Декреттік демалыс әкелер үшін қолайлы ма?
Соңғы уақытта құлаққа түрпідей естілетін ер адамның декреттік демалысына байланысты қоғамда көптеген пікір бар. Расында, елімізде әкелер декреттік демалысқа шығуға құқылы. Бұл ретте декретке тек әйел ғана шыға алады деп ойлау қате. Ер азамат бала күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберілуі мүмкін.Тоқырау жылдары ала дорбасын арқалап, үйдегі отанасы базарда сатушы атанды. Күнкөріс қамымен ел асып, пойыз жағалап, тауар сатқан зайыбы ер азаматқа демалыс ал деп айтпады. Нарықтық заманда бүйірден қысқан жоқшылықты жеңу үшін үйдегі қазыналы қарттар бала күтіміне жауапты болып, немересін аяқтан тұрғызған. Қазақта отбасы институты берік орныққанын ескерсек, бұл жағдай кейбір ұлттық құндылықты құлдыратпау жолында қарама-қайшылық тудырады.
Негізгі тақырыбымызға ойыссақ, декреттік демалысқа қатысты жағдай ҚР Еңбек кодексінде арнайы баппен қарастырылған. Егер баланың анасы декретке шықпаса, белгіленген демалысты әкесі рәсімдей алады. Төлем мөлшері соңғы 24 айдағы табыстың 40 пайызы бойынша есептеледі. Заңдылыққа сүйенсек, ер азаматтың жұмыс орнына бұйрық, баланың туу туралы куәлігі және өтініш қажет. Баласына тағайындалған жәрдемақыны ата-анасының біреуіне рәсімдеуге болады.
Осыдан бірнеше күн бұрын ҚР Мәжілісінің жалпы отырысында «Еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданған болатын. Заңда декретке шыққан әкелердің құқықтары аналармен бірге теңестірілді. Алдағы уақытта жұмыс істемейтін әкелердің кәмелетке толмаған баланы күтуге арнаған уақыты зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтілі ретінде есептеледі. Тағы бір айта кетерлігі, әлеуметтік өзгеріске сәйкес, жұмыс беруші жалғызбасты ата-анамен еңбек шартын бұзуға тыйым салынды. Енді бұрынғы «жалғызбасты ана» деген ұғым заң жүзінде «жалғызбасты ата-ана» деп өзгертілді.
Декреттегі демалыста жүрген әкелердің еңбек өтілін есептеу жөніндегі бастаманы осыған дейін ҚР Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағанбетов бірнеше мәрте көтерген еді. Өткен жылдың қарашасында «Ulysmedia.kz» ақпараттық порталына жарияланған халық қалаулысының пікірінде аталған мәселеге байланысты бірнеше фактор қарастырылған.
«Бүгінде жұмыссыз ана үш жасқа дейінгі баламен үйде отырса, бұл кезең оның еңбек өтіліне есептеледі. Ал әкелерде мұндай құқық жоқ. Біз осы теңсіздікті жоюды ұсынамыз. Егер балаға әкесі қараса, бұл кезең де оның еңбек өтіліне енгізілуі тиіс. Бұл – тек әлеуметтік әділеттілік қана емес, сонымен қатар отбасылық рөлдер мен ата-аналық жауапкершіліктің теңдігін қалыптастыруға бағытталған қадам, – деді халық қалаулысы Мәжілістің жалпы отырысында.
Ал журналистердің сауалына жауап берген ҚР Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағанбетов: «Таңғалуыңыз мүмкін, бірақ бүгінде ондай әкелер өте көп. Мен Білім министрлігінде жұмыс істедім, мемлекеттік қызметте жүрген көптеген азаматтардың бұл құқықты пайдаланып, декретке шыққанын білемін. Мұндай жағдайлар әскери құрылымдарда да болды. Мұны ашық мойындау керек. Ата-аналар отбасында кімнің табысы жоғары болса, сол жұмысын жалғастырып, екіншісі декретке шығады деп шешім қабылдайды» деді.
2025 жылдың 1 қарашасындағы ресми мәліметке сәйкес, елімізде бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алған адамдардың жалпы саны – шамамен 590 мыңға жуық. Оның ішінде, ер азаматтардың саны – 1 000-нан асады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ








