Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Басты мақсат – халық үмітін ақтау

Басты мақсат – халық үмітін ақтау

Тереңөзек кентінде он бір мыңға жуық халық бар. Осы күні аудан орталығының аумағы кеңейіп, жергілікті халық шет аймақтарға қоныстануда. Күнделікті инфрақұрылымдық жұмыстармен қатар, санитарлық тазалық, құрылыс секілді біршама жұмыс кент әкімінің құзыретіне кіреді. Соңғы жылдары осы лауазымды абыроймен атқарған Ержан Бахтияровтың өкілеттік мерзімі аяқталып, басқа жұмысқа ауысты.

Осыған байланысты аудан әкім­дігінде кадрлық өзгерістерге орай актив отырысы өтті. Оған аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық мәс­лихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, «AMANAT» пар­тия­сы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық ардагерлер ке­ңе­­сінің төрағасы Мұса Келдібаев, қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, аудандық мәслихат депутат­тары, мекеме және бөлім бас­шылары қатысты. Ауылдық ок­руг әкімдері ZOOM платформасы арқылы қосылды.

Аудан басшысы 2022 жылдан бері Тереңөзек кентінің әкімі қыз­метін атқарып келген Ержан Бахтияровты құрметпен шығарып салды.

– Тереңөзек кентінің әкімі қыз­метін атқарып келген Ержан Бах­тияр­ұлы ауданның әлеуметтік-эко­но­­ми­калық дамуына үлкен үлес қосты. Мемлекеттік-құқықтық жұ­мыс­­­тар, жергілікті басқару және коммуналдық шаруашылық сала­­­ларында жинақтаған мол тәжі­рибесін тиімді пайдалана отырып, аудан орталығын дамыту бағы­тында маңызды міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз етті. Кентте инфрақұрылымды дамыту, көшелерді асфальттау, жарық­­тан­дыру, жаяу жүргіншілер жолын салу, көп­қабатты тұрғын үй аулаларын, демалыс орын­дарын абаттандыру, көркейту-көгал­дандыру, ойын алаңдарын салу, жалпы тұрғындардың тұр­мыс сапасын арттыруда нақты нәти­желерге қол жеткізді. Аудан орталы­ғындағы аяқсу мәселесінің шешімін табуына да қажырлы еңбек етті. Ержан Бахтиярұлына адал еңбегі, кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілеті үшін өзімнің және аудан халқы атынан шынайы алғыс білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Жиында әдан әкімі ауданның әлеу­меттік-экономикалық дамуына үлес қосқан Ержан Бах­тияровқа «Құрмет грамотасын» табыс­тады. Құрмет төрінен көрінген азамат жиналған жұрт­шылыққа алғысын жеткізіп, ізгі тілегін білдірді.

– Кәсіби маманға қандай қызмет болса да, аса жауапкершілік жүк­теледі. Тереңөзек кентінің әкімі қызметінде жүріп, халық сенімінен шығу мақсатында әріптестермен бірлесіп қызмет еттік. Үнемі жер­гілікті халықтың уәжін тыңдап, тынымсыз еңбек етуге барымызды салдық. Бұл ретте басшылық тарапынан жүктелген міндетті орындау барысында жүйелі қызметке, саналы іс-әрекетке иек артып, кейбір мәселеде нақты нәтиже шығаруға ұмтылдық. Осы орайда әркез жұмы­сымызға қолдау көрсете білген аудан басшысына, әріптестеріме, жи­налған көпшілікке шынайы алғы­сым­ды айтамын, – деді Е.Бахтияров.

Басқосуда активке қатысушылар Ержан Бахтияр­ұлының аудан орта­лы­ғын дамытудағы еңбегін атап өтіп, жаңа бастамаларына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Тереңөзек кентінің әкімі лауазымына мемлекеттік қыз­мет саласында өзіндік тәжіри­бесі бар Нұржан Бисембаев сайланды. Оған аудандық сайлау комис­сиясының төрағасы Ермек Шайлан арнайы куәлік табыстады. Өз кезегінде жаңадан сайланған кент әкіміне аудан басшысы сенім біл­діріп, жұмысына сәттілік тіледі.

– Тереңөзек кентінің әкімі болып сайланған Нұржан Пернебайұлы еңбек жолын 2000 жылы «Оспан Мәлібаев» атындағы серіктестікте көмекші бригадир, гидротехник болып бастаған. Әр жылдары аудан­дық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінде жерге орналастырушы маман, аудандық құрылыс, сәулет және қала құры­лысы бөлімінің жетекші маманы, бас маманы, бөлім басшысы, Тереңөзек кентінің әкімі, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бө­лімінің басшысы, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жо­лаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы қыз­меттерін атқарған. 2024 жылдан бастап аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас­шысы қызметін атқарып келді. Нұржан Пернебайұлына аудан орта­лығын дамытуға үлкен сенім артылып отыр. Тереңөзек кенті бар­лық елді мекенге үлгі болуы тиіс. Осыған байланысты кентті абаттандыру, көркейту-көгалдандыру жұ­мыстарын үнемі жүргізу қажет. Қа­таң бақылауда ұстауды тапсырамын, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Жиында аудандық мәслихат төр­­ағасы Е.Әжікенов, аудандық арда­герлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Ұ.Жаналиева, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов жаңа сайланған кент әкімінің қызметіне сәттілік тіледі.

Б.АЯБЕКҰЛЫ

17 ақпан 2026 ж. 74 0