Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Күләш Ахметова өлеңдері

Күләш Ахметова өлеңдері

Қалалар мен адамдар

Ой келеді жауған кезде жаңа қар,
Жаның қалай тебіренбей қала алар?
Соққан боран, жауған қарға қарамай,
Салады адам жаңа-жаңа қалалар.
Жылдар өтсе,
Алынады жаңа асу,
Бірін алсаң,
Алдан шығар жаңасы.
Бірте-бірте келе жатыр жақындап
Қалалар мен қалалардың арасы.
Жылдар өтіп,
Жаңаруда бар асу,
Бірін алсаң,
Алдан шығар жаңасы.
Бірте-бірте бара жатыр алыстап
Адамдар мен адамдардың арасы.
Ғасыр – жылдам,
Түрлі-түрлі қатерден
Сескенесің.
Бейхабарсың қатеңнен.
Қатыспауы қаттылық қой адамдар
Қатар тұрған пәтер менен пәтерден.
Өтер кетер қилы-қилы замандар
Аударылар түрлі-түрлі календарь.
Әрқайсысы планета сияқты
Ай мен жерге көпір салған адамдар.
Сыр сұрасам,
Тіл қатпайды бақтар түк,
Жалғыздардың, жан жарасы
жатты артып.
Мұңым бар-ды,
Жарам бар-ды,
Түсінбей,
Кетті менің бір жақыным жат тартып.
Сәулетті зал.
Қатар отыр қанша адам.
Ойдан,
Сөзден,
Қақтығыстан
Шаршаған.
Атын айтпай жыр жазады ақын да
Ғашығына, сүйген, сенген,
Аңсаған.
Құлпырғанда қызыл гүлін жая қыр,
Құлыптанба, адам,
Өзіңді өзің ая бір.
Ең бір ұлы құдіретті сезімдер
Қалай ғана таба қоймақ саябыр?
Оятатын ізгі ойларды – асылды,
Мейірімді етер кәрі менен жасыңды.
Машиналар табар ма екен ендігі
Жиырма жылы жиырмасыншы ғасырдың.
Ақынына дүние бір сәт қарасын,
Ақыл, сезім бірлігінде – жарасым.
Өлеңімді ұшырамын қоссын деп,
Сүйгендер мен сүйгендердің арасын.
Сәтсіздікке іздеуші едім қашан да ем,
Жер шарының тұрғындары, осы әнмен
Қолдарыңмен қолдарыңды ұстатып,
Жолдарың мен жолдарыңды қосам мен.
Көңілімде бір үміт, бір нала бар,
Гүлін жайып келе жатыр қалалар.
Есейгенде кетпесе екен жат болып,
Қалаларда бірге ойнаған балалар.

Жазылған жырлар


Жазылған жырлар! Жанымның
құйттай құстары,
Жайлап жүрсіңдер тірліктің
қайсы тұстарын?
Сендерді көріп сүйсініп жүр ме
достарым,
Таңырқап жүр ме, табалап жүр ме
дұшпаным?
Ұшырып ем ғой, шартараптарға
барсын деп,
Сендерден біреу керегін тауып
алсын деп.
Ғимараттардың басына емес, өмірге
Ғашық жандардың кеуделеріне
ұя салсын деп.
Құйттай құстарым, жаныммен
жіпсіз жалғасқан,
Сау жүрсіңдер ме ақ қанаттарың
талмастан?
Қалған жоқсыңдар ма
қалтарыстарда елеусіз
Ғажап саздарды тыңдаған
кезде таңғы аспан?
Қона алдыңдар ма
махаббатардың бағына,
Төге алдыңдар ма сағыныш
толы лағыл ән?
Жанымның даусы сендерге еді
аманат,
Жеткізе алмасаңдар не қылам?
Соны ойлап жиі қамығам.
Құйттай құстарым!
Көмейлеріңде жыр-ән бар,
Жолдарың ауыр, арымай,
талмай шыдаңдар.
Құйттай құстарым, құласаңдар да,
өтінем,
Адамдардың тек жүрегіне
жетіп құлаңдар!
Өмір-тағдыр, не деген тартыс еді!
Көндіреді заңы мен салты сені.
Қызық күндер орнына
қиындық кеп,
Қызыл гулдер орнына қар түседі.
Балалық шақ дегенің ертегі екен,
Ендігісін қалайша көркем етем?
Жақындарым айтпаған сөздерді айтып,
Өзімді-өзім анам боп еркелетем.
Бәрін Тәңір бере ме сұрағанға,
Арман болмай тұра ма бұл адамда?
Өзіме-өзім қиналсам қайрат беріп,
Өзімді-өзім жұбаттым жылағанда.
Артық емес мен үшін алтын ардан,
Өмір - қымбат, шықпайсың бар
құмардан.
Бақытым жоқ менің де басқалардан
Тартып алған немесе артық алған.
Өзіме-өзім сүйенем, о, расында,
Өзіме-өзім жол салдым борасында.
Өзіме-өзім жете алмай отырамын
ЬІдыстар мен дыбыстар арасында.



Ақын әйел

Р.Казаковаға


Басқа әйелде басқа арман,
басқа мұрсат,
Отырады асықпай әңгіме айтып.
Ал мен үшін әрбір күн – қас-қағым сәт,
Еркіндікке енбеймін енді қайтып.
Бар бейнеті ақынның жүр ме өтеліп,
Гүлдей нәзік көңілімді кім ескерген.
Бір жеңіліс, бір жеңіс, бір қателік...
Қажыдым бұл қарусыз күрестерден.
Күтусіз деу сәбилер, гүлдерім де,
Әйел үшін ақындық – ерек сынақ.
Өз ісімді үлгермей жүргенімде
Хат жазады көбісі көмек сұрап.
Уақыттағы мазасыз әр мағына
Уайым боп жетеді қазір маған.
Білем маған ешкімнің арманына
Қөңіл бөлмей отыру жазылмаған?
Іс табамын қиналып бұлай үнсіз,–
Аяғаннан әзірше сыр ұқпай ел?
Мен де одан да болмадым уайымсыз,
Парықсыздау, әдемі, қылықты әйел.
Көп күрсініп отырам не түндерде,
Қуаныштың алыстап әні керім.
Ойға оралып жалғыздар, жетімдер де,
Тынышымды алады бәрі менің!
Қабағымды қандай күш ашар мына,
Жақсы кештің керген жоқ
шәрбаты ұнап.
Жүргендеймін әйелдің басы орнына
Кішірейген жер шарын орнатып ап.
Тәтті ұйқыға жібермей дауылдай түн,
Өлең іздеп отырам бұрышта ана.
Әлемдегі өмірмен ауырмайтын
Жандар ұйықтап жатыр-ау тыныш қана.
Отырғанда мазасыз ғашықтай тым
Мазасыздық сәт сайын жанымда үдей,
Жиын-тойдан қайтуға асықпайтын
Әйел болғың келеді кәдімгідей.
Кәдімгідей жақсы әйел болу қиын.
Жыр іздейді жүрегім, қолым, миым.
Қыс па, жаз ба, білмейміноның күйін,
Ауа райы мен үшін – көңіл күйің.
Қайда жастық – қызығы мол шақтарым,
Көкжиегім барады көлемденіп.
Төгілді де бадана моншақтарым,
Әлдиледі қайтадан өлең келіп.
Қасиеті өнердің жебесінде,
Еркіндіктен не пайда мен аңсаған?
Қалдырарсың атымды ел есінде,
Рақмет сол үшін, өлең саған!
31 қаңтар 2026 ж. 67 0