Абайсызда адам өліміне әкелген жол көлік оқиғасы
Іс құжаттарына сәйкес, сотталушы Е. автокөлігін «KAZ-06 Қарабұтақ-Қызылорда-Шымкент» тас жолымен басқарып келе жатып, жолдың қарсы жүру бөлігіне шыққан сәтінде қарама қарсы бағытта өз жолымен келе жатқан көлік құралымен соқтығысып, нәтижесінде жүргізуші мен жолаушылары дене жарақаттарын алған, жолаушы азаматша А., алған дене жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Жәбірленуші Ә. қайтыс болған А.-ның ұлы болып келетінін, өзі жол-көлік оқиғасын көрмегенін, оны кейін естігенін, сотталушыға кешірім бермейтіндерін, себебі ол бұған дейін де жол жүру ережелерін өрескел бұзғанын және одан тиісті нәтиже шығармағанын көрсетіп, азаматтық талабын толық қолдап, сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы тағылған айыпты мойындап, жол көлік оқиғасы абайсызда болғанын, жасаған іс-әрекеті үшін өкініп, марқұмның туыстарынан кешірім сұрады.
Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, қылмысқа дейінгі теріс мінез құлқы, жәбірленушінің ұстанымы ескеріліп 5 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Азаматтық талап қоюшы Ә.-ның азаматтық талап қоюының моральдық зиянды өтеу бөлігі ішінара қанағаттандырылып жауапкер Е.-ден 7 000 000 теңге моральдық зиянның өтемі өндірілді.
Сырдария аудандық соты










