Кітап оқытып, мазмұнын сұрайтын
Осы уақытта халық арасында кереғар екі ұғым бар. Бірі – қазіргі жастар кітап оқымайды десе, енді бірі – кітап оқу сол күйінде дейді. Шамасы, кітап оқу бұрынғысынша дейтін жандар бірді-екілі кітап оқитынды көріп, «бұрынғы үрдіс сол қалпында» деп қателесіп жүрсе керек. Меніңше, кітап оқу дәл біздің кезіміздегідей деңгейде емес. Сөзіміз дәлелді болу үшін елу-алпыс жылға шегініс жасайық. Мен өткен ғасырдың 1958 жылы қазіргі Сәкен Сейфуллин ауылындағы №137 мектептің 1 сыныбына бардым. Маған алғашында кітапханашы кітап берген жоқ. Жыларман болып, жалынып тұрып алдым. Бір кезде бір кітапты беріп, мынаны оқып көрші деді. Судыратып оқып бердім. Сәл ойланып отырды да, бір кітапты жазып берді. Кітаптың аты әлі есімде. Қолымдағы кітап – «Бөрік киген түлкі». Содан бері алпыс жылдан аса уақыт өтіпті. Әлі күнге кітапты үзбей оқып келе жатырмын. Алғаш танысқан адамым Нұртай Мыңбаев болатын.Қыс мезгілі болса, үстіне пальтосын жамылып, әлдебір қағазын жазып отырады. Асықпай, жай сөйлейтін, жүзінен мейірім төгіліп тұратын. Осы қараторы мұртты кісі ауылдың үлкен кісілерінің әлі есінде шығар. Сонымен мен кітапхананың тұрақты оқырмандарының біріне айналдым. Кітапханаға келетін оқырмандар көп. Кейбір кездері жаңа кітап келеді, соның ішінде бір кітаптың 2-3 данасы болады. Міне, дәл сол кітап саған тимей қалуы мүмкін. Ондай кезде сол кітаптың оралуын күтіп жүресің. Сөйтіп, әлгі кітапты ақыры алып оқисың. Бұл сол кездің жастарының кітапқа деген құмарлығын білдірсе керек. Өзі шағын екі бөлме, бірінде кітап қоры жиналған. Екіншісінде кітапханашының өзі отырады. Ішінде оқырмандар симай, ығы-жығы боп жатады. Бертін келе балаларды баурап алатын «Том Сойердің басынан кешкендері», «Робинзон Крузо», «Гуливердің саяхаттары», «Он бес жасар капитан», «Қазына аралы» деген кітапты оқи бастадық. Бұларды аударған жандар бізге үлкен сый жасады. Барлық кітапқа таласып қалушы едік.
Одан бері қаншама уақыт өтті. Әлемде қаншама туынды дүниеге келді. Оларды аударып, оқырмандарды қызықтыратын азаматтар қайда жүр? Біздің буын М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Б.Майлин, С.Сейфуллин, Б.Момышұлының, Б.Соқпақбаевтың кітабын бастарына жастана жатып оқыды. Қашан барсаң да оқырман балалардың кітап алып, мәз-мәйрам болып қайтып бара жататыны есіме түскенде, қазіргі жастың немқұрайлығы адамды қынжылтады. Әрине, оған себеп те жоқ емес. Ол – смартфон. Заманына қарай шыққан бұл жетістікке қуанамыз. Дегенмен, енді осы мақаланың жазылуына түрткі болған басты кейіпкерімізге оралайық. Нұртай ақсақал ағайынды үш кісінің ең кішісі. Үлкен ағасы – Тоқсейіт, одан кейінгі ағасы – Әзиз. Ал Нұрекеңнің өзі 1910 жылы дүниеге келген. Осы Әзиз ағасы орман шаруашылығы институтын бітіріп, Шымкент облысының Түлкібас ауданында өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Өз жұмысын адал, ұқыпты атқарған. Ол аудандық атқару комитетінің төрағалығына дейін көтеріледі. Осы кезде інісі Нұртайды қасына алдыртады. Нұртай да құралақан емес, сауаты бар, педучилище бітірген азамат болатын. Сөйтіп, ағайынды екеуі бірі мұғалім, бірі атқару комитетінің төрағасы болып қызмет етті. Міне осы кезде адамзат тарихындағы сұрапыл соғыстың бірі – Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Нұртай ақсақалдың денсаулығы соғысқа жарамады. Әзиз соғысқа аттанатын болды.
– Сен елге қайт, – деді Әзиз ағасы, – Ағайынның арасында болып, бас-көз бол.
Аға лейтенант шеніндегі ол взвод командирі болатын. Еліміздің мыңдаған батыры сияқты ол да елге оралмады. Ал, Нұртай сол жерде өмірлік жары Айттықызды жолықтырды. Нұртай елге келгеннен кейін отыз жылға жуық кітапханашы болып жұмыс істеді. Айттықыз болса дүкенде сатушы. Екеуі Орал, Жұпар, Сайлау, Алтын, Анар есімді перзент сүйді. Олар қазіргі уақытта елге белгілі жандар атанды. Ұлы – Сайлау ұзақ жыл бойы совхозда механик болып жұмыс жасады. Қазір – зейнетте. Қызы Алтын –үлгілі ұстаз, зейнетке шықса да әлі күнге дейін қоғамдық жұмысқа белсене араласып жүрген ардақты жан. Нұртай ақсақалдың екі ағасының да ұрпағы бар. Олар еліміздің әр түкпірінде жарқын өмір сүруде. Нұрекең оқырманнан кітаптың мазмұнын сұрайтын. Біздің дұрыс, жақсы азамат болып қалыптасуымызға ықпалын тигізген екен. Міне, осындай тамаша адамның осы қасиетін айта кетуді өзімнің адами парызым деп білдім.
Енді бүгінгі күнге ойыссақ. Бұл мақаланың басты мақсатының бірі – қазіргі кез бен сол кездің жастарының көзқарасы мен дүниетанымын салыстырып қарау еді. Әрі жұмыстың қалай атқарылатыны болатын. Одан азды-көпті хабардар болдық. Қазір ше? Қазір тіпті жақсы! Менің аудан орталығындағы кітапхана оқырманы болғаныма алты жыл уақыт болды. Кітап көп. Қазақша оқисың ба, орысша оқисың ба, ал да оқи бер. Оның үстіне кітапхананың «Руханият орталығына» көшкенін қосыңыз. Ғимарат ішіндегі оқу залы үлкен, оқитын кітап та, газет те, журнал да осы жерде. Түрлі бағытта іс-шара, кездесу өтіп тұрады. Мұның барлығы жастарды кітап оқуға қызығушылығын туғызуға септігін тигізеді деп ойлаймын. Мұнда келсеңіз сізді Раушан Құлмақанова, Сайра Сейтен, Гүлдана Әбенова, Жанар Оразымбетова секілді кітапханашылар, тағы да басқа да қызметкер құшақ жая қарсы алады. Сұраған кітабыңызды тауып береді. Олардың осындай адал қызметтеріне мың да бір алғыс айтамыз! Сөзімнің соңында барлық жастарды, барлық замандастырымды кітап оқуға шақырамын. Кітап оқиық, ағайын!
Бахтияр Мырзаш,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі










