Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 31 газет

20 сәуір 2024 ж.

№ 30 газет

16 сәуір 2024 ж.

№ 29 газет

13 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » ҚАНАҒАТ ҚАРЫН ТОЙҒЫЗАДЫ

ҚАНАҒАТ ҚАРЫН ТОЙҒЫЗАДЫ

Қажымас қайраты бойында тасыған оның күш-жігері бір қарағанда түгесілмейтіндей көрінеді. Үнемі қара жұмыстың бел ортасынан табылып, тынымсыз еңбек етуден жалықпайды. Бүйірінен қысқан жоқшылықтан қиналмас үшін қолдан келген іспен шұғылдануға мәжбүр. Оның тапқан-таянғаны отбасы бюджетіне құйылатын жалғыз кіріс көзі. Жылдың төрт маусымында тұрмысқа қажеттінің барлығы өзі тапқан қаражат арқылы алынады. Үйдегі келіншегі айлықтан-айлыққа ілігу үшін ішіп-жейтін тамақты, киім-кешекті тек жоспарлап қай айда нені алатынын тізіп отырады. Оның үстіне, жарықтың, судың ақысы да ай сайын уақытылы төленуі тиіс. Уақыт өткен сайын жанұяда жан басы көбейіп, ұлдар ер жетіп, қыздар кесте тігетін жасқа келген. Өмірлік қосағымен бақыттың базарында ғұмыр кешу үшін тұрақты, жайлы баспана қажет-ақ. Осыған дейін қыстың көзі қырауда, аптап ыстықта, нөсерлі жаңбырға қарамастан талай рет пәтер беруші қожайын пәтерақыны уақытылы төлемегені үшін үйлерін босатуды талап еткен. Сонда да қажымаған отбасы мүшелерінің табандылығы мен мықтылығы әлі күнге қоғамда тең құқылы өмір сүруге мүдделі екендігін дәлелдегендей.
Жұмыстың ауыртпалығынан емес, тұрмыстың тауқы­метінен қажыған бұлардың негізгі үміті жәрдемақыда. Ер азаматының тапқаны күнделікті тамақ пен қажетті дүниеге ғана жетеді. Пәтер ақысын кешіктіріп төлеп, кейде бере алмайтын кез де болады. Отбасы болып қашан ет асып жегендері есінде жоқ. Балалар анасының әрбір тағамын сүй­сініп, тауысып жейді. Бұрыннан жұмыссыз отыр­ған әйелі бала күтіміне қарап, ер азаматының көңілін табуға тырысады. Әйтеуір, «анау жоқ, мынау жоқ» деп еріне шағым айтпайды. Жоқтан бар жасап, үлгіртуге тырысып келеді.
Мемлекет тарапынан жасалатын әлеуметтік көмектің барын естіген отанасы бір демде құжат дайындауға кіріскен. Осыған дейін көтеріп келген ауыртпалықтың жеңілдеуіне мемлекет қол ұшын созса деген үміті басым. Әр балаға тиісті мөлшерде жәрдемақы алу арқылы тұрмыстық жағдайын жақсарту амалы, көштен қалмаудың бірден-бір тетігі болып табылады. Жас күнінде екеуі талай мақсатқа жету жолында бірге армандайтын. Көп балалы, берекесі тасыған шаңыраққа айналуды қалайтын. Осы күні екеуі де бес баланың ата-анасы. Мектеп қабырғасында жүріп балаларының жеткен жетістігіне марқаяды, барынша қуанады.
Денсаулық жағдайына байланысты жұбайы жұ­мыс­тан тыс қалған. Тек үй шаруасымен айналасып, бала күтіміне назар аударады. Міне, әйел затының нағыз болмысын айшықтайтын төзімділік қасиеті осы.
Соңғы уақытта атаулы әлеуметтік көмектің бе­рілу талабы мен тәртібі хақында халық арасында сан алуан пікір жүргені рас. Дегенмен, біздің кейіпкеріміз секілді көп балалы отбасының жағдайы еліміздің әрбір түкпірінен табылады. Сондықтан үкімет тарапынан берілетін көмектен көптеген отбасының үмітті болатыны да заңдылық. Себебі, шаңыраққа келетін аз ғана айлық шайлыққа жетпей жатады. Сол үшін мемлекеттен берілетін жәрдемақы оларға көмек болатыны анық.
Қашанда мемлекеттен қолдау көрген жанұя алдағы өмірін жақсартуға жоспар құра алады. Ендеше, өзгемен қатар тең құқылы тіршілік ету үшін мемлекет тарапынан жасалған көмектің маңыздылығы жоғары. Тек адам санасында әлеуметтік көмекті алудың негізгі қағидаты барлық отбасыға қарастырылмағаны жөнінде түсінік пайда болса дейміз. Күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар, аз қамтылған азаматтар, жұмыс істеуге мүмкіндігі аз тұлғалар толықтай жәрдемақы алуға құқылы. Ал, көп балалы бола тұрып, бар жұмысты істемей, қауқары жете отырып, қолдан келген іспен айналыспау ұят нәрсе. Тауқыметті жеңу жолында қиындықпен күрескен, жоқшылықтың дәмін татқан әрбір отбасы нағыз еңбеккеш екені рас. Бұл ретте, әрбір отбасыға жан-жақты қолдау көрсету құптарлық жағдай.

Б.ОРДАБЕКОВ
03 мамыр 2019 ж. 395 0