Келер жылдан үміт көп
Тағы бір жылды артқа тастап, жаңа жылға санаулы уақыт қалды. «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деп Жаңа жылға сеніммен қарайтын халқымыз Ұлу жылын қарсы алғалы тұр. Әр жылдың өзіне тән ерекшелігі болатындықтан Ұлу жылы тарихта несімен қалғаны жайында толығырақ айтуды жөн көрдік.
Сонау ата-баба дәстүрінен қалған жыл қайыру бойынша он екі жыл бір мүшел болып саналады. Әрбір мүшел түрлі аң мен жануарлардың атымен аталатыны белгілі. Жыл басы тышқаннан басталып, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңызбен аяқталады. Ұлтымыздың дәстүрінде жаңа жыл наурызда кіреді. Тоқсан күнге жалғасқан қыс мезгілі 13 наурызда ескі жылмен шығып, 14 наурызда жаңа жыл кіреді. Қазіргі уақытта ең жиітаралған Григориан күнтізбесі бойынша жаңа жыл 1 қаңтарда аталып өтіледі. Осы күннен жаңа күнтізбелік жыл басталады.
Алғашқы мүшел 13 жастан басталып, әрі қарай 12 жылдан қосылғанда жыл қайыру қайта басталады. Биылғы қоян жылынан кейін келетін Ұлу жылы туралы белгілі ғұламалар өз сипаттамасын берген. Қытай жылнамасында Айдаһар жылы деп аталғандықтан неліктен кейін Ұлуға айналғаны жайлы аңыз да бар. Нақтырақ айтқанда бірнеше себебі айтылады. Ежелгі көшпенді халқымыз жазы құрғақшылықпен, қысы жұтпен өткен Қоян жылынан кейін келетін жылға сеніммен қарап, ылғалы мол, жауыны көп болсын деген ырыммен сулы жерде өмір сүретін ұлудың атын берген екен. Тағы бір аңыз бойынша Қытай тілінде айдаһар «лұн» деп аталады. Сондықтан ұлу сөзі осы «лұн» сөзінен шығуы мүмкін. Жалпы Қытай күнтізбесінде Айдаһардан басқа Маймыл жылы деп атайтын жыл бар. Мұны көшпенділер Мешін деп атаған.
Енді Ұлу жылы қандай болған деген сауалға келсек, зерттеушілердің жазбасы бойынша Ұлу суда тіршілік ететіндіктен бұл жылы құрғақшылық болмайды деп жазады. Ұлу жылы ылғал молынан болатындықтан өсімдіктердің, астықтың шығуы да мол болады деп болжаған. Халықтың тіршілігі үшін жайлы, тыныш, берекелі жыл болады деп сенген. Дегенмен кейбір жылдары Ұлу өзінің жайсыздығымен де есте қалған. Соның бірі – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс. 1928 жылғы кәмпеске, яғни қазақ байларының мал мүлкін тәркілеп, Сібірге жер аударылған кезең де Ұлу жылымен сәйкес келген.
Дегенмен Ұлу жылы тұрмысқа жайлы, жұмсақ болып саналады. Тыныштықты, бейбітшілікті қалайтын Ұлу жылында дүниеге келгендер ақылды болып келеді.
Ұлу туралы қызықты дерекке назар салсақ, ұлудың көзі көрмейтін, әрі құлағы жоқ саңырау мақұлық. 15 жылдай ғана өмір сүретін жануардың жарық пен қараңғыны ажырата алатын ғана қасиеті бар. Негізінен, өзіне жайсыздықты сезінген кезде алты айлап ұйқыға кете алады. Қозғалысы да баяу, небәрі минутына 7 сантиметр жүре алады. Артықшылығы өз салмағынан артық затты тасымалдау қабілетіне ие болуында. Тісі өте көп болады, тіпті жыртқыш акуланың тісінен де көп. Әлемде ең үлкен Ұлу Австралияда кездеседі. Салмағы 40 келі тартатын ұлудың ұзындығы 30 сантиметрге жетеді. Кез келген жағдайға бейімделе алатын ұлу өмірлік тәжірибесіне сүйеніп қана шешім қабылдайтын ақылды жануар.
Әдетте Ұлу жылы қандай ұлы ғұламалар дүниеге келген деген сұрақ әрбір адамды қызықтырады. Міне, бұл мүшелде дүние дидарын ашқан тұлғалардың қатарында шығыстың шайыры Омар Хайям бар. Одан әрі Жан-Жак Руссо, Жанна д,Арк, орыс патшасы Николай ІІ Романов, сондай-ақ Авраам Линкольн, Владимир Путин, саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев бар.
Жанға жайлы Ұлу жылы барша қазақстандық отбасына береке мен бірлігін ала келсін!
Дайындаған
Бибісара ЖАНӘЛІ