«Адал бала»: сенімді болашаққа жол
Ұрпақ тәрбиесі қай кезеңде де маңызды. Ұлт болашағы бүгінгі жас ұрпақтың білімді, тәртіпті болуымен ұштасып жатқаны белгілі. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша №36 мектеп-лицей акт залында кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынға аудан прокуроры Абай Әлімбаев, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Қасымхан Асанұлы, аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева, мектеп директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар, психологтар мен сынып жетекшілер, оқушылар мен ата-аналар қатысты. Келелі басқосуды аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып жүргізіп отырды.– Өскелең ұрпаққа сапалы біліммен қатар тағылымды тәрбие беру, құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне байланысты кеңейтілген мәжіліс бұған дейін де өткенін білесіздер. Бүгін аудан прокуроры Абай Мұхтарұлының бастамасымен бас қосып отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы әзірленіп, барлық білім беру ұйымына енгізілді. Бүгінде бағдарлама «Заң мен тәртіп», «Еңбек адамы», «Таза Қазақстан» ұстанымдары аясына топтастырылды. Бұл – ұрпақ тәрбиесін жоғары қоятын еліміз үшін ең басты құндылықтар. Сондықтан біз бала тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарауымыз керек, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы.
Айта кетейік, облыстық прокуратураның бастамасымен, облыс әкімдігінің қолдауымен білім беру ұйымдарында «AdalBala» цифрлық білім беру порталы іске қосылып, жұмысын жандандыруда. Бұл – ауданда профилактикалық шараларды кеңінен жүргізуге септігін тигізуде.
– Аталған платформа Президенттің «Заң және тәртіп» қағидатын және «Адал азамат» тәрбие бағдарламасын іске асыруға бағытталған. Оның басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдерге өз құқықтарын білуге, қауіпсіз өмір сүруге, дұрыс әрі саналы шешім қабылдауға көмектесу. «AdalBala» платформасында балалар мен ата-аналарға арналған құқықтық, қаржылық, цифрлық және әлеуметтік тақырыптар қамтылған. Мұнда әр жастағы оқушыларға лайықталған қысқа тәрбиелік сабақтар, бейнематериалдар және тест тапсырмалары бар. Платформаның маңызды мүмкіндіктерінің бірі – «SOS» жедел хабарлама батырмасы. Егер бала қиын жағдайға тап болса, қорлық көрсе, қысымға ұшыраса немесе өзін қауіпсіз сезінбесе, осы батырма арқылы көмек сұрай алады. Бұл хабарламалар жауапты тұлғаларға бірден жетіп, жағдайды дер кезінде анықтауға және тиісті көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл – әр балаға «сен жалғыз емессің» деген нақты қолдаудың көрінісі. «AdalBala» платформасы – баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оның құқықтық санасын қалыптастыруға және ата-ана, мектеп, мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған маңызды профилактикалық жоба болып табылады, – деген Абай Мұхтарұлы платформаның функцияларына тоқталып өтті.
Платформада оқыту мазмұны оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай бөлінген. Мысалы, бастауыш сынып оқушыларына – өз құқықтарын түсіну, қауіпсіз мінез-құлық, орта буынға – жауапкершілік, интернеттегі қауіптер, қаржылық сауаттылық, жоғары сынып оқушыларына – заң алдындағы жауаптылық, киберқауіпсіздік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет және тәуелділіктердің алдын алу мәселелері түсіндіріледі. Платформаны пайдалану нәтижесінде балалар заңға құрметпен қарауды, өз әрекетіне жауап беруді, буллинг пен зорлық-зомбылыққа қарсы тұруды, интернеттегі қауіптерден қорғануды үйренеді. Ата-ана үшін бұл – баласының қауіпсіздігі мен дамуын бақылауға және қажетті жағдайда дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік беретін тиімді құрал.
Жиын барысында аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Қасымхан Асанұлы жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтарға тоқталып өтті. Тиісті жұмыстар атқарылып жатқанына қарамастан беймезгіл уақытта оқушылардың көшеде жүру немесе көлік айдау оқиғалары әлі де кездесіп тұрғанын айтып, ата-аналарға қадағалау қажеттігін ескертті. Ал аудан көлемінде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскері Сұлтан Үсенов баяндады. Өз кезегінде білім саласының ардагері Ұлмекен Шанайқызы тәрбиенің бастауы ата-ана – мұғалім – оқушы үштігі арасында жүргенде ғана нәтижелі болатынын айтып өтті. Ата-аналар атынан №147 орта мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы Серікжан Жүнісбаев жүйелі сөз, оңтайлы пікір білдірді. Сондай-ақ №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейі ата-аналар комитетінің мүшесі Талғат Сандыбайұлы маңызды мәселелерді тарқатты.
Айта кетейік, жиын соңында бірқатар азамат марапатталды. Сонымен қатар жауапты тұлғаларға тапсырма берілді.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ











