Рамазан – рухани кемелділікке жетелейтін мектеп
Он екі айдың сұлтаны, күллі мұсылманның асыға күткен рухани мейрамы – мүбәрак Рамазан айы табалдырығымыздан аттауға жақын. Бұл ай – аспан есіктері айқара ашылып, Жаратушының рақымы жер бетіне нұр болып төгілетін, пенде мен Жаратушының арасындағы махаббат бекитін ерекше маусым.Рамазан – тек ашығу және шөлдеумен сыналатын ай емес. Бұл – рухани кемелдену, тәрбие айы. Бұл – нәпсінің тізгінін тартып, жүректің кірін жуатын, руханиятты иман нәрімен сусындатып, адамдық болмысты жаңғыртатын ұлы мектеп. Бір ай бойы атқарылатын ғибадаттар – сабырлықтың нышаны, шүкіршіліктің негізі, әрі бізді Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезіне жақындататын баспалдақ.
Қазақтың кемеңгері Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз «Мұсылмандық шарты» атты еңбегінде: «Уа, достар, оразаға қалайша салақпыз? Оны да парыз емес демейміз. Қарнымыз ашады десек дүние ісі үшін неше күндер аштыққа, қиыншылыққа шыдайтұғынымыз қайда? Және ораза тұтқанда аузымызға не келсе, соны сөйлеп, күнә сөзден, істерден тыйылмай жүріп ұстайтұғынымыз қалай? Құдай тағаланың он бір айы біздің күнә істеуімізге жетпеді ме? Осы бір ғана айды күнә жасамай, шамамыз келгенше құрметтеп өткізуге шыдай алмағанымыз қалай?» дейді. Демек, адам баласы бұл айда ораза ұстаумен қатар, күнә атаулыдан тыйылып, өткен күнәлары үшін тәубе етіп, Жаратушыдан кешірім тілеуі қажет. Сонда ол адамның күнәсі кешірілумен қатар, үлкен сауапқа ие болады.
Қасиетті Рамазан айы адамның руханиятын көптеген жақсы қасиеттермен өрнектейді. Солардың кейбіреулеріне тоқтап өтетін болсақ:
Бірінші: Рамазан тақуалыққа жетелейді.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
«Уа, иман келтіргендер! Тақуалық етерсіңдер деп сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де ораза ұстау парыз етілді», – деп айтқан («Бақара» сүресі, 183-аят).
Олай болса, қасиетті Рамазан айында ораза ұстау арқылы пенденің тақуалығы арта түседі. Ораза ұстау кезіндегі ниеттің, атқарылатын ізгі амалдардың, көркем мінездің барлығының да мақсаты тақуалыққа қол жеткізу болып табылады.
Екінші: Рамазан күнәдан тазартады.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
«Кімде-кім Рамазанда иманмен және сауабынан үміт етіп, ораза ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі» деп айтқан (имам Бұхари).
Ораза өзінің құлшылығы мен орындалуы және сауап тұрғысынан басқа ғибадаттардан ерекше саналады. Себебі Алла Тағала оразаның тек Өзі үшін орындалатын риясыз амал екенін, әрі оның «сауабын Өзі беретінін» айтқан.
Үшінші: Рамазан нәпсіні тәрбиелейді.
Ораза – адамның өз еркіне ие болу қабілетін шыңдайды. Күнделікті өмірде рұқсат етілген (халал) су мен тамақтан өзін тыйған адам, Рамазаннан кейін харам нәрселерден (өтірік айту, ғайбат сөйлеу) өзін оңай тыя алады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
«Кімде-кім өтірік айтуды және онымен амал етуді тәрк етпесе, Алла оның ішіп-жеуінен бас тартуына мұқтаж емес» деген (имам Бұхари).
Төртінші: Рамазан адам бойына мейірімділік қасиетті арттырады.
Рамазан – Алла Тағаланың мейірімі түсетін ай. Бұл айда түсірілген Қасиетті Құран да адамдарға мейірім ретінде түскен.
Рамазан айында адамдарға мейірімділік таныту дегеніміз қарым-қатынас жасағанда көркем мінезді болу, қателіктерін кешіре білу, жомарттық жасап, мұқтаж жандарға көмектесу, садақа беру, өзге ораза ұстаушыларға ауызашар беру сынды ізгі істер жасау. Ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тағы бір хадисінде: «Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған: «Мен оразамын» десін», – деп өсиет ету арқылы бізге өзгелермен мейірімділіктің аясында қарым-қатынаста болуға шақырған.
Бесінші: Рамазан Құранның берекетіне бөлейді.
Рамазан айы Қасиетті Құранмен тығыз байланысты. Өйткені Құран Кәрім осы айда түскендіктен, оразаны да осы айда ұстау парыз етілді. Алла Тағала қасиетті Құранда:
«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол нұсқаушы және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді» деген («Бақара» сүресі, 185-аят).
Осы себепті Рамазан айын – «Құран айы» деп атаймыз. Бұрынғы өткен ғұламаларымыз осы айда Құран оқуға ерекше көңіл бөлген. Рамазан айында Құран оқу, міскіндерді тойдыру абзал амалдардан болып саналады.
Ендеше, біз де Рамазан айында қасиетті Құранға лайықты түрде көңіл бөліп, оны оқып, үйренуге тырысқанымыз жөн.
Алтыншы: Рамазан дұғаның қабыл болуына жол ашады.
Рамазан айының берекетінің бірі – Алла Тағала бұл айда біздің дұғаларымызды қабыл етеді. Қасиетті Құранның «Бақара» сүресіндегі Рамазан оразасының парыз етілгендігі, бұл айда қасиетті Құран түсірілгендігі хабар етілгеннен кейін, келесі аяттарда Алла Тағала:
«Егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: Мен оларға өте жақынмын, қашан менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін» деген («Бақара» сүресі, 186-аят).
Тәпсірші ғалым ибн Кәсир: «Бұл дұға етуге шақырған аяттың оразаның үкімдерімен бірге келуі, сол оразаның белгілі күндері толғанда және әрбір ауызашар алдында дұға етуге тырысу қажеттілігін білдіріп тұр» деген.
Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Расында, ораза ұстаушының ауызашар алдындағы сұраған дұғасы кері қайтарылмайды» деп айтқан.
Құрметті халайық!
Қорыта айтқанда, Рамазан – жай ғана белгілі бір уақыт аралығында ішіп-жеуден тыйылу маусымы емес. Бұл – адамның рухын шыңдап, нәпсісін тізгіндейтін, пендені кемелдікке жетелейтін тәрбие мектебі.
Бұл айдағы басты мақсатымыз – жүрегімізді ғапылдықтан ояту, бойымызға көркем мінез дарыту және Жаратушы Иемізбен болған байланысты шынайы ықыласпен бекемдеу болуы тиіс. Егер біз Рамазан айынан рухани жаңарған, мейірімді, сабырлы әрі тақуа қалпымызда шыға алсақ, онда қасиетті айдың бізге берген жемісі мен жеңісі осы болмақ.
Алла Тағала алда келе жатқан қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізіп, ұстайтын оразамызды, жасайтын құлшылықтарымыз бен қайырымды істерімізді қабыл еткей! Елімізге тыныштық, отбасымызға береке беріп, айдан аман, жылдан есен өтуді баршамызға нәсіп етсін!
Нұрсұлтан СЕРІКҰЛЫ,
Сырдария ауданының Бас имамы
Фото: ашық дереккөзСырдария ауданының Бас имамы












