Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Адам өмірінің айқын белесі

Адам өмірінің айқын белесі

Мүшел жас – қазақ халқының көне дәстүрінен бастау алатын жас өлшемі. Ол – адам өміріндегі әр 12 жыл сайын қайталанып отыратын маңызды кезең. Халықтың дүниетанымында мүшел жас адам өміріндегі бір белес, өткенді саралап, болашаққа жауапкершілікпен қарауға шақыратын уақыт ретінде есептелген.

Алғашқы мүшел жас 13 жастан басталады. Одан кейінгі мүшел жас – 25, 37, 49, 61, 73 жаста келіп отырады. Бұл кезеңде адамның мінезі, ой-санасы, өмірлік бағыты өзгеруі мүмкін. Сондықтан мүшел жасқа келген адам өткенмен бүгінге ерекше көңіл бөліп, сақ жүріп, сабыр сақтау қажеттігі жиі айтылады.

Дәстүр бойынша мүшел жаста садақа беру, үлкеннен бата алу, жақсылық жасау кеңінен тараған. Мұның барлығы адамның аман-саулығын тілеп, келесі жас кезеңін сәтті қарсы алу ниетінен туған. Қазақ халқында «Мүшел жастан аман өт» деген тілек осы сеніммен байланысты айтылған. Бұл ретте әкесін құттықтауға келген қалалық студент Әлішер әжесінің туған күнді қалай атап өткенімен бөлісті.

– Әжем мүшел жасты әрдайым ерекше атап өтетін. «Бұл жас – өмірдің бір белесі» дейтін ол. Мүшелге келген адам өткеніне көз жүгіртіп, алдағысына терең оймен қарауы керек екен. Бүгін әкемнің туған күнін ерекше атап өттік. Садақа беріп, үлкендерден бата алды. Әжемнің айтқан салмақты сөзіне, жасалған ырымына қарасам, мүшел жастың қорқыныш емес, адамды сабырға, жауапкершілікке шақыратын кезең екенін түсіндім,– дейді жас студент.

Жаңа мүшелге аяқ басқан адамның өмірінде бір­шама өзгеріс болады деген түсінік бар. Сауапты істі көп жасау және аманат қалдыру маңызды. Өзіне жақын адамға сыйлық беру – рухани тазару белгісі.

– Мүшел жасында әр адам сақтанып жүреді. Он үш жасқа толу – бұл жай ғана туған күн емес, бұл ресми түрде жасөспірім деген атқа ие болу. Қазақта он үш жасында отау иесі атанған. Ол ақ пен қараны, оң мен солды танитын шаққа жеткендігін білдіреді. Үлкендер сенім артып, болашағына жақсы ниетпен қарайды,– дейді Қалжан ахун мешітінің имамы Марат Әби.

Ғылым мен дәстүрді қарасақ, мүшел жас – адамның өмірлік кезеңдеріндегі заңды өзгерістердің көрінісі. Сондықтан бұл ұғымды қорқынышпен емес, өмірдің жаңа белесіне өту мүмкіндігі ретінде қабылдаған жөн.

Ақтоты ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

17 ақпан 2026 ж. 54 0