Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Декреттегі әкелер: 12 жылда жүз мыңға жуық еркек декретке шыққан

Декреттегі әкелер: 12 жылда жүз мыңға жуық еркек декретке шыққан

Қазір әйел адамдар ғана емес, ер азаматтар да декреттік демалысқа шыға алады. Бұл ақпараттың заң жобасына енгеніне біраз уақыт өткенімен, мұндай мүмкіндіктің бар екенін бірі білсе, бірі білмейді. ҚР Еңбек кодексіне енген ережені «Ер азығы түзде» деп білетін қазақы менталитет қабылдай қоймағанымен, бала күтімі үшін демалыс алатын еркектер саны жыл санап артуда. Статистиканың сандарын сөйлетсек, соңғы 12 жылда он мыңға жуық қазақстандық азамат декреттік демалысты рәсімдеген. Елдің сөзін былай қойсақ, бұл шешім кей жағдайда отбасы экономикасы мен ішкі жағдайы үшін ұтымды.

ЕРКЕКТЕР НЕГЕ ДЕКРЕТТІКДЕМАЛЫС АЛАДЫ?

«Еркектер декретке...» Бұл сөз сізге қызық әрі оғаш естілсе, «менталитетке жат» деп жалау­лата жөнелмеңіз. Себебі, өмірде түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Кеудесін намыс оты жаныған азамат атаулы бұл әрекетке еріксіз көшуі де мүмкін. Дегенмен, «ел не дейді?» дегеннен гөрі, өзара түсіністік пен келісімге негізделген бақытты отбасылық өмір маңыздырақ.

Жүктілікке немесе босануға қатысты демалыс қызметтегі әйелдерге міндетті түрде беріледі. Бала дүниеге келгеннен кейін оның күтіміне байланысты демалысты анасы немесе әкесі, сондай-ақ заңды түрде асырап алған адам алуға құқылы. Декреттік демалыстың алғашқы бір жылында, яғни сәби бір жасқа толғанша, ай сайын мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді.

Мысалы, отбасында әйел адамның айлық табысы еріне қарағанда көп болса, ер адам бала күтіміне байланысты демалысқа шығуы мүмкін. «Еркек жұмыс жасайды» деген «ол көп ақша табады» дегенді білдірмейді. Отбасындағы кірістің басым көпшілігін әйел табатын жанұялар жетерлік. Осындай жағдайда екеуара келісе отырып, бала күтімін күйеуі алып, әйел қызметін жалғастырса, отбасының экономикалық жағдайын тұрақты ұстап тұруға болады. Қазақы танымға жат дегенмен, бұндай әрекетті кей азаматтар ақылға салып, отбасын асырай алмағаннан гөрі дұрыс шешім деп қабылдайды.

Сондай-ақ, жалғыз басты ер адам қай­тыс болған туыстарының баласын асырап алса, ажырасудан кейін бала әкесінде қалса, баланың анасы босану кезінде немесе басқа жағдаймен қайтыс болса, бала 3 жасқа толмай, белгілі себептермен анасы ата-аналық құқықтан айырылса немесе басқа да жағдайларға орай ерлер декреттік демалыс рәсімдеуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әлеу­меттік сақтандыру қорынының мәлі­метінше, бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін берілетін әлеуметтік төлем 2008 жылдан бас­тап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан тағайындалып келеді. 12 жыл ішінде 2 563 801 адам аталған қаржылай көмекті алса, олардың 3,8 пайызын еркектер құрайды. Санға шақсақ, шамамен 97 500 адам, яғни осынша ер адам декреттік демалысқа құжат рәсімдеген.

БАЛА КҮТІМІНДЕГІ ӘКЕЛЕРГЕ ҚАНДАЙ КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ?

Ер адамның бала күтімі бойынша демалыс алуға құқығы бар екендігі туралы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 195-бабында тарқатылып жазылған. Декреттік демалыстағы ер адам ай сайынғы бала күтімі бойынша берілетін әлеуметтік төлемді ала алады. Бала босануына байланысты тағайындалатын бір реттік жәрдемақы тек баланың анасына берілсе, кейінгі бір жасқа дейінгі төлемді декреттік демалысқа шықса ғана ер адам алуына болады. Бұл уақыт аралығында оған жалақы төленбегенімен, жұмыстан шығарылмайды. Тіпті кез келген уақытта қызметіне орала алады. Тек бұл туралы басшылыққа алдын ала хабарлау қажет.

Бала бір жасқа толғанша төленетін жәрдемақы көлемі оған дейін жұмыс жасаған немесе жұмыссыздар үшін әртүрлі мөлшерде болады. Жұмыс істейтін тұлға үшін әлеуметтік төлемдер айлық жалақы ескеріле отырып есептеледі. Барлық нақты көрсеткіштерді ескере отырып, төлемнің нақты мөлшерін Мемлекеттік сақтандыру қоры анықтайды.

Әр түрлі жағдайда бала күтімін өз мойнына алуға бел буған әкелер әлеуметтік көмек алу үшін тиісті құжаттарды арнайы орталыққа тапсыруы қажет.

ШЕТЕЛДЕ ӘКЕЛЕР ДЕКРЕТКЕ КӨП ШЫҒА МА?

Өзге елдерде еркек адамның бала кү­ті­міне байланысты демалысқа шығуы қалыпты жағдай болып саналады. Бұл заң Ұлыбритания, Қытай, Бельгия, Финляндия, Австрия және Франция сияқты ірі мемлекеттер үшін таңсық емес.

Мысалы, Швецияда баланың әкесі кем дегенде бір ай декреттік демалыс алуға тиісті. Ал Финляндиялық әкелердің 66 пайызы бала күтімімен үйде отыратын көрінеді. Испанияда әке атанған ерлер үшін апта сайынғы жүз пайыздық төлеммен он аптаға дейін қосымша демалыс беріледі.

Америка Құрама Штаттарында ірі компаниялар өз қызметкерлерінің бала күтіміне байланысты демалысқа шығу не шықпауын шешуге құқылы. Мысалы, Meta (Facebook) өз қызметкерлерін төрт айға декреттік демалысқа жібере алады және бұл үшін компания тарапынан ақы төленеді. 2017 жылдың желтоқсанында компанияның негізін қалаушы Марк Цукерберг те осы құқықты пайдаланған.

Бала күтімі үшін ақылы демалыс беру құқығы Google (әйелдер үшін 22 аптаға дейін, еркектер үшін 7 аптаға дейін), Amazon, Microsoft сынды ірі компанияларда да қарас­тырылған.

2015 жылы Netflix компаниясы ата-ана­лар үшін сәби бір жасқа толғанша толық­тай демалыс алуға мүмкіндік берді. Бірақ америкалықтардың көпшілігі мұндай заңна­маны қолдамайды. Pew Research Center-дің сауалнамасына сәйкес, АҚШ аза­мат­тарының 82 пайызы әйелдерге ақылы декреттік демалыс алуды қажет деп санаған. Ал 69 пайыз дауыс ерлердің де декретке шығуын қолдаған. Guardian газетінің жазуынша, АҚШ-тағы аналардың төрттен бір бөлігі босанғаннан кейін екі апта өткен соң-ақ жұмысқа қайта кіріседі. 2018 жылдың қаңтар айында Калифорния губернаторы Гэвин Ньюс бала туылғаннан кейін ата-аналар үшін 6 айлық міндетті демалысты енгізуді ұсынды. Бір ерек­шелігі, аталған уақытты баланың әкесі мен анасы өзара келісіп, бөліп алуына болады.

Атап өткеніміздей, Қазақстанда мұндай заң жобасының қабылданғанына көп бола қойған жоқ. Алғашқыда үрке қараған халық отбасы саясатына тиімді болса, аталған ше­шімді қабылдаудан да бас тартпайды. Сөзімізге дәлелді он екі жылда бала күтіміне орай демалыс алған он мыңға жуық ер адам дәлелдей түседі.

ТҮЙІН

Отбасы құндылығын бәрінен биік қоятын қазақ халқы жас босанған ана мен баланың күтіміне баса мән берген. Ал, бала тәрбиесі – әке мен анаға ортақ іс. Дегенмен, халық танымына сәйкес, әйел адам бала күтімі мен шаңырақтағы берекенің ұйытқысы болса, ер адамды жанұяның асыраушысы, «түздің адамы» деп қабылдау қалыптасқан. Бұл – әдемі үйлесімділіктің көрінісі.

Ғылыми деректерге сүйенсек, ана сүтін бере алмайтыны болмаса, ерлер сәби күтуде әйелдерден кем түспейді. Бұған сай жантану ілімінің өкілдері өз пайымдауларын ұсынады. «Ер адамдарда бала туылғаннан кейінгі депрес­сия, стресс болмайтындықтан олар кез келген жағдайға төзімді келеді. Әкесіне қарап өскен бала ерке болмай, тәртіпке, ұқыптылыққа үйренеді. Өйткені, әкенің айт­қа­ны әрдайым заң саналады. Сондай-ақ, ер адам­ға тән қасиет бала бойына тарап, ол сыртқы ортаға тез үйренеді», – дейді мамандар.

Ер адамның декреттік демалысқа шығуы – мемлекетіміздің азаматтарға түрлі жағдайға орай көрсеткен қолдауының көрінісі. Дегенмен, бұл мүмкіндік жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруді жөн санайтындардың «саясатына» айналып кетпесе екен.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
25 желтоқсан 2021 ж. 444 0