Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу – зайырлы мемлекеттің басты қағидаты
Елімізде жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегетіндер саны артып келеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көбінесе қоғамның әлсіз топтары әйелдер мен балалар, қарттар ұшырайды. Көп адамдардың пікірінше, отбасылық зорлық-зомбылық тек күйеуі мен әйелі арасында орын алады, алайда деректер ересек балалардың қарт аналары мен әкелеріне сыйламаушылық танытып, былапыт сөздер айтып, отбасы тыныштығын алатынын көрсетіп отыр.
Ағымдағы жыл басынан бүгінге дейін Сырдария АПб-нің Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторлары және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторымен ҚР «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» ҚР Заңының 20-бабы басшылыққа алынып, 52 азаматқа қорғау нұсқамасы шығарылған. Бұл 52 жәбірленушінің қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде екендігін білдіреді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың орын алу себептері қызғаныш, жұмыссыздық, отбасылық құндылықтардың төмендеуі, алкоголь өнімдерін тұтыну болып табылады.
15.04.2024 жылға дейінгі заң шеңберінде отбасында орын алған денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру мен ұрып-соғу деректері әкімшілік құқық бұзушылық ретінде сараланып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2024 жылдың 15 сәуірінен бастап Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарының бастамасыменен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңына қол қойды. Енгізілген өзгерістерге сәйкес ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана зиян келтіру криминализацияланды.
ҚР Конституциясының 27-бабында: «1. Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. 2. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу - ата-ананың етене құқығы әрі міндеті. 3. Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті»делінген. Заңда белгіленген міндеттерге қарамастан отбасы тұрмыстық қатынастар аясында ерлі-зайыптылар және ата-ана мен ересек балалар арасында тұрмыстық зорлық-зомбылық көріністері сақталып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы N 214-IV Заңы заңдылық; адамның және азаматтың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері сақталуына кепілдік беру; адамның және азаматтың дене зардабын және (немесе) психикалық зардап шегуіне жол бермеу; отбасын қолдау және сақтау; құпиялылық; өмірлік қиын жағдайда жүрген әрбір адаммен және азаматпен жеке жұмыс жүргізу; тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының алдын алу шараларының жазалау шараларынан басымдығы;кешенділік және жүйелілік принциптеріне негізделген. Заңның басым бағытттарының бірі отбасын қолдау және сақтау болғандықтан, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болған әрбір адам Заң аясында қорғауда болады. Сол себепті де отбасында орын алатын зорлық-зомбылыққа төзіп отыра бермей, уақытылы құқық қорғау органдарына хабарласып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жоқ деңіз.
А.КОШТАЕВА,
Сырдария АПб-нің жергілікті полиция қызметі
Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы
полиция капитаны
Фото: ашық дереккөзден