Денсаулық сақтау саласы жүйелі даму үстінде
Қызылорда облысының аумағында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 6 жоба сәтті жүзеге асырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов мәлімдеді.«Ұлттық жоба аясында Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы көпбейінді аудандық ауруханаларда қосымша құрылыстар жүргізіліп, Шиелі мен Арал аудандарында жұқпалы аурулар бөлімшелерінің жаңа ғимараттары пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Жаңақорған және Арал аудандарында «Қамқорлық» балаларды оңалту орталықтары ашылды. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы жанынан «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығы іске қосылып, ерекше күтімді қажет ететін балаларға көрсетілетін қызмет сапасы айтарлықтай артты. Облыс орталығында да ірі медициналық нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бір ауысымда 100 келушіні қабылдайтын емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жоспарға сай жүзеге асуда. Былтыр денсаулық сақтау саласында 12 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, - деді Данияр Еренғалиұлы.
Алдағы кезеңге арналған жобалар да назардан тыс қалмады. Қызылорда қаласының Сырдария өзенінің сол жағалауында 500 келушіге арналған қалалық емхана, ауысымына 400 келушіге арналған №5 қалалық емхана және Арал қаласында ауысымына 250 келушіге арналған емхана құрылыстарының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жақын уақытта аталған нысандардың құрылысы басталмақ.
«Қызылорда қаласында 200 төсек-орынға арналған перинаталдық орталық салу үшін типтік жобаны қайта қолдану арқылы демеушілер есебінен жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Өңірдің денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы үш жылда медициналық мекемелерге қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, 2025 жылы МРТ, КТ, маммограф және рентген аппараттары орнатылды. Нәтижесінде медициналық құрал-жабдықтармен қамтылу деңгейі 2022 жылғы 83,2 пайыздан 90,2 пайызға дейін өсті. Бұл көрсеткіш республикалық деңгейден де жоғары», - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі











