Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Су тапшылығы: жаһандық жауапкершілік пен ұлттық мүдде

Су тапшылығы: жаһандық жауапкершілік пен ұлттық мүдде

Су – тіршілік көзі һәм нәрі, адамзат өркениетінің негізі. Әр мемлекет үшін экономикалық дамудың тетігі мен әлеуметтік тұрақтылықтың өзегі. Әрбір тірі ағза үшін судың маңызы айқын. Бірақ, дүниежүзі бойынша ХХІ ғасырдың алаңдатарлық өзекті тақырыбының біріне айналып отырғаны жасырын емес. Жаһандық су тапшылығы анық байқалуда. Климаттың күннен-күнге өзгеруі, жер бетінде халық санының артуы, өндіріс пен ауыл шаруашылығының қарқынды дамуы суға деген сұранысты күрт арттырып, кейбір ел үшін өзекті мәселе деңгейіне дейін көтерілді. Бұл мәселе жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында тоқталып өтті.

«Су – еліміз үшін стратегиялық ресурс. Біз су мәселесімен жүйелі түрде айналысуымыз керек. Мен былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсындым. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау барысында осы мәселені алға қарай жылжытуымыз қажет. Алдағы сәуірде Астанада Халықаралық экология саммиті өтеді. Жиында Аралды құтқару қорына мүше мемлекет басшыларымен Арал мәселесін талқылаймыз. Кіші Аралдың қалпына келуі бүкіл Сыр өңірін одан әрі көркейтуге жол ашады деп үміттенеміз» деді Президент.


Су ресурсының әлем бойынша тапшылығы – жаһан халқы үшін ең қорқынышты мәселе. Оны ертерек қолға алып, шешімін жан-жақты қарастырмаса, үлкен апатқа әкеп соғуы мүмкін. Бұған әр мемлекет жеке-дара әрекет еткенімен нәтиже оң болатыны кепілсіз. Сондықтан әлем елдері бірігіп, халықаралық дең­гей­де біршама бастама қолға алынып, уақытында шешімі табылуы керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бұл мәселе жаһандық жауапкершілікті талап етеді.


Әлемнің назарын аудартқан Арал теңізінің жай-күйі де жақсарып келеді. Бірақ бұл мәселе толықтай шешілді деген сөз емес. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда тілге тиек етті.

«Қызылордаға келіп тұрып, Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес. Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Мен бұл мәселе туралы халыққа Жолдауымда айттым. Жылдар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды құтқарып қалдық. Қашқан теңіз қайтып, Кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз жыл болды. Қазір «Көкарал» бөгетін биіктету шаралары қолға алы­нып жатыр. Жоба осы жылдың соңында басталады. Кіші Аралдың суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болады» деген болатын.

СУ РЕСУРСЫ
ӘЛЕМДІК АХУАЛҒА АЙНАЛДЫ

Жер шарында судың 97 пайызы – тұзды болса, қалған 3 пайызы – тұщы су. Сол тұщы судың басым бөлігі мұздықтарда немесе жер астында. Адамдардың тікелей пайдалана алатын бөлігі тек 1 пайыз ғана. Дүниежүзінде 7 млрд халық бар. Оның 2 млрд-тан астамын бүгінде тұщы ауызсуға тұрақты қол жеткізе алмай отыр. 2050 жылға қарай халық санының артуы мен климаттың өзгеруі әлем жұртшылығының жартысынан астамы су тапшылығы бар аймақтарда өмір сүру қаупіне әкеп соқ­тыруы мүмкін. Климаттың өзгеруіне басты мысалдың бірі – мұздықтардың еруі. Гималай, Альпі, Арктика сынды мұз­дықтар еруінің салдарынан су көбей­гендей болып көрінуі мүмкін. Алайда, ұзақ мерзімде өзендердің тартылуына әкеп соғады. Әлемнің назарын аудартып отырған тағы бір мәселе – судың ластануы. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығынан шыққан және тұрмыстық қалдық тіршілік нәрінің ластануына тікелей әсер етуде. Жалпы, дүниежүзі бойынша суды тұтыну құрылымында ауыл шаруашылығы – 70 пайызды, өнеркәсіп – 20, халық пайдаланатын тұрмыстық қажеттілік – 10 пайызды құрайды.
Қазіргі таңда су тапшылығы мәсе­лесімен айналысу үшін әлемдік қорлар құрылған. Олардың су ресурсын кө­бейту жолдарына арналған сан түрлі стра­тегиялық бағытта жоспарларды қолға алуда. «Green Climate Fund» (GCF) – әлемдегі ең ірі климаттық қордың бірі. Қордың негізгі бағыты су қауіпсіздігі мен су инфрақұрылымына инвестиция тартуды қолдап, судың сапасына, тасқын мен құрғақшылық қаупін болдырмау секілді жағдайға көңіл бөледі. Ал «One Water Summit» – су мәселесін халықаралық деңгейде талқылайтын саммит. Бұған мемлекеттер мен ғалымдар, бизнестік ұйымдар мен ЕҚЫҰ сияқты ұйымдар қатысады. Осындай әлемдік мәселенің шешім табуына атсалысып жүрген Иран елінің азаматы, су ресурстары бойынша әлемдік деңгейдегі ғалым, БҰҰ университетінің су және денсаулық институтының директоры – Kaveh Madani. Ол су тапшылығы жайлы «TVRI World» телеарнасына берген сұхбатында бұл мәселе тек дамушы елдерде ғана емес, барлық жерде бар екендігін айтып өтті.

«Әлем қазір жаһандық «су бан­крот­тығы» (Water Bankruptcy) дәуіріне кірді, яғни көп аймақтарда су тапшылығы уақытша жағдай емес, ұзақ мерзімді, қайтымсыз құбылысқа айналды. Бұл терминді әдеттегі «су дағдарысы» сөзі жет­кізе алмайды. Өйткені, көптеген өзен, көл, су қоймасы мен жерасты суы бұрын­ғы деңгейіне қайтып келмейді. Су тапшылығының жаңа «нормасына» бейім­делу керек» десе, «Судың экономикасы жөніндегі ғаламдық комиссиясының» атқарушы директоры Henk W.J.Ovink – судың дұрыс бағаланбай, күтіп пайдаланылмауы бүгінгі дағдарыстың түпкі себебі екендігін алға тартты.

«Су тапшылығы – климат дағда­рысының орталық элементі. Су ресурстары төмен­де­тіліп, жергілікті экожүйелер деградацияға ұшырайды. Судың құн­дылығын дұрыс түсіну, оны тиімді бас­қару қажет. Біз суды әрдайым бар, шексіз ресурс деп қабылдаймыз. Бірақ шын мәнінде, су – біздің ең осал әрі ең маңызды досымыз» деп санайды. Бұл екі пікір жан-жақты бағытта жұмыс істеуге негіз болатыны анық. Сондықтан әлемді құт­қару үшін ұйымдастырылған әр бастама – маңызды.


ШАРУАШЫЛЫҚ ЖҰМЫСЫНЫҢ ҚАРҚЫН АЛУЫ –
ТІРШІЛІК КӨЗІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ


Дүниежүзі бойынша судың 70 пайызы ауыл шаруашылығына жұмсалады. Бұл көрсеткіш елімізде де дәл сондай. БҰҰ-ның мәліметінше, Қазақстан 2030 жыл­ға қарай су тапшылығына тап болуы мүмкін. Алаңдатарлық жағдай елімізде бірне­ше жылдан бері өзекті болып келеді. Яғни қазақ жерінің 50 пайыздан астамы шөлейт және жартылай шөлейтті аймақ. Ел аумағының 2,8 пайызы ғана сулы. Бұл көрсеткіш Қазақстанның тіршілік көзінен табиғи түрде шектеулі екенін көрсетеді. Еліміз су ресурсын пайдалану бойынша жан басына шаққанда 3,5 мың литрді құрайды екен. Бұл әлем елдері арасында суды көп пайдаланатын елдер қатарында 11 орында.

Жалпы, елге келетін судың 40-45 па­йы­зы көрші мемлекеттер арқылы келеді. Яғни су тапшылығы елдер арасында халықаралық келісім жасауға тәуелді етеді. Онсыз мәселе шешілмейтіні анық. Судың көп бөлігі ауыл шаруашылығына жұмсалады. Бір қынжылтатыны, судың дұрыс пайдаланылмауы. «Судың да сұрауы бар» демекші, тіршілік көзінің әр тамшысын қастерлеп, қадірлеу маңызды. Ауылдық жерде суды егінге пайдалану арық арқылы жүзеге асып, артық мөлшердегі судың шығынына әкеп соқ­тырады. Соңғы жылдары заманауи су үнем­деу технологиясы шаруашылықтың 15-20 пайызында ғана қолданылады екен.

Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан су қоймаларын салу, ескі су жүйелерін қайта жаңарту және ирригациялық жобаларды дамыту бойынша көп бағдарлама жүзеге асырылуда. Бұл алдағы уақытта біршама мәселенің шешімі болатыны анық. Бірақ мұнымен су тапшылығы мәселесі шешілді деген сөз емес.

Қазақстан аумағында су дағдарысы айқын байқалатын аймақтар қата­рында біз­­­дің Сыр елі де бар. Өңір «Сырдария» өзе­ні­нен нәр алады. Арал теңізінің жай-күйі бесенеден белгілі. Оны қалпына келтіру үшін Мемлекет басшысы бірнеше жылдан бері арнайы іс-шаралар қолдануда. Теңіздің алаңдатарлық жағдайы тек біздің елдің жауапкершілігінде емес, ТМД мемлекеттері үшін өзекті мәселе. Қазіргі таңда бұл жағдай да біртіндеп шешімін табуда. Одан бөлек, облыс аумағының басым бөлігі – егін шаруашылығына бейімделгендіктен, судың тапшылығы сезіледі. Сыр өңірі күрішімен танымал. Ал күріш – суды көп қажет ететін дақыл. Аймақ­тағы шаруашылықтың басым бөлігі күріш өсірумен айналысады. Яғни Сырдария, Жалағаш және Қармақшы аудандарына күріш өсіретін егістіктің 70 пайы­зы тиесілі. Ал Сырдария ауданы күріш өндірісінде егістіктің ең ірі үлесін алады. Өнімнің бітік шығып, шаруалардың еңбегі еленгені әрине жақсы. Бүгінде ауданда су шаруашылығының жұмысы қалай өрбіп жатыр? Бұл сауалға нақты жауапты «Сырдариясушар» өндірістік учаскесі басшысы Бектұрғанбек Ысқақов айтып өтті.

– 2026 жылдың шаруашылықтармен суару және су жеткізіп беру келісімшартын сәуір айынан бас­тап отырамыз. Жыл са­йын бізге «Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы» шаруашылықтардан ке­ліп түскен өтініштеріне қарай және жоға­ры­дан келетін жалпы вегетация уақы­тында жеткізілетін судың көлеміне қарай суды пайдалану лимитін бөліп береді. Биыл нақты мынадай су көлемі беріледі деген ақпарат жоқ. Дегенмен былтырмен салыстырғанда су деңгейі төмен болады деген болжам бар. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 145 шаруашылықпен суару және су жеткізіп беру келісімшартына отырдық. Жалпы, су екіге бөлінеді. Бірі – тұрақты су, екіншісі – экологиялық мақсатты жақсартуға пайдаланылатын су. Тұрақты су – шаруашылықтың егістіктерін суаруға арналса, экологиялық мақсатты жақсартуға пай­даланылатын су – көктемшілік веге­тациялық кезең басталғанға дейін және аяқ­талғаннан кейін көлдерді, ша­бындық, жайылымдық жерлерді суландыру мақ­сатында жүзеге асырылады. Өт­кен жы­лы пайдаланылған су көлеміне қарай тұрақты су бойынша – 803 млн 230 мың текше метр, экологиялық мақсатты жақ­сартуға – 273 млн 890 мың текше метр су қолданылған. 2026 жылғы су мөлшері был­­тырғымен салыстырғанда төмен болады деп болжап отырмыз. Себебі, «Шардара» су бекеті қоймасына жиналған су көлемі өткен жылға қарағанда төмен. Канал бойынша 4 жүйемен жұмыс жасаймыз. «Солтүстік жағалау магистралды каналы», «Әйтек», «Жетікөл жарма» және «Жаңадария» жүйесі ретінде бөліп қа­рас­тырамыз. Әр жүйеге сол тұстағы шағын каналдар кіреді. Аудан жанындағы бір­шама шаруашылыққа жіберілетін жүйе «Әйтек» су арнасына қарасты ша­ғын каналдармен жүзеге асады, – деді Б.Ысқақов.

Атқарылып жатқан әр жұмыс об­лыстық инспекцияның қадағалауында. Өйт­кені, ауданымыз суды толықтай «Сыр­­дария» өзенінен алады. Ал өзеннің жай-күйі 3-4 жылдан бері мәз емес. Жыл өткен сайын «Сырдария» өзенінің деңгейі төмен­­деуде. Бұл – Сыр халқы үшін алаң­датарлық мәселе. Осы тұста ауданда су тапшылығына байланысты қандай жұмыс­­­тар жүргізіліп жатқаны туралы аудан­­­дық су шаруашылығы өндірістік учас­­кесі басшысының орынбасары Мирлан Айтмұқанов тілге тиек етті.

– Су тапшылығы тек елімізде ғана емес әлем бойынша өзекті. Бірнеше мемлекет су алып отырған «Сырдария» және «Әмудария» сынды өзендердің деңгейінің тө­мендеуі байқалады. Жалпы аймағымыз «Сырдария» өзенінің төменгі ағысында орна­ласқан. Жоғарыда Қырғызстан, Өз­бекстан, Тәжікстан мемлекетінен бас­тау алатын өзен болғандықтан, сол жаққа тә­уел­діміз. Яғни аталған елдерде жа­уын-шашын деңгейі қалай болады, мұз­дықтар қалай ериді соған байланыс­ты біздің елімізге су жіберіледі. Оның көлемі мен деңгейі әр жылда әр қалай болады. Нақты жоба жоқ. Ал аудан бойынша су тапшылығына байланыс­ты бірнеше кіші, үлкен каналды тазалау жұмысы жүр­­­гізілуде. Ал шаруашылық құры­лым­­дары тарапынан күріштік егістікке арналған жерді «лазерлік тегістеу» жұмысы арнайы құралмен іске асырылуда. Бұл «лазерлік тегістеу» бойынша облыс көлемінде атқарылған жұмыс 100 пайыз­ды құрайды. Анығын айтқанда, «лазерлік тегістеуден» өткен жерде су біркелкі жатады. Бұл суармалы егіншілікте суды үнемдеудің тиімді әдісі. Сондай-ақ «Арал-Сырдария бас­сейндік инспекциясының» бастамасымен арнайы комиссия құрылған болатын. Жыл сайын шаруашылықтарға берілген суды қалай пайдаланып жатыр, сол жөнінде тексеру жүргізіледі. Қазіргі таңда аудан халқына, шаруа­шылықтарға суды үнемдеп пайдалану мақсатында түсіндірме жұмыстары атқарылып келеді. Бүгінде келешекте су келетін гидротехникалық құрылыстардың барлығын автоматтандыру жұмысы облыс көлемінде басталуда. Бұл суды үнемдеуде жүзеге асырылып жатқан ұтымды шаралардың бір бөлігі, – дейді Мирлан Айтмұқанов.

СУДЫ ҮНЕМДЕУ –
КЕЛЕШЕККЕ ҚАДАМ


Шаруашылықта пайдаланылатын аяқ­су мәселесі туралы айтып өттік. Ендігі кезекте күнделікті тұтынатын ауызсудың жағдайына тоқталсақ. Судың бір тамшысына дейін үнемдеу нағыз жауапкершілік. Бірақ мұны әлем халқы ұғыну үшін не іс­теуге болады? Қалалық жерде қарапайым таңертеңгілік тіс жуғанның өзінде кранды ашып қойып жуатын жандар бар. Ал сол уақытта 2 минут ішінде 10 литрге жуық су далаға кетіп қалады. Күнделікті өмір сүру уақытында кез келген тұрғынның суды пайдалануда жауапкершілік танытуы маңызды. Өйткені таза ауызсуға жете алмай отырған елімізде 600 мыңнан аса адам бар. Ал әлем бойынша 2,1 млрд адамды құрайды. Сондықтан қарапайым тұрмыстық кезеңдегі суды пайдалану бойын­ша бірнеше ережені ұстанған абзал.
• Ваннаның орнына, 5-7 минуттық душ қабылдаған тиімдірек;
• Тіс тазалағанда ауыз шаятын суды стақанға құйып алып жуу немесе кранды жауып қою керек;
• Ыдыс жуарда суды ағызып қойып жумай, шағын ыдысқа салып жуу 30-50 % суды үнемдейді;
• Бақша суаруды таңертең немесе кеш­ке жүзеге асыру, 30% су буланып ұшып кетпейді;
• Мүмкіндігінше тамшылатып суару жү­йе­сін қолға алу;
• Суды үнемдеу қағидаларын бала­ларға түсіндіру;
• Судың «шексіз емес» екендігін естен шығармау қажет.

Кран аузынан судың жай ғана тамшы­лап тұруы – тәулігіне 24 литр, айына 720 литр немесе жылына 8 мың 784 литр тіршілік көзінің ысырап болуына әкеледі. Сондықтан тұрмыста кранды пайдаланғаннан кейін толық әрі дұрыс жабылуына мұқият болу керек. Еліміз суды ең көп тұтынатын мемлекеттер қата­рында 11 орында тұрғанын жоғарыда айтып өттік. Бұл көрсеткішті азайту үшін «Жер-Ананы құрметтегендей, тіршілік нәрін де лайықты құрметтеп» тиімді пайда­лануымыз шарт.

Қорытындылай келе, жаһандық өз­ге­рісте судың дағдарысы айқын байқалады. Оны шешу жолында әлемдік деңгейде түрлі қорлар құрылып, үлкен жобалар қолға алынуда. Су тапшылығының алдын алу іс-шарасын ертерек жүзеге асырып, қолданысқа енгізбесе 2050 жылға қарай әлемнің жарты халқы таза ауызсуға мұқтаж болу қаупі төніп тұр. Бұл әрине табиғи апатқа да жатады. Сала бойынша дүниежүзі ғалымдарының дағдарысқа деген пікірі біршама мәселенің жауабы. Сондықтан жер шарындағы әр мемлекет ортақ мәселенің шешімін бірге табуы тиіс. Аталған жағдай туралы Мемлекет басшысының ұтымды сөзін де сараптама кіріспесінде тілге тиек еттік. Арал теңізінің жағдайы да назардан тыс қалмай, қазіргі таңда теңіздің деңгейі көтеріліп келе жатыр. Бұл Сыр өңірінің экологиялық дағдарыстан шығарудың бір бөлігі.

Шаруашылықтағы су мәселесі де оңтайландырылған әдіспен шешімін табуда. Сыр маржандарына қажетті суды жыл есебіне қарай бөліп, қалғанын үнемдеу су мамандарының жұмысы. Олардың саладағы қызметі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жыл өткен сайын су деңгейінің төмендеуі табиғи апат. Сондықтан Сыр елі әр жылда суармалы егіншілікте мұндай оқыс оқиғаның алдын алу шараларын жүзеге асыруда.
Ауызсу жағдайында тіршілік нәрінің жай-күйі де мәз емес. Тұрмыста суды тұтыну мөлшерін біртіндеп азайту, оны үнемдеу ережелерін сақтау қажет. Сон­дай-ақ өскелең ұрпаққа судың пайдасы мен үнемдеу керектігін үйрету маңызды. Судың әр тамшысы жер шарындағы басқа бір адамға «арман». Табиғаттағы әрбір жаратылыстың, сарқырап аққан судың да сұрауы бар екенін ұмытпау керек.


Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ
10 ақпан 2026 ж. 78 0