Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектептегі кітап бұрышы

Мектептегі кітап бұрышы

Қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезовтің орыстардың арасында бі­лім алып жүрген кезі болса керек. Білім қабырғасында ұзын-сонар түрлі кітаптар тізімі жазылған тақтайша алдында қойын дәптеріне екі ғана кітаптың атын жазып алыпты. Мұны байқаған жанындағылар неге екі ғана кітапты таңдағанын сұрағанда М.Әуезов қалған кітаптарды оқып қой­ғанын айтыпты. Міне, сол көп оқы­ғанының арқасында ол дана Абайды әлемге танытқан көрнекті жазушы, ғұлама ғалым атанды.

Иә, бұдан бұрынғы қоғамда көшеде том-том кітап ұстап, демалыс орындарында кітап оқып отыратындар көп еді дейді көзкөргендер. Бүгінде ол заманның ауылы алыстағандай. Қазір көшеден том-том ұстағандарды емес, телефонға телміргендерді ғана көруге болады. Бұл да заман ағымы болар. Десе де, ақпараттық қоғам қанша дамығанымен барлық білімнің бас­тауы – кітап екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Осы
кітап адамның білім көкжиегін ашады, тылсым дүниемен таныстырады, биіктерге жетелейді.

Арагідік «Жастар кітап оқиды ма?» деген сауалдарда қойы­лып қалады. «Қалауын тапса, қар жанады» демекші, оларды қызықтыра білсе, кітап оқымайтын жастар болмайды. Мұның дәлелін ауданға қарасты Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектептен көрдік.

Өткен жылы аталған білім ордасында «Кітап, мектеп, оқырман – рухани үштаған» тақырыбында аудандық семинар ұйымдастырылған. Осы семинар барысында «Bookcrossing» жобасы таныстырылыпты.

– Бұл жоба Назарбаев зиякерлік меткептерінде қалыптасқан. Қазақша «Кітап айналымы» деген мағына береді. Яғни, осындай бұрыш жасақталып, әркім өзі оқыған кітапты осы жерге қояды. Келесі оқырман кітапты алып, оқып болған соң қайта орнына әкеледі. Сол арқылы мектеп оқушылар қызықты шығармалармен танысады. Бұл – қызықты әрі пайдасы зор жоба. Осының таныс­тырылымы Республика күні ұйымдастырылды. Бұған «Құрмет белгісі» орненінің иегері Алданберген Құлбаев демеушілік жасады. Қазір мұның тиімділігін мектеп оқушылары көруде, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орын­басары Самат Жұмаділ.

Қазіргі таңда мектептегі кітап бұрышында М.Әуезовтың «Абай жолы», С.Мұқановтың «Ұлпан», Б.Момышұлының «Ұш­қан ұя» және басқа да кітаптар тұр. Шынында, мұндай жобалар барлық мектепте болса, жастардың кітап оқуға деген ынтасы артатыны сөзсіз.
Е.БЕРКІНБАЕВ
03 маусым 2023 ж. 604 0