен, жеткен де бар, жетпеген де бар.
Қоғалыкөлдік қазыналы қарт Исламбек аға өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен ағалықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет болар істі үкіледі. Еңбектегі қажыр-қайратымен абырой биігінен көрініп, ұрпағына үлгі болар абзал жан ретінде өзін танытты. Исламбек аға елге ғана емес, әулетінде де тамыры терең бәйтеректей тірегі болып, ардақты ақсақал атанып отыр.
«Үлкені бар елдің құты бар» деген даналық сөз бар халқымызда. Қашанда елдің ниеті, сөзі, ойы бір болуы үшін елді бастай білетін, елі қостай білетін қариялар керек. Сондықтан ақылы дария қариялардың әрбір сөзі өсиет болмақ.
Бибісара ЖАНӘЛІ








