Мүшел жаста қандай сыр бар?
Жалпы мүшел жас дегеніміз не? Көпшілк Мүшел жасты неге қауіпті дейді. Мүшел жаста неге үйленуге болмайды? бүгін осыны тарқатып көрелік.
Жалпы жүз жыл, яғни бір ғасыр бірнеше мүшелден тұрады және олардың өзіндік атаулары бар. Әрбір мүшелдің өзіне тән ерекшеліктері бар. Жалпы алғанда ата-бабамыз мүшел жасқа аса мән беріп, арнайы жөн-жоралғылар мен ырым-тыйымдарды қаперде ұстаған. Бірақ мүшел жасқа көп жағдайда аса мән бермейтін жандар да кездеседі.
Қазақ халқының жыл санауында өмірдің алғашқы он үшінші жылы бірінші мүшел болып есептеледі. Мүшел жас әр он екі жыл сайын қайта айналып келіп отырады.
Алғашқы мүшел – он үш жас қазақта «ер жету жасы» немесе «балиғат жасы» деп аталады. Ер балаларды алғашқы мүшелге келгенше сүндетке отырғызған. Бұл туралы дінімізде «Сүндетке отырғызу – сүннет» деп айтады. Ал қыз балаларға балиғат жасына жеткенге дейін құлағын тесіп, сырға таққан. Бұны орындау ата-анаға парыз саналған.
Қазақта «буыны қатпаған» деп көбіне балиғат жасына келмеген жас жеткіншектерді атайды. Алғашқы мүшелге келген баланың алғашқы буыны қатайып, дене бітімі өзгеріске ұшырайтыны медицинада да дәлелденген. Бұл өзгерістер тек дене бітімінде ғана емес, сонымен қатар, баланың психологиясында да болады. Осындай кезеңдерде балаларға ерекше көңіл бөлген абзал.
Дей тұрғанмен алғашқы мүшел жас аса қауіпті саналмайды. Денсаулығымен қатар дене бітімінің де өсетін өтпелі кезеңі болғандықтан ата-аналар балаларға мұқият көңіл бөліп, қамқорлық танытқаны абзал. сонда бала да кереғар әдеттерден бойын аулақ ұстайды.
Екінші мүшел немесе өмірдің екінші буынына келер болсақ, бұл жастың да өзіне тән ерекшеліктері мен артықшылықтары жетерлік. Бұл – нағыз жанып тұрған жастық шақ, яғни жарқылдап, өн бойынан қуат шашып тұратын уақыт. Бұл жасқа келген адамның ақыл-ойы мен сана-сезімі біршама дамып, ізденіске иек артады, алғашқы жетістіктеріне қол жеткізеді. Екінші мүшел алғашқы мүшелге қарағанда қауіптірек саналады. Осы тұста өзім басымнан өткен жағдайлар туралы айтып өтсем.
Мен екінші мүшелге келген кезімде өміріме күтпеген жерден қауіп төніп, жарақат алып, аман қалған болатынмын. Сол уақыттан кейін ғана мүшел жас адам өміріндегі қауіпті кезең дегенге сенетін болдым. Халқымыздың ескі салтында қызды жиырма бес жасқа толмай күйеуге беріп, ұзатып жіберетін болған екен. Яғни қыз баласы екінші мүшелге келгенше тұрмыс құрғаны дұрыс. Жалпы мүшел жаста үйленуге болмайды деген де наным бар.
Көпшілік мүшел жасқа жетпей немесе мүшел жастан шыққан соң отбасын құрудың дұрыстығын айтады. Мүшел жаста отбасын құрған жағдайда ол некенің сәтсіз болуы, ол жаста қауіп-қатердің көп болуы және адамның мінез-құлқында түрлі өзгерістер болуы да мүмкін. Сондықтан да мінездегі түрлі алып-қашпалық, яғни мүшел жастың желігі түрлі қате қадамдарға апаруы мүмкін делінеді.
Өмірдің үшінші буынына баланған бұл жасты «адам баласының ақыл тоқтататын шағы» деп атаймыз. Яғни бағанағы айтылған жастық пен қызуқандылықтың легі басылып, оның орнын ақыл-парасаттың кеніші басатын уақыт десек, артық айтқандық болмас, сірә. Адам жасының ең керемет шақтарының бірі үшінші мүшел саналады. Бұл жасқа келген ер азаматқа қарата «орда бұзар шағы» деп жатамыз. Себебі отыз жеті жастағы азаматтың ақыл-пайымы толысып, өзінен кейінгілерге ағалық қамқорлығын танытатын уақыты. Бұл ер азаматтың дене қуатының толық жетіліп, ақ пен қараны ажыратып, төрт құбыласын түгелдеп, бес қаруын сайлайтын, ақылға бай уақыты екен. Егер осы жасқа келгенде ақылы толмаса, ондай азаматтарды «ынжық» деп атаған. Ал осы жасқа келген келіншектердің өн бойынан өзіндік артықшылықтары да байқалып отырған. Бұл жас шамасындағы келіншектердің ақыл тоқтатып, бесік тербетіп, от анасы болатын шағы.
Төрт буынды өмір деп есептелетін келесі мүшел жастың ерекшеліктері айтпаса да түсінікті. Бұл жасқа жеткен адамның мейлі әйел, мейлі ер азамат болсын алмас қылыштай жарқылдайтын шағы. «Шапқан жерін кеседі, тиген жерін теседі» деген теңеулер осы жерде айтылса керек. Бойы қуатты, ойы суатты болған шақта ер адамдарға «төре жігіт» деген атау берілген. Ал, әйелдерді «Қыдыр ана» деп баға берген. Өмірдің бел ортасына жеткен шақта адамдар ойланып сөйлеп, толғанып іс-әрекетке барады. Жан-жағын бақылап, назарда ұстап артық қадам баспайды және артық іс-әрекетке бармаған. Осыған қарап халқымызда бұл жасты «таразы өмір» деп те бағалаған. Төртінші мүшелді өмір тіршілігі аясынан қарағанда өмірдің қауіпті шағына балап жатады. Неге екені белгісіз, осы жасқа жеткендер арасында қауіпке ұшырау жиі кездесетін көрінеді. Сол себепті төртінші буынға жеткенде садақаны да көбірек беріп, сақтанып жүру қажеттілігі айтылады. Сонымен қатар алыс-жақын ағайынмен ренжіспей, дос-жаранмен бірлікте болған жандардың бағы өрлеп, бақыты жанады.
Бесінші мүшел – бесінші бунақ өмір. Бұл жас ер адам мен әйел адамның да ақылы толған, мінезі орныққан, баяғы алып-ұшпа көңіл-күйден арылған шағы. «Алпыстан асқаннан ақыл сұра» деген тәмсілдер осының белгісі болса керек. Бұл жас орта жастан кетіп, қарттықтың келген уақыты десек те болады. Таразы өмірді артта қалдырған ер азаматтарды «ата жасы» деп ерекше бағалаған. Ал әйел кісілерді «ақ жаулықты ана» деп қараған. Осы тұста алпыс жастың ең керемет уақыт екенін аңғаруға болады. Бойынан қуаты кете қоймаған, қарттық жете қоймаған шақта алпыстан асқан ананың ақ батасын Алла Тағала қабыл қылады деген тәмсілдер де осының дәлелі іспеттес. Расымен де бесінші мүшелге келген адамның өмірде көрген-білгені көп, тәжірибесі мол болатыны айтпаса да белгілі. Бұл шақта адам баласының иманының кемеріне келген тұсы, дуалы ауызды саналатын шағы. Сол себепті де алпыстағы адамнан бата алған жанның бақыты жанып, жолы жақсылыққа ашылатынынан алпыс жастың қадір-қасиетінен аңғаруға болады.
Алтыншы мүшел жас немесе жетпіс үш жасқа келу – адам өмірінің кемеріне келген кезі. Өмірдің алтыншы бунағына келгенде адам нағыз қарттық кезеңге аяқ басады. Бұл жасты «қарттық жас», немесе «жер орта жастан ауған шақ» деп бағалаған. Бұл жастан асқан ата болсын, ана болсын ауылдың қазынасына, құт-берекесіне айналары сөзсіз. Бұл жаста қазыналарымыз төрдің сәніне, ауылдың мәніне айналады.
Сексен бес жас – сеңгір асу, селкілдеген өмір, сақал-мұрты ағарған желпілдек өмір деп бекер айтылмаса керек. Жетінші буын өмір «қарттық шақты ажал сексен бес жерден аңдиды» деген тіркестерде кездеседі. Бұл жасқа келген қарттарымыз үйдің құтына, өмірдің жарық шырағына бағаланған. Баланың, немеренің, шөбере мен шөпшектің қызығын көрер шақтың арты құз, алды жар, жолы тар, бақилыққа жақын жағы. Бұл жасқа жеткен қарттың батасын алу, бағып күту қазіргі таңда екінің біріне бұйырмайтын бақ.
Өмірдің сегізінші бунағы саналатын келесі жасты «қақпыш буын», «ақтық буын» деп атайды. Бұл мүшелге келген ақ ата мен ақ ананың бір кездегі таудай болған денелері тобықтай болып солып, айдай болған ажарларын терең әжімдер басады. Бұл жаста қарияларды «қаңбақ шалға» теңесе, әжелерімізді «қаңбақ апа» деп атайды. Бір ғасыр өмір сүріп, өмірдің бар қызығын көріп салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, оның рахатын көріп, ақ баталы жасқа келгенде өмірдің де дәм-тұзы азаятыны өкінішті. Осылайша өмірдің бірнеше буынын қатайтқан уақытта қарттың да төресі алдыңнан күтіп алып барлық күш-қауқарыңнан айырады. Қазіргі уақытта сегінші, тоғызыншы буыннан асқан ата-әжелеріміз де бар, бірақ олардың саны ат төбеліндей ғана.
Жалпы барлық мүшел жаста садақа беріп, жақсы көретін затыңды дос-жаранға сыйлау дәстүрі бар. Бұл ескіліктің белгісі десек те, көпшілік сол берген садақа мен жиған сауабының арқасында мүшел жастан да аман-есен шығатынына сенеді. Сонымен қатар алыс сапарларға шықпау туралы айтылатын тыйымдарды көп ұстанады. Қалай дегенде де «Сақтансаң, сақтармын» демекші, қанша жасқа келсек те, ақ ниетпен адал жолда, оң-солымызға мән беріп жүргеніміз дұрыс.
Айдана ҚАЛИЕВА